• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Аймақтар 16 Тамыз, 2021

Baqytty bala –2021 байқауының үздіктері анықталды

495 рет
көрсетілді

Ақтөбеде өткен Baqytty Bala-2021 балалар вокалдық фестиваль- байқауында әлемнің жеті мемлекетінен 10-16 жас аралығындағы 20 жасөспірім сайысқа түсті. Фестиваль қорытындысы бойынша биылғы жылдың ең үздік әншісі атағын Тараз қаласынан келген жас өнерпаз Айлун Заушева иеленді.

 Әділқазылар алқасы  жүлде қоры – 1 млн теңгеге бағаланған Гран-Приді тамаша дауысты Айлунға беруге бірауыз­дан шешім қабылдады. Бірінші орынды  Нұр-Сұлтан қаласынан келген жас өнерпаз Әдел Күнәділова мен бол­га­риялық 15 жастағы жас әнші  Елизабет Сахариева иеленді. Олардың әрқай­сы­сына 500 мың теңгеден табысталды.  Қазылар алқасы  Ақтаудан келген жас өнерпаз Армен  Саакян  мен ресейлік Милана Понамаренконы екінші орынға лайық деп танып, олардың әрқайсысына  350 мың теңгеден  жүлде табыстады.

Үшінші орынды  Нұр-Сұлтан қала­сы­нан келген жас вокалшы Камила Ғазизқызы, Есет  Әлжан  және әзербай­жан­дық жас әнші  Искандер Гасанзаде иеленді. Осы санаттағы жүлде қоры – 250 мың теңгеден бағаланған.  Панде­мия­ға қарамастан, Ақтөбеде өтетін ха­лық­аралық жас таланттар байқауына қатысу үшін жүректері лүпілдеп келген балалардың ешбірі құр кеткен жоқ.  Қала­дағы «Өнер орталығы» сахнасында ән айтып,  вокалдық шеберліктерін көрсеткендерге жүлделі орындардан өзге бірнеше  ынталандыру сыйлықтары тағайындалған болатын.

Фестивальды ұйымдастыруға атса­лыс­қан Димаш Құдайбергеннің арнайы сыйлығы  Нұр-Сұлтан қаласынан келген  Әдел Күнәділоваға табысталды. Әдел  енді  Димаш Құдайбергеннің  шетелде өтетін концерттерінің біріне қатысып қана қоймай, үлкен сахнада Димашпен бірге ән салмақшы. Ең құрметті сый­лық­қа ие болған 14 жастағы өнерпаз Әдел қуанышын жасыра алмай ерекше шаттанды. Осы сахнада «Димаш» фан-клубының атынан фестивальға қатысуға келген 11 өнерпазға 100 мың теңгеден ақшалай сыйлық табысталды. Олардың арасында Екатеринбургтен келген 14 жастағы Анна Глотова мен қазақстандық  Әлинұр Хамзин бар.

Baqytty Bala-2021 халықаралық фестивалінің қорытынды гала концертіне қатысып, балғын жеңімпаздарды арнайы  құттықтаған облыс әкімі Оңдасын Оразалин былай деді:  «Құрметті жас өнерпаздар! Қазақта «алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы ақсақал сәлем береді» деген жақсы сөз бар. Былтыр пандемия кесірінен өткізе алмасақ та, биыл  жақсы дәстүрді қайта  жалғастыруға ше­шім қабылдадық. Биылғы балалар байқауы ел Тәуелсіздігінің 30 жыл­дығына арналады. Ұлан-ғайыр жердің иесі, бірнеше мыңдаған жыл бойы да­ла­мыздың мәдениетін сақтап қана қоймай, әлемге паш етіп келген көш­пен­ділердің ұрпағы рухани бай мұра­мыз­ды алдағы уақытта да таныстыра береміз. Шетелдерден де  осы балалар фестиваліне қатысуға ынта білдіргендер жыл сайын  артып келеді. Baqytty Bala-2021 ән мерекесі жас таланттар ұстаханасына айналып келеді деп айту­ға толық негіз бар.  Бұл тамаша өнер сайы­сы жас таланттарды ашып келеді.  Бола­шақта сіздердің араларыңыздан әлем­дік танымал фестивальдардың бо­ла­шақ үздіктерін көреміз деп үміт­те­неміз. Осы фестивальды өткізуге бастама көтерген «Димаш Али» студиясы болса, жас таланттар бәйгесін ұйымдастыруға барынша атсалысып жүрген Димаш Құдайбергенді ерекше атап өткім келеді.  ХХ ғасырда қазақ музыка өнерін  ғы­лы­ми айналымға түсіріп, кәсіби музыка саласын жолға қойған Ахмет Жұбанов болса,  ХХІ ғасырдағы қазақтың әншілік әлеуетін дүниежүзіне танытқан – Димаш Құдайберген. Жан-жақтан жиналған балалардың достық мекеніне айналған бұл жобаның үздіктері әлі де көбейері анық. Барлық қатысушыларды шын жүректен құттықтаймыз!».

Фестиваль қорытындысы бойынша Мәдениет және спорт министрлігінің арнаулы сыйлықтары  атыраулық Әмина Құрбанова мен қызылордалық Тимур Тянға  табысталды.  Осы номинация бойынша Әмина  «Астана Опера» студиясында ән жазуға, Тимур Тян бейнебаян түсіру мүмкіндігіне ие болды.  Ақтөбелік  жас әнші Ислам Қыстаубаев Нұр-Сұлтан қаласындағы  дарынды балаларға арналған «Шабыт» мектебіне қабылданатын болды.  Әнші продюсер Ұ.Жолдасовтың авторлық әнін ендігі жерде халықаралық сайыстарда Искандер Гасанзаде орындайды. Сондай-ақ Түркістаннан келген жас өнерпаз  Мейрамбек Шалқарбайға  «Димаш Әли» продюсерлік орталығының саунд­про­дюсері Ерлан Бекчуриннің арнайы сыйлығы табысталды. «Славян базары» фестивалінің бас жүлде иегері Рухия Байдукенованың  100 мың теңге көле­міндегі  ақшалай сыйлығын және «Ха­лық­аралық көкжиек» номинациясын Грециядан келген жас өнерпаз  София Сальвариду мен украиналық Кристина Душутина алды.

Фестивальдың жабылу сәтіне арнал­ған гала-концертте Әйгерім Тілеубек, Димаш Құдайберген, Ержан Максим,  Рухия Байдүкенова, Қарақат Башанова  өнер көрсетті. 

 

Ақтөбе облысы