Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан -2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында заманауи және тиімді білім беру мен денсаулық сақтау жүйесін құру басты мақсат ретінде айқындалды. Денсаулық сақтаудың ұлттық жүйесін ұзақмерзімді жаңғырту аясында медициналық қызмет сапасының бірыңғай стандарттарын енгізу, медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын сәйкестендіру мен жетілдіру сынды міндеттер қойылды.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан -2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында заманауи және тиімді білім беру мен денсаулық сақтау жүйесін құру басты мақсат ретінде айқындалды. Денсаулық сақтаудың ұлттық жүйесін ұзақмерзімді жаңғырту аясында медициналық қызмет сапасының бірыңғай стандарттарын енгізу, медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын сәйкестендіру мен жетілдіру сынды міндеттер қойылды.
Медициналық ЖОО-лардың ғылыми-зерттеу және тәжірибелік жұмыстарының басты мақсатына ден қоя отырып, сапалы және қолжетімді медициналық қызмет көрсету, профилактикалық медицинаны дамыту, «смарт-медицина» қызметін енгізу, қашықтықтан емдеу, электрондық медицина, балаларды емдеуге арналған жаңа әдіс-тәсілдер, медициналық білім беру жүйесін жақсарту Денсаулық сақтауды дамытудың басым міндеттері ретінде айқындалды. Елбасының аталған тапсырмасын орындау «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік денсаулық сақтауды дамыту бағдарламасын жүзеге асырумен тікелей байланысты. Аталған бағдарламаны жүзеге асыру барысында Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан мекеме қызметін жүйелі ұйымдастыру, денсаулық сақтау жүйесін тиімді басқару, қаржыландыру жолында бірталай жұмыстар атқарылуда. Бүгінде денсаулық сақтауды дамыту жүйесінің жаңа нысандарын құрумен бірге, сапалы медициналық қызмет алу үшін де қолайлы жағдайлар жасалып отыр. Мәселен, еліміздің алшақ аудандарын медициналық қызметпен қамтамасыз етіп отырған көліктік медицина жылдам қарқынмен дамуда.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты халыққа жаңа Жолдауында қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығын 80 жасқа немесе одан да көп жасқа ұзартуға мүмкіндік беретін саламатты өмір салты мен медицинаны дамытуға басымдық берілген. Енді Қазақстанды жетекші еуразиялық медициналық туризм орталықтарының біріне айналдыру міндеті тұр.
Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласындағы медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсетуді жетілдіруге көңіл бөлу керектігін атап өтті. Президенттің айтуынша, мемлекет пен жұмыс берушінің жұмыскердің денсаулығы үшін ортақ жауапкершілігі барлық медициналық қызмет көрсету жүйелерінің басты қағидасы болып табылады. Елбасы міндетті медициналық сақтандыруды енгізу мәселесін де назардан тыс қалдырмады. Оның айтуынша, бұл жүйені жіті зерттеген жөн. Әлем елдерінің тәжірибесіне сүйенсек, медициналық сақтандырудың пайдалы жақтары жетерлік. Аталмыш жүйе емделушілердің мүддесін қорғаумен шектеліп қана қоймай, медициналық қызмет көрсетудің сапасы мен көлеміне сараптық баға бере алады. Жалпы алғанда, медициналық сақтандыруды дамыту қазіргі кездегі денсаулық сақтау жүйесіндегі кемшіліктерді азайтады. Бұл әлемдік тәжірибеде дәлелденген.
Сондай-ақ, Жолдауда Н.Ә.Назарбаев Қазақстанды халықтың өмір сүруі үшін қауіпсіз және жайлы әлем елдерінің біріне айналдыру мақсатын қойды. Әсіресе, Елбасының мүмкіндігі шектеулі жандарға көңіл аударуды арттыру жайлы сөзін ерекше атап өткім келеді. Шынымен де, оларға қамқорлық жасау қоғамның міндеті болып табылады.
Президент Жолдауы ертеңгі күнге деген сенімді арттырады. Себебі, алға қойылған тапсырмалар халық денсаулығын сақтап, тұрмыс жағдайын жақсартуды көздейді.
Дәулетхан ЕСІМОВ,
Денсаулық сақтау министрлігі
«Денсаулық сақтауды дамытудың республикалық орталығы» ШЖҚ РМК
бас директорының орынбасары.