Алматы қаласында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауын талқылаған актив жиыны болып өтті.
Алқалы жиынға қаладағы барлық аудандардың әкімдері мен олардың орынбасарлары, қалалық мәслихаттың депутаттары, қалалық құрылымдардың басшылары, белгілі ғалымдар мен сарапшылар, қоғам және мемлекет қайраткерлері, денсаулық сақтау, білім беру салаларының қызметкерлері, саяси партиялар мен БАҚ басшылары, жастар ұйымдары мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты.
Алматы қаласында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауын талқылаған актив жиыны болып өтті.
Алқалы жиынға қаладағы барлық аудандардың әкімдері мен олардың орынбасарлары, қалалық мәслихаттың депутаттары, қалалық құрылымдардың басшылары, белгілі ғалымдар мен сарапшылар, қоғам және мемлекет қайраткерлері, денсаулық сақтау, білім беру салаларының қызметкерлері, саяси партиялар мен БАҚ басшылары, жастар ұйымдары мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты.
Жиын барысында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауы талқыланып, оны жүзеге асырудағы кезек күттірмейтін және ұзақ мерзімді басым бағыттар нақтыланды. Маңызды құжатта тәуелсіз Қазақстанның алдағы даму жолында атқаратын істері айқын көрсетілген. Қала басшысы Ахметжан Есімов актив отырысына қатысушылар назарын осыған аударып, әр салаға жеке тоқталды.
«Өздеріңізге белгілі, 2012 жылдың желтоқсан айында Елбасы еліміздің 2050 жылға дейінгі дамуының жаңа стратегиясын ұсынған болатын. Ал биылғы 17 қаңтарда облыс әкімдері мен министрлердің, Қазақстан Республикасы Парламенті қос палатасы депутаттарының, жалпы қалың жұртшылықтың қатысуымен өткен отырыста Мемлекет басшысы «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауын жариялап, «Қазақстан-2050» Стратегиясын ұтымды орындау жолындағы негізгі көрсеткіштерді белгілеп берді, – деп бастады алқалы кеңестің ашылу салтанатында сөйлеген сөзін А.Есімов. – Президенттің кезекті Жолдауында мемлекетіміздің алдағы дамуының барлық бағыттарына назар аударылып, маңызды міндеттер белгіленді. Жолдау жарыққа шыққалы бері халықтың оны жылы қабылдап, толықтай қолдайтындығы айқын аңғарылып отыр».
Жалпы, биылғы Жолдауда қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға ерекше көңіл бөлінген. Ол үшін әлеуметтік-экономикалық жаңғыртуды қолға алу басты міндеттердің бірі болып бекітілді. Бұл халық үшін аса маңызды. Сондай-ақ, бұл жолғы Жолдауда да халықтың қолайлы және жайлы өмір сүруі үшін қалалық инфрақұрылымдарды заманауи үлгілерге сәйкес жаңғырту, жол, көлік және медицина саласын ілгері дамытуға да назар аударылғандығын айта келіп, қала басшысы Алматы қаласында жүзеге асырылып жатқан инновациялық жобалар мен алдағы күндерге жасалған игі жоспарларды да тілге тиек етті.
Алматы – алып мегаполис. Мұнда еліміздің әр аймағын айтпағанның өзінде, алыс-жақын шет елдерден келіп жұмыс істеп жатқан сан алуан ұлттың өкілдері баршылық. Оның үстіне түрлі діни ағымдардың да ресми тіркелген орталықтары мен өкілеттіліктері бар. Алматының тыныштығы, қала тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігі бүкіл Қазақстанның тұрақтылығы һәм татулығына, тыныштығы мен жарасымына кепіл екендігі ақиқат. Аса ұқыптылықпен жүргізілетін ұлтаралық, дінаралық қатынас секілді өте нәзік саяси қатынас турасында Ахметжан Смағұлұлы: «Елбасы атап өткендей: «Азаматтық татулық пен ұлтаралық келісім – біздің ең басты құндылығымыз». Ендеше, еліміздің бүгінгі биігіне қол жеткізіп, дамудың сара жолын таңдаған бейбіт халық, болашақта Нұрсұлтан Әбішұлы бастап отырған ұлттық идея – бірлігі жарасқан, берекесі тасыған «Мәңгілік Ел» болуды қолдап отыр», дей келіп, ұлттың ұйысуына үлес қосып отырған дін қайраткерлері мен ұлттық этномәдени бірлестіктердің атқарған ісіне, баршамыздың ортақ мерекелеріміз бен атаулы шараларға атсалысқан азаматтардың игі ниеттеріне де тоқталып өтті.
Бұдан әрі қала басшысы Елбасы Үкімет пен жергілікті органдарға Жолдаудың басты мақсаты – Қазақстанның ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуға мүмкіндік беретін бірқатар тапсырмалар бергендігін, оларды орындау жолында қажетті ресурстар қаламызда да, елімізде де жеткілікті екенін жеткізді. Елбасы үндеп, ел қуаттап отырған, барша қазақстандықтар болып алдымызға қойған мақсатымыз ұтымды іске асатындығына кәміл сенетіндігін білдіріп, жиылған көпшілікті жаңа заманның жаңа қадамын бірлесе жасауға шақырды. Бұл бағытта Алматы қаласының үлесі зор болатынын жеткізген әкім Алматы қаласының әлеуметтік-экономикалық және ғылыми-интеллектуалдық мүмкіндігі мол екендігін, осындай мүмкіндіктерді пайдалану арқылы бірқатар мәселелерді шешуге атсалысылып, мемлекетіміздің одан әрі дамуына үлес қосылатындығын сөз етті.
Мұнан кейін мінбеге көтерілген Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов биылғы Жолдауда кеңінен қозғалған ғылым саласына жасалынатын қамқорлық пен елдегі жаңа ғылымға деген ұмтылыс хақында сөз сөйледі. Қазіргі таңда қазақ ғылымына ІЖӨ-нің 0,26 пайыз деңгейінде қаржы бөлініп отырғанын, ол шамамен 50 миллиард теңгені құрайтынын, тіпті, қазіргі кезде Еуропа елдерінде ІЖӨ-ге шаққанда 3 пайыз қаражат бөлінетіндігін және ол елдердің ішкі жалпы өнімі бізбен бір деңгейде еместігін айтқан М.Жұрынов отандық ғалымдарға үлкен қолдау мен мүмкіндіктің жасалып отырғанын, Елбасы Жолдауындағы талаптарға сай қазақ ғылымын жаңа белеске шығаруды жүзеге асыру мәселесін алға тартты.
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының басшысы Болат Сұлтанов еліміздің ішкі-сыртқы саяси-экономикалық қатынастарының бүгінгі таңда бірізділікке қойылып, көршілес елдермен жасап жатқан қарым-қатынасымыздың күн санап жемісті болып отырғанын айтса, неміс этномәдени бірлестігінің жанындағы жастар ұйымының өкілі Александр Реймер Елбасы Жолдауындағы алға қойылған мақсаттардың нақты әрі бүгінгі таңда аса құнды екендігін атап көрсете келіп, «біз, қазақстандықтар, әсіресе, осы елді мекен етіп, жақсылығын көріп отырған өзге ұлт өкілдері, Елбасы нұсқаған «Мәңгілік Ел» идеясын мығым жүзеге асыру үшін баршамыз Қазақ елінің туған тілінде – қазақ тілінде сөйлеуді өз алдымызға міндет етіп қояйық», деді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа Жолдауы алқалы жиында бас қосқан жамағат арасында қызу талқыға түсіп, әр саланың мамандары, әр ұлттың өкілдері мен жүректері «Бір ел, бір мақсат, бір мүдде және бір болашақ» деп соққан жұрттың жақсы ұсыныстарымен қолдау тауып отырды.
Қанат ЕСКЕНДІР,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.
––––––––––––––––
Суреттерді түсірген
Берсінбек СӘРСЕНОВ.