• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
21 Қаңтар, 2014

Азамат Теңізбаев шын мәнінде кінәлі болды ма?

390 рет
көрсетілді

Таэквондодан Қазақстан чемпионы Азамат Теңізбаевқа Ұлыбритания сотының үкімімен Израиль азаматшасына қол жүгіртті деген айып тағылған болатын. Жақында ол ақталып, елге оралды. Бұл туралы Egemen.kz тілшісі хабарлады.

Бүгін, Астанада Азамат Теңізбаевтың елімізге оралуына байланысты Қазақстан Таэквондо федерациясы баспасөз мәслихатын өткізді. Жиында сөз алған Қазақстан Таэквондо (WTF) федерациясының президенті Вячеслав Ким жарты жыл бұрын орын алған оқиғаның мән-жайы жөнінде былай деді: «Өздеріңіз білетіндей, Азамат Теңізбаев 2013 жылдың 15-21 шілде аралығында Мексикада өткен Таэквондодан әлем чемпионатының соңғы күнінде жеңіліп қалды. Еліне қайтарда көңіл-күйі болмай, ұшақтағы орынға ыңғайсыздау жайғасқан екен. Тынымсыз жаттығулар мен ұшақта 12 сағат бойы отыру Азаматтың еріксіз ұйықтауына әсер етті. Оның бірде қолы, бірде басы қасында отырған Израиль азаматшасының денесіне тиіп кеткендіктен, борт жол серігі Азаматтың басқа жерге отыруын өтінді. Сосын ол командадағы әріптесі Жұлдызбен орын алмастырады. Бірақ, Лондонның Хитроу әуежайына келгенде, жергілікті полицейлер оны ұстап әкеткен».

Англияның заңы бойынша, айыпталушы бір рет тегін адвокат жалдауға құқылы. Осы орайда Азаматтың айтуы бойынша, оның қорғаушысы болған Шынар: «Егер, кінәні мойнына алатын болсаң, іс үлкен сотқа өтпейді. Сондықтан үйіңе тезірек қайтқың келсе, сотта «кінәлімін» деуің керек депті. Алайда, жерлесіміз оның айтқанын тыңдағанымен, іс одан әрі ушығып кеткен. Артынан қорғаушының алдағаны мәлім болды.

Бұдан кейін Азаматтың ата-анасы баласын кепілдікпен қалада жүруіне рұқсат алған. Ондағы тәртіпке сәйкес, 20:00-ден таңғы 8:00-ге дейін үйден шығуға болмайды. Жалпы, алты айға созылған уақыт аралығында жерлесіміз ағылшын тілін біршама меңгеріпті.

Келеңсіздіктің басы-қасында шыр-пыр болып жүрген спортшының анасы Жазира Тілешова баспасөз мәслихатында өз пәтерін сатып жібергенін айтып, көз жасына ерік берді: «Ұлым үшін барлығын құрбан етуге дайынмын. Пәтерімізді сатып, 10 мың долларға білікті адвокат жалдадым. Шүкір, қазір барлығы орнына келді. Бізге қолдау көрсеткендерге алғысым шексіз».

Теңізбаевтар отбасы үшін тағы бір қуанышты жаңалық – бұған дейін 15 мың доллар көлемінде жәрдем көрсеткен Қазақстан Таэквондо федерациясы таяу күндері Азаматтың ата-анасы шығындаған 60 мың долларды да толығымен өтеп беретін болды.

Азамат баспасөз мәслихатында келесіде шетелге барғанында мұқият болатынын мәлімдеді. Ол бір аптадай тынығып алған соң Қазақстан құрамасымен бірге кезекті оқу-жаттығуға кіріседі.

Дастан Кенжалин.

Алмас Манап.

Дереккөз: Egemen.kz.

Фото: Алмас Манап.

Соңғы жаңалықтар