• RUB:
    5.01
  • USD:
    523.58
  • EUR:
    549.71
Басты сайтқа өту
Экология 23 Тамыз, 2021

624 заңсыз қоқыс орны анықталды

397 рет
көрсетілді

Ғарыштан жүргізілген бақылау арқы­лы Ақмола өңірінде 624 заңсыз қоқыс орны бар екені анықталды. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурс­тар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ресми ақпарат бойынша қазір өңірде қатты тұрмыстық қалдыққа (ҚТҚ) арналған 130 орын (жер актілері бар) қарастырылған, оның ішінде тиісті рұқсаты бар 24 полигон жұмыс істеп тұр.

Бүгінде Ақмола облысының 10 ауданында заңдастырылған полигон әлі күнге дейін жоқ. Оның салдары заңсыз қоқыс төгетін орындардың көбеюіне әкеліп соғуда. Мәселен, биыл ғарыштан жүргізілген мониторингке сәйкес Арқа өңірінде 624 бейберекет қоқыс орындары анықталып, 361 заңсыз полигон жойылды.

Бұдан бөлек, өңірде өндірістік және тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап, қайта өңдеуге арналған инфрақұрылым қарастырылмаған. Облыста қатты тұрмыстық қалдықты жинаумен 4 кәсіпорын айналысады. Былтыр мұнда ҚТҚ-тың жалпы көлемі 243 мың тоннаны құраса, биылғы 6 айда оның көрсеткіші – 124 тың тонна. Бұл ретте қайта өңдеудің үлесі небәрі 3%-ды ғана құрайтынын айта кеткен орынды.

Осы өзекті мәселені шешу үшін өңірдегі атқарушы билікке белгіленген тәртіпке сай ҚТҚ-тың барлық полигонын рәсімдеу жұмысын жандандыруға, полигондарды талапқа сай орна­ластыруға, сондай-ақ аудандық елді мекендер­де қалдықты уақытша сақтау алаңдарын ұйым­дастыруға және халықты қалдықтарды фракциялар бойынша сұрыптауға ынталандыру үшін қайтала­ма шикізатты сатып алу пункттерін белгілеуге ке­ңес берілді.

Сонымен қатар заңсыз қоқыс орындарын азайту үшін жергілікті полиция қызметімен бірлесіп жұмысты күшейткен дұрыс дейді экологтер.

Жауапты ведомствоның мәліметіне сенсек, қазір өңірде бейберекет қоқыс үйінділері азаймай тұр. Жыл сайын өткізілетін санитарлық абаттандыру шараларына қарамастан, тиісті бақылаудың әлсіздігі мен полигондардағы коммуналдық қалдықты реттеу жолға қойылмаған соң елді мекендер маңында заңсыз қоқыс орындары қаптай береді.