Елорда тұрғындары мен қонақтары үшін тағы бір тартылыс нүктесі ашылмақ. Салынып жатқан мешіттің айналасынан таза ауада уақыт өткізу үшін қолайлы орын — үлкен саябақ ашылады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов өзінің Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қала басшысының сөзінше, саябақ Мәңгілік ел, Қабанбай батыр даңғылдары мен Сауран, Хусейн бен Талал көшелерінің бойында орналасады. Саябақтың орталық аллеясында ұзындығы 300 метр субұрқақ болады, оның ішінде шағын архитектуралық мүсіндер, көлеңкелі шатырлар орналасады.
«Жылдан жылға бұл аумақты көгалдандырамыз. Қалада өзіндік «жасыл аралдар» құру өте маңызды. Сондай-ақ, өз тарапымыздан инженерлік желілер мен коммуникацияларды тарту жұмысын жүргіземіз», деп жазды қала басшысы.
Алтай Көлгінов салынып жатқан мешіттің көлемі туралы да айтты.
«Мешітке келер болсақ, бұл — еліміз бен Орталық Азиядағы ең үлкен мешіт. Негізгі күмбездің биіктігі шамамен 90 метр, ал мұнаралар 130 метр биіктікке көтеріледі. Мешіттің сыйымдылығы — 30 мың адам. Мешіт Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша демеушілік қаражат есебінен салынып жатыр», деді Нұр-Сұлтан қаласының әкімі.