ВАШИНГТОН. Ауғанстан халқы мен халықаралық қоғамдастықтың заманауи, қауіпсіз және басқару институттары жұмыс істейтін мемлекет құруға бағытталған жиырма жылғы талпынысын бірнеше айдың ішінде «Талибан» қозғалысы жойып жібергенін көру өте ауыр.
«Талибан» жексенбіде негізгі шабуылын аяқтап, Кабулға жетіп, президент Ашраф Ганиді елден қашуға мәжбүрледі.
Тәлібтер Ауғанстанды іс жүзінде еш талассыз басып алғаннан кейін АҚШ президенті Джо Байденнің АҚШ пен коалиция күштерін елден шығару туралы шешімінің қаншалықты тиімді болғаны туралы сұрақ туындайды. Алайда қанша жерден парадокс көрінгенімен, «Талибан» қозғалысының жылдам әрі жеңіл түрде жеңіске жетуі Байденнің дұрыс шешім қабылдағанын растайды. Оның үстіне, ол кері шешім қабылдамауға тиіс.
Ауғанстанның әскери және басқару – институттарының тиімсіздігі мен құлдырауы АҚШ-тың Кабулдағы үкіметті күшейту әрекеттері елдің өз аяғына тұруға мүмкіндік беретініне күмәнмен қараған Байденнің пікірін қоштайды. Халықаралық қоғамдастық 20 жылға жуық уақытын сарп етіп, мыңдаған адамның өмірін құрбан етіп, триллиондаған долларды Ауғанстанға жақсылық жасауға жұмсады. «Әл-Каиданы» құртуға, «Талибанды» тізе бүктіруге, ауған әскерін қолдауға, кеңес беру, оқыту және жабдықтау, басқару институттарын нығайтуға және елдің азаматтық қоғамына инвестиция салуға талпынды.
Айтарлықтай прогресс жасалды, бірақ жеткіліксіз. «Талибанның» тез ілгерілеуі тіпті жиырмажылдық тұрақты қолдау ауған институттарын құра алмағанын көрсетіп берді.
Мұның басты себебі – миссия әу бастан-ақ қате құрылған. Ауғанстанды орталықтандырылған, біртұтас мемлекетке айналдыруға тырысу ақымақтық болды. Елдегі жер бедерінің қиындығы, этностық күрделілігі, адамдардың рулық және жерге бөлінуі саяси ахуалды тұрақтандыра алған жоқ. Оған қоса көрші мемлекеттердегі тұрақсыздық, сырттан араласуға қарсы өшпенділік шетелдіктердің араласуын қауіпті етті.
Қайда барсаң да құтылмайтын мұндай ахуал Ауғанстанды қазіргі заманғы мемлекетке айналдыруға бағытталған кез келген әрекеттің сәтсіз аяқталуына себеп болады. Байден қол жетпейтін мақсат іздеудегі сәтсіз талпынысты тоқтатып, әскерді шығару туралы қатаң және дұрыс таңдау жасады.
Әскер шығару мәселесінің дұрыстығын мына дерек те қуаттайды. Америка Құрама Штаттары мемлекет құру майданында жеңілсе де, өзінің негізгі стратегиялық мақсатына қол жеткізді. Яғни болашақта Америкаға немесе оның одақтастарына Ауғанстан территориясынан жасалуы ықтимал шабуылдардың алдын алды. АҚШ пен оның серіктестері Ауғанстан мен Пәкістандағы «Әл-Каида» ұйымын жойды. Сол секілді «Ислам мемлекетінің» Ауғанстан бөлігі де жойылды. Осылайша, террористік топ Ауғанстаннан трансұлттық шабуылдар жасау қабілетінен айырылды.
Осы орайда АҚШ бүкіл әлем бойынша терроризммен күресетін, тиісті ақпаратты бөлісетін және террористік шабуылдардан ішкі қорғанысты күшейтетін серіктестердің ғаламдық желісін құрды. АҚШ пен оның одақтастары 2001 жылғы 11 қыркүйектегі шабуылға қарағанда, әлдеқайда негізгі нысанаға айналған. 2005 жылы Лондонда болған жарылыстардан кейін «Әл-Каида» шетелде ірі шабуыл жүзеге асыра алған жоқ.
Әрине, «Талибан» ұйымы «Әл-Каидаға» немесе соған ұқсас топтарға қайтадан қауіпсіз аймақ бермейтініне кепілдік жоқ. Бірақ оқиғаның бұлай өрбуі екіталай. «Талибан» өз бетінше жақсы әрекет етті. Бұдан кейін «Әл-Каида» секілді ұйымдармен серіктестікті жандандыруға себеп жоқ. Сондай-ақ «Талибан» халықаралық заңдылық пен қолдауды иеленгісі келеді. Сондықтан шетелдік державаларға қарсы террорлық шабуыл ұйымдастырғысы келетін топтарға тосқауыл болуы мүмкін. Бұған қоса бұл топтар басқа жақта оңай жиналатындықтан, қайтадан Ауғанстанға ағылу ықтималдылығы шамалы.
Байденнің Ауғанстандағы әскери миссияны тоқтату туралы шешімінде қалғаны дұрыс. Өйткені бұл америкалық сайлаушылардың еркіне сәйкес келеді. Америка жұртшылығының көбі, демократтар мен республикашылар, Таяу Шығыстағы «мәңгілік соғыстарға» қатысты шыдамы таусылды. Дональд Трамптың сайлануына әкелген (және қайта сайлануға жақындатқан) либералды емес популизм америкалықтардың Таяу Шығысқа қатысты ұстанымы өзгергенін көрсетеді. Кейінгі кезде пандемияның әсерінен, ондаған жылдарға созылған экономикалық қиыншылық салдарынан АҚШ жұмысшыларының арасында наразылық күшейіп, сайлаушылар арасында салықтан түскен доллардың Кандагарға емес, Канзасқа кеткенін қалайтындар саны артты.
Байденнің америкалық демократияны қалпына келтіру жөніндегі күш-жігеріндегі жетістік, негізінен, ішкі инвестицияларға байланысты. Инфрақұрылым мен әлеуметтік саясат туралы заң жобалары қазір Конгресте талқыланып жатыр. Бұл дұрыс бағыттағы маңызды қадамдар. Бірақ сыртқы саясаттың да маңызы бар. Байден «орта тапқа арналған сыртқы саясатты» жүргізуге уәде бергенде оған Америка жұртшылығының қолдауына ие болатын мемлекеттік кәсіп брендін қолдана отырып қол жеткізуі керек.
Ауғанстан жақын арада халықаралық қоғамдастықтың қолдауын қажет етеді. Бірақ АҚШ бастаған әскери миссия өз міндетін орындады. Өкінішке қарай, қазіргі уақытта халықаралық қоғамдастық жасай алатын тиімді жұмыс – қарапайым халықтың басына түскен азапты жеңілдету, ауғандықтарды дипломатияға, ымыраға келуге және ұстамдылық танытуға көмектесу. Өйткені елге қазіргі таңда бейбіт және тұрақты саяси тепе-теңдік қажет.
Чарльз А. КУПЧАН,
Сыртқы қатынастар жөніндегі кеңестің аға ғылыми қызметкері, Джорджтаун университетінің халықаралық істер жөніндегі профессоры және Isolationism: A History of America’s Efforts to Shield Itself from the World кітабының авторы
Copyright: Project Syndicate, 2021.
www.project-syndicate.org