• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 23 Тамыз, 2021

Агроөнеркәсіп кешені: Инвестиция әлеуеті

287 рет
көрсетілді

Былтырдан бері агроөнеркәсіп кешеніне салынған инвестиция бір жарым есе өскен. Капиталдың 40 пайызы Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының тұрғындарына бұйырыпты.

Биыл қаңтар-шілде аралы­ғында ауыл, орман және балық шаруашылығы секторында негізгі капиталға салынған инвестиция 386,1 млрд теңгені құ­ра­ған. Бұл 2020 жылғы көр­сет­­кіштен 47,8 пайызға жоғары.

Finprom-ның жазуынша, былтыр секторға 261,2 млрд теңге қаржы құйылып, бір жыл­дық өсім 15,3 пайыз­ды құраған. Инвестиция негізі­нен өсімдік және мал шаруашы­лығына беріліпті. Биыл балық аулау және балық өсіру шаруа­шылы­ғына 2,2 млрд теңге бөлінген. Орман және ағаш кесуге 77,3 млн теңге аударылыпты.

Өңірлік бөліністе инвес­ти­ция­ны ең көп алған аймақ ретінде Солтүстік Қазақстан облысы көш бастайды: 91,9 млрд теңге. Былтырғыдан 48,6 пайызға көп алған. Екінші орында – 60,2 млрд теңгемен Ақмола облысы. Өсім – екі есе. Үштікті 47 млрд теңгемен Павлодар облысы түйіндеген. Бұл облысқа биыл келген қаржы былтырғыдан 95,3 пайызға көп екен. Барлық инвестиция­ның үштен екісін, нақтырақ айтқанда, 265,1 млрд теңгені сектордағы кәсіпорындардың жеке қаражаты қамтамасыз еткен. Ал 103,7 млрд теңге банктік емес заемдар есебінен келген. Банк берген несие кө­лемі – 17,3 млрд теңге. Бұл рет­те несие қаражаты 2020 жыл­дың қаңтар-шілдесімен са­лыс­тырғанда 19,1 пайызға аз.

Дегенмен осыншама қыруар қаражат бөлінгеніне қара­мастан, саладағы көптеген мә­селе әлі күрмеулі қалпында, ше­шімін таппай отыр. Әсіресе биылғы қуаңшылық салдарынан көп өңірде егіннің жайы мардымсыз. Мамандар биылғы астық түсімі былтырғыдан 20 пайызға кем болуы мүмкін деп болжайды. Мұндай таби­ғи катаклизмнің болуы алдын ала ескеріледі, со­ған қара­мастан сала күтпеген жағ­дайға дайын болмай шықты дейді Ауыл шаруашылығы ми­нистрінің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеев. Ол сон­дай-ақ мал шаруашылығын дамытудың негізгі принцип­терінің бұзылғанын, анықтап айтар болсақ, мал басын көбей­ту шарасы алдын ала жем­шөп база­сын дайындалмай іске асы­рыл­ғанын атап өтті. Ведомс­тво өкілінің айтуынша, ахуал был­тыр­ғыдай болмаса да статистика тым көңіл түсірердей емес.

«Қазір 1,5 млн гектар аумақ­тан дәнді және бұршақ дақылдары жиналып алынды. Бұл – жалпы егіс алқа­бының 9,9 пайызы. Былтыр 1,6 млн гектар жерден өнім жиналып, бұл бүкіл алқаптың 11 пайызын құраған еді. Орташа өнімділік гектарына 10 центнерден болған жағдайда 1,5 млн тонна жиналады. 2020 жылы орташа өнімділік 14,9 центнер болды және 2,4 млн тонна алынды. Қазақстанның негізгі астық егетін аймақтары осы айдың үшінші онкүндігінен жаппай егін жинауға кіріседі. 13,24 млн гектардан астам алқаптағы дәнді дақылдар жақсы және қанағаттанарлық жағдайда болса, 2,12 млн гектар – нашар, тағы 78,3 мың гектардағы өнім жарамсыз болып қалды», деген еді Е.Қарашөкеев.

Ол мұндай ахуал бізде ғана емес, әлем елдерін де сарсаңға салып жатыр дегенді алға тартады: «Канадада өткен жылмен салыстырғанда бидайдың жалпы түсімі 31,6 пайызға төмендейді деп күтілуде. АҚШ-та бидай түсімі өткен жылмен салыстырғанда 4,4%-ға төмендеуі мүмкін».

Е.Қарашөкеевтің айтуынша, биыл Қазақстанда 15,3 млн тонна астық жиналады деп болжанып отыр. Сондай-ақ былтырдан қалған 3,5 млн тонна астық бар. Оның 2,8 млн тоннасы бидай екен. «Бұл республиканың ішкі қажеттілігін толық қамта­масыз етеді, сондай-ақ астық­тың белгілі бір көлемін экспорт­қа шығаруға да жетеді» деді ол.

Министрлік әзірге бәрі де оң, бәрі де дұрыс деп отыр. Бірақ негізгі сөзді айтатын – егін жиналатын күз мезгілі. Қазгидромет дерегіне сүйенсек, күзде республиканың басым бө­лігінде жауын-шашын қа­лып­ты деңгейде болады, бірақ солтүстік-шығыста нормадан артық жаууы ықтимал.