Қызылорда тұрғынынан аса ірі есірткі партиясы табылды, деп хабарлайды Egemen.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Жамбыл облысы полиция департаменті ЖПҚ жол-патрульдік полициясы батальонының қызметкерлері Мойынқұм ауданы ПБ қызметкерлерімен бірлесіп «Алматы-Екатеринбург» тас жолының 366 шақырымында қызметтік иттің көмегімен 29 жастағы Қызылорда тұрғынын ұстады.
Тінту барысында күдіктіден 2 килограмм марихуана есірткі заты табылды.
«Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296-бабы 4-бөлігі «Аса ірі мөлшерде есірткі заттарын заңсыз сақтау» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қылмыстың бұл түрі бойынша 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған», деді Мойынқұм аудандық полиция бөлімінің бастығы Жарас Тохабаев.
Күдікті өз кінәсін толық мойындап, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі кезде тергеу шаралары жүргізілуде.