• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
22 Қаңтар, 2014

Тапсырмалардың орындалуы қатаң қадағаланады

282 рет
көрсетілді

Кеше Премьер-Министр Серік Ахметовтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының биылғы Жолдауын жүзеге асыру бойынша шаралар талқыланды.

 

Кеше Премьер-Министр Серік Ахметовтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының биылғы Жолдауын жүзеге асыру бойынша шаралар талқыланды.

«Бұл Жолдау айрықша, өйт­кені, еліміздің экономикалық және әлеуметтік дамуының ұзақ мерзімді стратегиясын жүзеге асыру шараларының нақты бағ­дар­ламасын көрсетіп қана қойған жоқ, біздің қолданысымызға отан­дық тарихымыздағы тіптен жаңа – Мәңгілік Ел ұғымын ен­гізді. Мемлекет басшысы бұл­ тарихи міндет қабылданған «Стра­тегия-2050» бағдарламасы негі­зінде жүзеге асырылатынын атап көрсетті», деді Үкімет басшысы. С.Ахметов сөз арасында сондай-ақ 17 қаңтарда өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысы Жолдауын жүзеге асыру іс-шараларының нақты алгоритмі қабылданғанын атап өтті. Яғни бүгінге дейін ауқымды жұмыстар жүзеге асырылып, Президент Әкімшілігімен Жолдауды жүзеге асыру бойынша жалпыұлттық жоспар келісілген.

Отырыста Елбасының Қазақ­стан халқына Жолдауындағы мақсаттарға қол жеткізу бойынша әрбір мемлекеттік органда өзінің алгоритмі болуы тиістігіне тоқталған Үкімет басшысы Мемлекет басшысының әрбір тапсырмасы сапалы әрі уақтылы орындалуы қажеттігін де қатаң ескертті. «Бұл тапсырмалардың орындалуы бойынша мониторинг ұйымдастырылып, қатаң сұрау болуы керек», деді С.Ахметов.

Жолдауға орай атқарылар бірқатар жұмыстар жайын баяндаған Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев оны жүзеге асыру бой­ынша Жалпыұлттық жоспардың жоба­сын таныстырды. Е.Досаев Жол­дау­дың жеті бағыты бойынша ағым­дағы жылдың маусымына дейін «Агробизнес-2020» агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламасына түзету­лер енгізілетінін атады. «Ағымдағы жыл­дың маусымына дейін ауыл шаруа­шылығына жаңа технологиялар енгізу, еңбек өнімділігін арттыру және ауыл шаруашылығы субъектілерін ұзақ мерзімді қаржыландыруға және өткі­зу рыноктарына қолжетімділігін қам­тамасыз ету бойынша Жолдауда көрсетілген міндеттерді есепке алып, «Агробизнес-2020» агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламасына, басқа да стратегиялық және бағдарламалық құжаттарға түзетулер енгізілетін болады», деп нақтылады министр. Сондай-ақ, ол Қазақстанда ағымдағы жылдың аяғына дейін Астана мен Алматы қалаларында 2030 жылға дейін агломерацияны қалыптастыру жоспарлары жасалатынын жеткізді. Бұдан басқа, оның айтуынша, «жасыл экономиканы» дамыту мақсатында үстіміздегі жылдың тамызына дейін Назарбаев Университеті базасында болашақтың энергиясын іздеу мен құру, сондай-ақ, экологиялық таза көліктерді пайдалану мәселелерді зерттеу бойынша үздік тәжірибелерді талдап, енгізу орталығы құрылуы тиіс. Сонымен қатар, министр ағымдағы жылдың мамырында Мемлекет басшысының төртінші мұнай өңдеу зауыты мен атом электр стансасы құрылыстарының мерзімі мен орналастырылуы бойынша баяндамасы енгізілетінін атап өтті.

Сондай-ақ, ведомство басшысы ха­бар­лағандай, осы жылдың қыркүйегіне дейін қазіргі заманғы логистика жә­не дистрибуция орталықтарын дамыту, автокөлік және теміржол инфра­­құрылымдарын кең ауқымды жаң­ғыр­ту, халықаралық сауданы жүзеге асыру кезіндегі кедергілерді жою қа­жет. Осыған орай, көлік жүйесі инфра­құ­рылымдарын дамыту мен интеграциялау бойынша Мемлекеттік бағдарламаға тиісті өзгерістер енгізілетін болады.

Отырыста бұдан әрі сөз алған Пре­мьер-Министрдің орынбасары – Ин­дус­трия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев Мемлекет басшысының барлық тапсырмалары бойынша айқын іс-қимыл алгоритмі жасалғанын атады. «Барлық іс-шаралар мерзімінде орын­далатын болады. Негізгі жай бі­рінші жартыжылдықта Президенттің қарауына енгізілетін, ҮИИД МБ екінші бесжылдығын жасауға қатысты болып тұр», деді ол. Ал Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова «Президент Жолдауы шеңберінде барлық мүдделі мемлекеттік органдар әлеуметтік блоктың бағыттарын пысықтады. Шәкіртақы, әлеуметтік төлемақылар көлемін көтеру, азаматтық және мемлекеттік қызметкерлердің еңбек ақысын ұлғайту мақсатында талдаулар мен есептеулер жүргізілетін болады», деді. Бұдан әрі Вице-премьер – Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов Мемлекет басшысының мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру және әлеуметтік-экономикалық даму мәселелеріне айрықша көңіл бөлінетінін атап өтті. Жұмыстың бағыттары мен нақты индикаторлары анықталған. Мәселен, үстіміздегі жылы экономиканың өсімі 6-7 пайызды құрауы тиіс, деді ол. «Барлық бағыттар бойынша қазір жұмысшы топтар бекітілді, барлық тапсырмалар белгіленген мерзімде атқарылуы үшін іс-шаралар жоспарлары құрылуда», деді Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Са­ғынтаев.

Отырысты түйіндей келе, С.Ахметов «Мемлекет басшысының Жолдауының маңызы зор. Бұл – Үкімет шешетін міндеттер ауқымы да кең деген сөз. Бастысы, құжатта базалық индикаторлар және әлемнің ең озық 30 елі арасына ену бойынша жеті бесжылдық шеңберіндегі кезеңдер айқын көрініс тапқан», деді. Үкімет басшысы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігіне Елбасы Жолдауы жүктеген міндеттерді жүзеге асыру тұрғысында Жалпыұлттық жоспарды іске асыру бойынша жалпы мониторингті жүргізуді тапсырды. Ал Премьер-Министрдің орынбасарларына қадағалайтын бағыттары аясындағы жұмыстарды жүйелі не­гізде ұйымдастыруды жүктеді. Со­ны­мен қатар, бұқаралық ақпарат құрал­дарында кеңінен тарату керектігін айта келе, Премьер-Министр Кеңсесіне Жалпыұлттық жоспардың орындалуын және тұрақты негізде оны іске асыру барысын қадағалауды тапсырды.

Динара БІТІКОВА,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар