Биыл ұлы ағартушының туғанына 180 жыл болды, соған орай кеше «Ыбырайдың ізімен» велошеруінің Нұр-Сұлтан − Қостанай бағытын бетке алған қатысушылары бас қаладағы Ыбырай Алтынсарин көшесінің бойында ұстазға орнатылған тақтатас жанынан аттанды.
Бұл веломарафон Тәуелсіздігіміздің отыз жылдығы мен Ыбырай атамыздың айтулы мерейтойына арналды.
Велотоп бес адамнан тұрады. Олардың бәрі де әуесқой велошабандоздар. Мамандықтары да әртүрлі: мұғалім, журналист, зейнеткер. Игілікті жобаның бастамашысы – Ернат Мелсұлы, ағылшын тілінің маманы және «Хабар 24» телеарнасындағы шетел хабарларының шолушысы. Бұған дейін ол 2018 жылы 500 шақырымдық «Астана – Ақтоғай», 2019 жылы 208 шақырымдық «Қарағанды – Жаңаарқа», 2020 жылы Абай атамыздың 175 жылдығына арнап 1088 шақырымға созылған «Нұр-Сұлтан – Жидебай» велошеруін ұйымдастырған.
Мазмұнды сапарға қатысушылар Ыбырай атамыздың өнегелі өмірі мен бай мұрасын насихаттауға атсалысу, сонымен қатар, жұртшылық арасында саламатты өмір салтын ұстану және табиғатты аялауға үндеуді мақсат тұтқан.
Веломарафонның ұзақтығы −750 шақырым, бір бағытқа, яғни «Нұр-Сұлтан − Қостанайға» ғана жасайды, сапар алты күнге созылады деп жобаланған.