• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Аймақтар 14 Тамыз, 2021

Алматыда өрт шығып, 13 отбасы баспанасыз қалды

361 рет
көрсетілді

Алматы қалалық Төтенше жағдай департаментінің мәліметінше, 13 тамызда түнгі сағат 02: 58-де «101» пультіне Жетісу ауданы, Ақтолқын көшесі №12 үйдің жанып жатқаны туралы хабарлама келіп түсті. Бұл туралы ведомстваның баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Egemen.kz.

 «ТЖД күштері мен құралдары жоғары дәрежедегі шақырту бойынша жіберілді. Белгіленген нормативтік уақыт бойынша (8 минутта) оқиға орнына жеткенде, 2-қабатты тұрғын үйдің жалпы ауданы 300 шаршы метр ашық жалынмен жанып жатқанын анықтаған. Өрттің тез таралуына 1943 жылы салынған ғимараттың ағаш құрылымы (ағаш қалқалар, ағаш төбе жабындылары) ықпал етті. Тұрған үйдің барлық қабаттарында қою түтіннен эвакуация жолдары жабылып, тұрғындардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнді», деп хабарлады ведомстваның баспасөз қызметі.

Өрттің шығу себебін тексеру Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың жеке бақылауында.

«13 отбасы баспанасыз қалды, оның жетеуі туыстарының үйлерінде. Алты отбасының 23 мүшесі уақытша қонақүйлерге орналастырылған. Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша оларға барлық қажетті көмек көрсетіліп жатыр, оның ішінде гигиена бұйымдары мен тағам бар. Мектеп жасындағы балаларға оқу жылына дайындалуға көмек көрсетіледі», деп хабарлады әкімдіктен.

Өрттің шығу себептері анықталып, комиссия қорытындысы шыққан соң тұрғындарының баспана мәселесі бойынша шешім қабылданатын болады.