Нұр-Сұлтан қаласындағы Есіл өзенінде бала суға батып кетті, деп хабарлайды Egemen.kz ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
18 тамыз күні кешке сағат 18:39-да елордалық 101 құтқару қызметінің пультіне Сарыарқа ауданы Аққорған көшесіндегі Есіл өзеніне батып кеткен қыз туралы хабарлама келіп түсті.
Төтенше жағдай орнына жедел түрде 4 құтқарушы мен 1 техника жіберілді. Шақыру орнына келгеннен кейін қалыптасқан жағдайды бағалап, сүңгуірлер тобы өзен түбін зерттей бастады. Жөндеу жұмыстары, сондай-ақ су қоймасының батпақты және сазды түбі іздеу жұмыстарын қиындатты, сондықтан бұл жерде суға түсуге тыйым салынған. Құтқарушылар сағат 20:17-де сүңгуір жабдығының көмегімен судан 2008 жылы туған қыздың денесін алып шықты.
Шомылу маусымы басталғаннан бері Нұр-Сұлтан қаласының аумағында 9 адам суға кетті, оның ішінде 5-уі бала. Қаза болудың барлық фактілері шомылуға тыйым салынған және жабдықталмаған жерлерде тіркелген.
Шомылу маусымы басталғаннан бері қалалық полиция қызметкерлері тыйым салынған жерлерде жалпы су пайдалану - шомылу ережелерін бұзған тұлғаларға қатысты 563 әкімшілік хаттама толтырды. Сондай-ақ, ТЖ департаментінің қызметкерлері еріктілердің қатысуымен өткен рейдтік іс-шаралар барысында 55 мыңнан астам ескерту парақшалары мен жадынамаларды таратты.
«Алайда, жүргізіліп жатқан шараларға қарамастан, белгіленбеген жерлерде халықтың суға түсу фактілерінің саны артуда. Әсіресе, балалар өлімінің фактілері басым», деді ТЖМ.