• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Коронавирус 15 Тамыз, 2021

«Қызыл аймақтың» қызықтары

372 рет
көрсетілді

Қостанай облысында мейрамханаларға түнгі 2.00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат етілді. Ал қоғамдық көліктер демалыс күндері де жүре беретін болды. Өңірдің эпидемиялық ахуалы әлі де мәз емес, жедел штабтың мәліметіне сүйенсек, соңғы тәуліктің ішінде аймақта COVID-19 жұқтырған 264 науқас анықталып отыр. Соған қарамастан, облыстың бас санитарлық дәрігерінің орынбасары Владимир Нечитайло бұрынғы қаулыға карантин талаптарын жеңілдету туралы бірқатар өзгерту енгізді. Бұл өзгерістер пандемия басталғалы кәсібі тұралап қалған бизнес нысандардың қайта жандануына жол ашып отыр.

Ashyq орнатқандарға шектеу болмайды

Сонымен, 12 тамыздан бастап Ashyq қосымшасын қолданатын қо­ғам­дық тамақтану орындарына күн сайын таңғы 7.00-ден түнгі 2.00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат бе­рілді. Қостанайлықтарды қуант­қан тағы бір жағымды жаңалық, де­малыс күндері қоғамдық кө­ліктер тоқтамайды. Халыққа қыз­­мет көрсету орталықтары мен «Қаз­пошта» бөлімшелері де шек­теу­сіз жұмыс істейді.

Ashyq жобасына қатысатын ашық базарлар сенбі, жексенбі күндері сағат 10.00-ден 17.00-ге дейін ашық тұрады. Ashyq-ы бар бассейн, сауна, термопарк және фитнес-орталықтары қа­лып­­ты кесте бойынша жұмыс іс­­тейді, алайда аквапарктерге тұр­­­ғындарды қабылдауға тыйым са­лынған.

Сондай-ақ сауда орталықтары да Ashyq қосымшасын пайда­лан­­ған жағдайда күнұзақ қа­лып­ты кесте бойынша жұмыс істей береді. Мұндай жеңілдік ойын-сауық орындарына да бе­рі­ліп отыр. Басты шарт – бәрі Ashyq қосымшасы арқылы келу­ші­лердің мәртебесін тексеріп отыруы керек. Мәселен, Ashyq орнатқан боулинг-клуб, караоке, бильярд залдары сағат 12.00-ден түн жарымға дейін жұмыс істей алады.

Алайда бизнес-нысандардың көп­шілігіне беріліп жатқан мүм­кіндіктен азық-түлікке жатпай­тын тауарлар саудасымен айналысатын шағын дүкендер қағылып қалып отыр. Олар бұ­рын­ғыша 18.00-ге дейін ғана жұ­мыс істей алады.

Жалған құжат жарға жықты

Ashyq-тан қашып құтыла алмай­сың. Мұны Қостанай әуежайында жалған ПТР-тест нәтижесін көр­сеткен Лисаков қаласының тұр­ғыны дәлелдеп берді. 61 жастағы тұрғын Мысырға ұшпақ болған. Оның COVID-19-ға тапсырған тест нәтижесінің жалған екені әуе­жайға орнатылған Ashyq қо­сымшасы арқылы анықталып отыр.

Қазір Лисаков қаласының тұрғынына қатысты Қылмыстық кодекстің 385-бабында көрсе­тіл­ген «Жалған құжаттарды, мөр­та­бандарды, мөрлерді, блан­кі­лерді, мемлекеттік пошта төлемі белгілерін, мемлекеттік наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткізу» бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары жүріп жатыр.

Сонымен қатар таяуда әлеу­меттік желіде вакциналау пас­портын сатамын деген хабарлама қалдырып, сатып алушы ақ­шасын аударған соң, ұялы теле­фонын сөндіріп тастап отыр­ған Қостанай қаласының 36 жастағы тұрғыны ұсталды. По­лицияның мәліметінше, қазір алаяққа қатысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстары аяқталып, іс сотқа жіберілді.

Мектепте вакцина қабылдауға болады

Қостанай облысындағы се­­гіз мектепте індетке қарсы вак­­цина егетін қосымша пункт­­­­­тер ашылды. Олар тамыздың 23-іне дейін жұмыс істейді. Қостанайдағы №16, 17, 21, 25, 27, 29 мектептер мен қаланың іргесіндегі Дружба ауылында орналасқан білім ошағында вакцина қабылдағандар үшін термопаркке 150 абонемент тосынсый ойнатылады.

Тосынсый демекші, бұған дейін вакцина қабылдаған он шақ­ты қостанайлық тамыз айы­ның басында су жаңа iРhone 12 ұтып алған еді. Жеңімпаздарды облыстық денсаулық сақтау бас­қармасы автоматты таңдау жүйесі арқылы анықтаған. Енді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов 1 та­мыздан қазан айына дейін екпе алған тұрғындардың су жаңа жеңіл көлік ұтып алуға мүм­­кіндіктері бар екенін айтып отыр. Ал осы су жаңа көлікті шы­ғаратын «Сарыарқаавтопром» серіктестігі індетке қарсы вакцина қабылдаған жұмысшыларын «Сосновый бор» шипажайына демалысқа жіберіп жатыр.

Қостанай облысы