Атырауда балаларды спортқа тарту үшін қосымша 315 секция ашу көзделіп отыр, деп жазады Egemen.kz.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ринат Ибрагимовтың мәліметіне сүйенсек, спорттық мекемелерде тұрақты шұғылданушы жасөспірімдердің үлесі мектеп жасындағы балалар санының 16,5 пайызын құрайды. Жыл аяғына дейін балаларға арналған тегін 315 қосымша секция ашып, шұғылданушылар санын 6500-ге жеткізу жоспарланған.
«Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, «Қазақстан – спорттық ұлт» жобасы аясында 35 іс-шара, оның ішінде таеквондо, бокс пен кикбоксингтен республикалық чемпионаты, жекпе-жектен батыс аймақтық кубогі, кәсіпқойлар арасында MFC халықаралық турнирі өтті. Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында спорт клубтарының қаржысын оңтайландыру, балалар мен жасөспірімдер спортына ерекше көңіл бөлуді тапсырған еді. Осыған байланысты кәсіби клубтар қаржысы қысқартылып, қосымша 1000 бала секцияларға тартылды» дейді Ринат Ибрагимов.
Оның айтуынша, жыл басынан бері облыс спортшылары ел чемпионаттарынан 550 медаль иеленген. Сондай-ақ, 1 спортшы әлем чемпионатынан, 7 спортшы Азия чемпионатынан, 7 спортшы әлем кубогінен, 81 спортшы халықаралық турнирлерден жеңімпаз немесе жүлдегер болып оралған. Командалық спорт түрлерінен атыраулық баскетболшылар ел чемпионатының күміс, стритбол командасы алтын, волейболдан жастар командасы, су добы және «Нарын» ересектер командасы қола жүлдені иеленген.
«Маман тапшылығы мәселесін шешу мақсатында бірқатар жұмыс атқарылды. Соңғы үш жылда «Дене шынықтыру және спорт» мамандығына бөлінген облыс әкімі гранттарының алғашқы түлектері 2022 жылы спорт мекемелеріне келіп, тұрақты жұмысқа орналасады» дейді Ринат Ибрагимов.