• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
01 Мамыр, 2010

ҚЫЗЫЛАҒАШТАҒЫ ҚОНЫС ТОЙЫ

744 рет
көрсетілді

Кеше 45 отбасы жаңа үйлердің кілтін алды Ағымдағы жылғы 12 наурыз күнгі тасқыннан соң бүтін бір ауылды су шайып, адам шығыны да орын алғаны белгілі. Мемлекет басшысы зардапты жою мақса­тын­дағы барлық шараны жедел қолға алуды тапсырды. Қашанда кең қолтық халқымыз бұдан шет қалмады. Осылайша Қызылағашта қайнаған еңбек басталып, құ­ры­лыс­шылар құрылысты қысқа мер­зім­де аяқтауға күш жұмылдырса, өзгелер де азық-түлік, киім-кешек, ақшалай демеушілік танытқанын атап айтқан артық емес. Содан бері күн сайын облыс әкімі мен орынбасарлары, құрылыс ұйымдарының басшы­лары қатыс­ты­рылған жиында атқарылған жұмыс пен оның сапасы қаралып, әр сағатты тиімді пайдалану барысы жіті бақыланды. Қазақстан халқының бірлігі күні – 1 мамыр мерекесі қар­са­ңында Қызылағаштағы шатырлы қала­шыққа жиналған тұрғын­дар­дың жүздері жарқын, көңіл-күйлері көтеріңкі. “Алматы қала құрылысы”, “Ауыл құры­лысы” және басқа компаниялар сәулет­ші­лері салған үйлерге қоныс­та­натындар қуанышы тіпті ерекше. Көшелердегі анадайдан көз тартатын жаңа жобамен салынған баспаналардың іші-сырты ұқыпты қолдың табын сездіреді. Тасқын болған кезден бері халықпен бірге қайғырып, дамылдамаған облыс әкімі Серік Үмбетов, орынбас­ар­лары, комиссия төрағасы Амандық Баталов, Серік Мұқанов, Ты­ныш­бай Досымбеков, тағы басқа құ­рылыс ұйымдары басшыларының іскерлігі мен ұйымдастырушылық қабі­леттері арқасында 45 үй бітіп, кілт тапсыру салтанатымен жалғас­ты. Облыс әкімі Серік Әбікенұлы қызылағаштықтар мен жи­нал­ған­дарды ынтымақ пен бірлік, қоныс тойы қуанышымен құттықтады. Бүгінгі күнге жұдырықтай жұмылу мен шыдамдылық бір-бірімізді түсіну нәтижесінде қол жеткізілді. Бабалардың “Жақсылық жүрген жерде тапшылық болмайды” дегеніне көз жетті. Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаев бас болып, барша қазақстандықтар қиын кезде қолұшын берді. Ол үшін баршаға рахмет. Сіздердің мал-мүлік­те­рі­ңіздің орнын толтыру мәселелері де қолға алынған. Бү­гінгі күнге салынуға тиісті 530 жаңа үйдің 344-інің қабырғасы қаланса, 113 үйдің ша­тыры жабылып, ішкі әрлеу жұмыстары қатар жүргізілуде. Тас­қыннан зар­дап шеккен Қы­зыл­ағаш, Егінсу, Ақтоғандағы құ­ры­лыс­тарда 69 компания құрамында 500-ден астам техника мен 4000-нан астам адам еңбек етуде. Ауыл халқының тілек білдіргендері де жұмысқа тартылды. Көріп отыр­сыздар, жаңа үйлер сап түзеді. Амандық болса, маусым айында барлық жұмыстың тиянағын келтіруді жоспар­лаудамыз. Осы­лайша ауыл жаңа­рып, жасарады. Қоныс­та­рыңыз құтты болсын, отба­сы­ла­рыңызға амандық, бақ-береке, жақсылық тілеймін, деді. Бұдан соң облыстық арда­гер­лер ұйымының мүшесі, облыстың “Құрметті азаматы” Бәтима Са­қауова сөз алып, қиындықты бө­ліс­кенде ғана жеңілдейтінін жеткізді. Бір айдан астам кезеңдегі қолға алған жұмыстарға жақсы бағасын берді. Өмір болған соң кейде қуаныш пен қайғы қатар жүреді. Шыдамды халықпыз. Осыны­мыз­дан айрылмайық. Сонда ғана қиын­дықты жеңеміз. Ауылдың көрікті болатынына еш күмән жоқ. Осы жұмыстың басындағы азамат­тарға алғыс айтамын, деді. Салтанатқа жиналғандар ара­сында арнайы алыстан ат арытып келгендер де көп болды. Су тасқыны болған алғашқы күннен халықтың жағдайын еліміздің бас газетінің бетінен түсірмеген “Егемен Қазақстанның” бір топ журналисі де қуанышқа ортақ­тас­ты. Газеттің Алматы қала­сын­дағы филиалының жетекшісі Қорғанбек Аманжол, филиал қызметкерлері Бақыт Балғарина, Берсінбек Сәрсенов, Думан Мұ­хамет­жанов және қуанышты мақа­ланың авторы Күмісжан Байжан қуа­нышты сәтті бірге бөлісті. Қор­ғанбек Аман­жол қызыл­ағаш­тық­тарға құтты болсын айтып, газет ұжымы атынан ыстық лебізін жеткізіп, “Сабат”, “Бірәлі – дас­тан” жи­нақ­тарын оқырман­дар­ға сыйға тартты. Мұндай апат елімізді айналып өтсін, деген ті­легін қосты аға басылым жур­налистері. Салтанатқа Алматыдан арнайы келген сазгер Мыңжасар Маң­ғы­таев жаңа үйде тек жақсылық болып, іші шаттыққа толсын деген лебізін жеткізсе, Қазақстанның халық әртісі Сара Тыныш­ты­ғұ­лова, Гульвира Разиева әннен шашу шашты. “Мұқағали” жур­на­лының бас редакторы Батық Мә­житұлы да өткенге салауат айтып, бүгінгі қоныс тойының жал­ғасуына тілегін қосты. Көпті көрген қария, Ұлы Отан соғысының ардагері Тоқтарбай Қанапиянов бата берді. Сәні мен салтанаты жарасқан алғашқы үйдің кілтін алған Бақытжан Мешенов толғанысын былайша тарқатты: –  Қиын күндер артта қалды. Жасалған жақсылықты ұмыт­паймыз. Қас-қағымда баспанасыз қа­лып, жиған-тергенімізді су шай­ғанда жанымыз күйзелді. Елімнен, жұртымнан айналайын. Міне, сол зардаптың орны толды. Қуанған мен қорыққан бірдей деген, жай­наған үймен бірге тұрмысқа қажетті жиһаз, төсек-орын, газ плитасымен жабдықталған үйдің кілтін алдым. Елбасына, облыс әкіміне отба­сым­ның атынан алғыс айтамын. За­йы­бым Оразгүл мен балала­рымның қуанышын көр­сеңіз. Ауылдағы мектеп, мәдениет үйі, әкімдік ғимараты да күрделі жөндеуден өткізілуде. Енді бірер айда ауыл жайнап, барлық отбасы қуана­тынына күмән жоқ, деді. Кіммен сөйлессең де жаңа үйдегі өздеріне көрсетілген қам­қорлыққа риза екендігін жеткізеді. Облыс әкімі түп түзу көшедегі пайдалануға берілген Шыңғысбек Шөмшекбаев, ұстаз Жақсылық Советбеков, Ажар Қодасова, Кіш­кентай Оразаева, тағы бас­қа­лар­дың шаңырағына бас сұғып, үл­кендер бата беріп, жайылған дастарқаннан дәм татты. Ауылдың шығысындағы сая­бақ­қа арналған алқапта жас қайың, терек, қарағаш, тағы басқа жас өскіндер жапырақ жайып, та­би­ғат әсемдігін әрлей түскен. Облыс әкімі саябақта тасқын құр­бан­­да­рына ескерткіш орна­ты­ла­тынын да айтты. Сәулетші Қаби Баулықов жасаған ескерткіш жо­басы ма­құлда­нып, жұмыс бас­тал­ған. Ескерткіште таудан құлаған алапат су тасқынының қор­ша­уын­да қалған баласын қалайда аман алып қалу үшін жанталасқан ананың тір­шіліктегі мәңгілік символы ретін­дегі алып ағаштан таяныш іздеген сәті бей­не­лен­бек­ші. Осылайша келешекте Алматы-Өскемен күре­жолының бойына орналасатын ескерткіштің биіктігі 7 метр, ені 14 метр болады. Берік­тастағы тақтаға құрбандардың есімдері қашалып жазылмақшы. Қызылағаштағы қоныс тойы осылай басталып, маусымның аяғына дейін өзге отбасыларын жаңа үйге қоныстандыру үшін құ­рылысшылар жұмыла еңбек етуде. Жиналғандар Сүйінбай атын­дағы облыстық филармония ұжы­мы­ның концертін тамашалап, көптен бергі жабырқаған көңіл­дерін ән әуезімен суарды. Көп­шілік Қызылағаштағы бүгінгі қуа­нышты шақ ұзағынан сүйіндірсін деген тілекпен тарқады. Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы. Суреттерде: Қызылағаштағы қоныс тойының өту салтанатынан көріністер; жаңа үйлер әсемдігімен көз тартады. Суреттерді түсірген  Берсінбек СӘРСЕНОВ.