Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы, Алматы қаласының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин Алматыдағы оқушылар ата-аналарының өтініші бойынша онлайн оқи алады деді, деп жазады Egemen.kz.
Жандарбек Бекшин өзінің Instagram-парақшасындағы тікелей эфир барысында соңғы қаулысындағы оқушыларды оқытуға қатысты тармақты түсіндірді.
Оның айтуынша, оқушылардың негізгі бөлігі санитарлық шараларды сақтай отырып, дәстүрлі форматта – мектепке барып оқитын болады. Бұл ретте ата-аналардың өтініші бойынша қашықтан оқыту туралы тармақ көзделген.
«Тыныс алу органдарында созылмалы аурулары бар балалар бар, олар үшін біз онлайн оқытуды қарастырдық. Сонымен қатар кейбір ата-ана сау балаларына да онлайн режимінде оқуға мүмкіндік беруді сұрайды. Біз одан бас тарта алмаймыз және соңғы қаулыда ата-аналардың өтініші бойынша онлайн оқу мүмкіндігін қарастырдық», деді Жандарбек Бекшин.
Естеріңізге сала кетейік, Алматының бас санитар дәрігерінің соңғы қаулысы 16 тамызда қабылданған болатын. Жаңа қаулы бойынша нысандардағы карантин мен демалыс күндері жұмыс істеуге тыйым салу 31 тамызға дейін ұзартылған.