Мемлекет басшысының бұқаралық спортты дамыту, балаларға спорттық инфрақұрылымның қолжетімді болуын қамтамасыз ету тапсырмасы бойынша биыл Шымкент қаласында 115 спорт алаңшасын іске қосу жоспарланған. Заманауи спорттық нысандар қала орталығынан шалғайда жатқан тұрғын алаптар мен шағын аудандарға орналастырылмақ, деп хабарлайды Egemen.kz.
Кешенді жоспар аясында бүгінге дейін 14 алаңша ашылып, ел игілігіне берілді. Стандарттарға сәйкес салынған алаңшалар стрит воркаут жаттығу кешенімен, футбол, волейбол, бескетбол спорт түрлеріне арналған алаңшалармен қамтылған.Спорттық инфрақұрылымды қалыптастыруға бизнес өкілдері де жұмылдырылып, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік оң нәтиже беруде.Шымкент қаласының бес жылдық даму жоспарында адами капиталды арттыру міндеті белгіленген. Бұқаралық спортты дамыту арқылы тұрғындарды салауатты өмірге бейімдеу, олардың өмір жасын ұзарту, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, спорт саңлақтарын тәрбиелеу міндеттері айқындалған. Мегаполистің заманауи спорттық орталық ретінде дамуы қала басшылығының тұрақты бақылауына алынған.