Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің оқытушы-профессорлары Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ректоры, профессор Қазыбай Қараұлы Бозымов бастаған делегациясымен кездесті. Бұл туралы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің баспасөз хатшысы Ақерке Жолмаханова хабарлады.
Қонақтар алдымен университеттің «Елбасы және Тәуелсіз Қазақстан» оқу-көрме залында болып, тәуелсіздік жылдары еліміздің қол жеткізген табыстарын бейнелейтін құжаттармен танысты. Делегация мүшелері өркениеттер ордасы болған Сыр өңіріндегі археологиялық және тарихи-мәдени құнды ескеркіштерден сыр шертетін «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығының көрме залын да аралап көрді. Осы ретте, археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде табылған жәдігерлерге қонақтардың ерекше назар аударғанын атап өткен жөн.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ректоры, профессор Қылышбай Бисенов мәжіліс залында өткізілген жиында білім ордасының бүгінгі күні атқарып отырған жұмыстары мен Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жақында Қазақстан халқына арнаған Жолдауынан туындаған міндеттерге кеңінен тоқталып өтті. Ал өз кезегінде сөз алған Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ректоры Қ. Бозымов екі университет арасындағы әріптестік қарым-қатынасты жоғары бағалады. Университет басшылары одан әрі өзара әріптестік-ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды. Бүгінгі таңда екі оқу орны аграрлық салада PhD докторларын бірлесіп дайындауда. Осындай игі бастама білікті кадрлар даярлауға, университеттер арасындағы озық тәжірибені бөлісуге негіз қалайтыны анық.
Әмірхан Алмағанбетов.
Дереккөз: Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің баспасөз қызметі.
Фото: Ақерке Жолмаханова.