• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 23 Тамыз, 2021

Жергілікті өзін-өзі басқаруды жаңа тұжырымдамасы бекітілді

954 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасы Президентінің 2021 жылғы 18 тамыздағы Жарлығымен Қазақстан Республикасында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасы бекітілді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Құжатқа сәйкес, Қазақстанда жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту және оның органдарының қызметі мынадай қағидаттарға негізделеді:

1) азаматтардың жергілікті маңызы бар мәселелер бойынша шешімдер қабылдау процесіне қатысуы және олардың орындалуын бақылауды жүзеге асыру үшін жағдайларды қамтамасыз ету;

2) халықтың пікірін ескеру;

3) жергілікті өзін-өзі басқару органдарының сайланбалығы;

4) заңдылық;

5) жергілікті өзін-өзі басқару органдарының жергілікті халық алдындағы бүкпесіздігі, ашықтығы және есептілігі;

6) жергілікті өзін-өзі басқару органдарының ұйымдастырушылық, экономикалық және қаржылық дербестігі;

7) жергілікті өзін-өзі басқару және мемлекеттік басқару органдарының функциялар мен өкілеттіктердің аражігін ажырату, елдің қалалық және ауылдық елді мекендерін дамыту үшін ынтымақтастығы мен өзара жауапкершілігі негізінде өзара іс-қимыл жасауы;

8) жергілікті маңызы бар мәселелерді шешу кезінде жалпы мемлекеттік мүдделерді сақтау;

9) мемлекет тарапынан жергілікті өзін-өзі басқаруды қолдау.

Негізгі күтілетін нәтижелер:

1) 2023 жылы - жергілікті өзін-өзі басқару сапасындағы қоғамдық қатынастарды, жергілікті өзін-өзі басқару органдарын құру және олардың қызметі мәселелерін реттейтін "Қазақстан Республикасындағы жергілікті өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының Заңын қабылдау;

2) 2021 жылдың екінші жартыжылдығынан 2025 жылдың бірінші жартыжылдығына дейін - ауылдық округтердің 2,5 мың әкімін 2021

2025 жылдар ішінде жергілікті тұрғындардың тікелей дауыс беруі арқылы қайта сайлау;

3) 2024 жылдан бастап - барлық ауылдық округтерде өкілді органның Кеңестің жұмыс істеуі;

4) 2022 жылы - барлық деңгейдегі мәслихаттарды отырыстардың онлайн-трансляциясымен қамту;

5) 2024 жылдан бастап - облыстарда аудан әкімдерін тікелей сайлауды енгізу;

6) 2025 жылға қарай жергілікті өзін-өзі басқару органдарының интернет-ресурстарын құру;

7) 3,5 мың ауылдық елді мекенде (тірек және спутниктік) инфрақұрылымды өңірлік стандарттардың параметрлеріне дейін жеткізу.

Жоғарыда көрсетілген шараларды іске асыру 2025 жылға қарай өңірлердің аумақтық, экономикалық, әлеуметтік жағдайларына сәйкес келетін, сондай-ақ тұрғындар мен тұтас мемлекеттің мүдделеріне жауап беретін жергілікті өзін-өзі басқарудың жаңа моделін қалыптастыруға мүмкіндік береді.