Қарағанды облысында соңғы екі аптада коронавирус инфекциясы тіпті екіленіп кеткен. Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте облыстың бас санитарлық дәрігері Юрий Залыгин қауіпті дертпен ауырғандар санының 1,2 есе өсіп кеткенін өкіне мәлім етті.
Қазіргі уақытта Қарағанды, Теміртау, Жезқазған, Сәтбаев қалаларында, Абай және Осакаров аудандарында аурушаңдықтың жоғары көрсеткіші байқалған. Ал жалпы облыс бойынша пандемия басталғаннан бері 76 347 адамның КВИ жұқтырғаны зертханалық тұрғыда расталып, ресми тіркелген екен.
– Коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиялық жағдайдың шиеленісуіне және облыс тұрғындары арасында «Дельта» штамының қарқынды таралуына, сондай-ақ клиникалық симптомдары бар науқастардың көбеюіне байланысты, меншік нысанына қарамастан Ashyq жобасына қатыспайтын барлық кәсіпорындар мен ұйымдардың қызметін тоқтата тұруды жалғастыру туралы шешім қабылданды. Мұның тек тіршілікті қамтамасыз ету және байланыссыз қызмет көрсету нысандары мен құқық қорғау және мемлекеттік органдарға ғана қатысы жоқ. Бұған қоса Ashyq қосымшасына қатысушылар сенбі және жексенбі күндері қызметін тоқтатады, – деді Ю.Залыгин.
Бұл дегеніңіз – Қарағанды облысы бойынша тамыз айының 21-нен бастап карантиндік шектеулерді жұмсартпау жөніндегі жаңа қаулы күшіне енеді деген сөз.
Алда жаңа оқу жылы келе жатыр. Облыстың бас санитарлық дәрігері оқу жылын штаттық режімде бастау үшін барлық білім беру ұйымдарында Ashyq жобасы жүйесін енгізудің қажеттілігін атап өтті. Медициналық қарсы көрсетілімдері бар немесе соңғы үш айда КВИ-мен ауырғандарды қоспағанда, 18-ден және одан жоғары жастағы студенттер вакцина алуы тиіс. Ал жатақханаларға тек вакциналаудан өткен студенттер ғана орналаса алады.
Брифингте облыстағы барлық мектепте бастауыш, орта және жоғары сынып оқушылары үшін бөлек есіктер болуының талап етілетіні айтылды. Колледждер мен жоғары оқу орындарында барлық кіру-шығу жолдарын іске қосу қажет болады.
Сондай-ақ білім беру ұйымдары үшін бірқатар талап белгіленді. Мысалы, қызметкерлер мен білім алушылар күнделікті сүзгіден өткізіледі. Дәрістерді қоспағанда, кез келген бұқаралық іс-шараларды өткізуге тыйым салынады. Кабинеттік оқыту жүйесі тоқтатылып, үй-жайларды міндетті түрде желдетіп отыру және басқа да қауіпсіздік шаралары талап етіледі.
Ю.Залыгин Қарағанды облысының тұрғындары коронавирус инфекциясын қай жерде жиі жұқтыратыны туралы деректерді жария етті.
– Ауруды қолдайтын факторлардың ішінде «үй ошағы» бойынша байланыс бірінші орын алады. Мұның үлесі 30%-ды құрап отыр. Қоғамдық көлікті пайдаланудағы үлес – 18%, ал сауда үйлері мен орталықтарға барғандар ауырғандардың 16%-ын құраған. Анықталмаған факторлары бар жағдайлардың үлес салмағы 19%-ға дейін артқан. Бұл науқастардың көп адамдар қатысқан тойларға және басқа да іс-шараларға қатысқандарын жасырғанын жанама түрде растайды, – деді ол.
Бұдан нені аңғаруға болады? Бұл аурудың негізгі ошағы той-томалақ және басқа да отбасылық жиындар екенін көрсетеді.
Облыстың бас санитарлық дәрігері 60 жастан асқан адамдардың ауруға жиі ұшырап жатқанын айтты. Олар барлық тіркелген КВИ жағдайларының 23%-ын құрайды екен. Айта кететін тағы бір жайт, коммерциялық сала қызметкерлері арасында аурушаңдық екі есе өскен. Өкінішке қарай, коронавирус инфекциясын жұқтырған мектеп оқушыларының саны да арта түсіпті.
Облыста карантиндік шектеулер тәртібін бұзғандармен күрес те қызу жүргізіліп жатыр. Жыл басынан бері 500-ден аса жоспардан тыс тексеру жүргізіліпті. Құқық қорғау органдарынан санэпидқызметке 1 100-ден аса материал келіп түскен. Бизнес нысандарына жалпы сомасы 111 млн теңгеден асатын 1 387 айыппұл салыныпты.
Облыс бойынша Ashyq жобасының көмегімен 4 753 құқықбұзушы анықталған екен. Оның ішінде 3 946 адамның «қызыл» мәртебесі, ал 807-сінің «сары» мәртебесі болған. Үй карантинін бұзғаны үшін 58 адамға жалпы сомасы 2,5 млн теңгеден аса айыппұл салыныпты. Ю.Залыгин «қызыл» мәртебесі бар карантинді бұзушылардың есімдері Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің сайтында және БАҚ-та жарияланатынын ескертті. Бірақ осындай шараларға қарамастан, той мен ас өткізу сияқты отбасылық жиындардың тыйылмай тұрғаны қынжылтады.
– Бұқаралық іс-шараларды өткізуге тыйым салынғанына қарамастан, бұзушылықтар азаймай тұр. Кейбір тұрғындар Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері қаулысының барлық талаптарын елемей, той, құдалық, мерейтой салтанаттарын ұйымдастырады. Тағы да еске салғым келеді: осындай іс-шаралармен сіз өзіңіздің денсаулығыңызға ғана емес, жақындарыңыздың денсаулығына да қауіп төндіресіз. Өйткені біреу жасына немесе денсаулығына байланысты коронавирус инфекциясына қарсы тұра алмайды, – деп атап өтті Ю.Залыгин.
Брифингтің соңында облыстың бас санитарлық дәрігері қарағандылықтарды коронавирус инфекциясына қарсы вакцина салдыруға, ал ауыра қалған жағдайда өзін өзі емдемей, бірден дәрігердің көмегіне жүгінуге шақырды.
Қарағанды облысы