Қазақстанда Президенттік жастар кадр резервіне кандидаттарды іріктеудің екінші кезеңі басталады, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Президент жанындағы жастар кадр резеврінің ұлттық комиссиясы екінші кезеңді өткізу, резервтерді іріктеу мен оның жоспарын бекітті. Резервтерді іріктеу алдағы 1 қыркүйекте басталады. Соның нәтижесінде мемлекеттік сектор үшін 50 жас резерв таңдап алынады», деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова ОКҚ-де онлайн өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ, агентттік басшысы кандидаттарға қойылатын негізгі талаптармен таныстырды.
«Кандидаттарға қойылатын негізгі талаптар сол бұрынғысынша, Қазақстан Республикасының азаматы болуы тиіс, жасы 35-тен аспауы керек, жоғары білімі бар және еңбек өтілі 5 жылдан кем болмауы қажет. Осы жолғы жастар резевтерінен білім мен дағдыдан бөлек, қоғамдағы мәселелерден хабардар болып, оны шешуге қызығушылық танытуы жоғары бағаланады. Сонымен қатар арнайы тапсырмалар беріліп, кандидаттардың білім-білігі жаңаша бағаланады. Іріктеу кезеңіне Мемлекет басшысы бұған дейін саяси, мемлекеттік қызмет, әкімшілік корпус қызметіне тағайындаған қызметшілер қатыса алмайды. Президенттік жастар кадр резеврінде бұрын болған азаматтардың қатысуына болмайды», дейді ол.
Оның айтуынша, іріктеуден өткендер Президенттік жастар кадр резервінде 3 жылға дейін бола алады.
«Іріктеуден өткен мамандар мемлекеттік қызметке заң аясында сайланып, тағайындалатын болады. Егер кез келген мемлекеттік қызметке жастар кадр резервінде жоқ маманның кандитатурасы келіп тұрса, ол қызметке жастар кадр резервіндегі маманды тағайындау міндетті емес», деді А. Жайылғанова.