Орталық коммуникациялар қызметінің мінберінен Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Сергей Дьяченко Елбасының Жолдауы туралы өзінің ойларын ортаға салып, журналистерге брифинг берді.
Орталық коммуникациялар қызметінің мінберінен Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Сергей Дьяченко Елбасының Жолдауы туралы өзінің ойларын ортаға салып, журналистерге брифинг берді.
Өз басым Елбасының жаңа Жолдауынан алған әсерімнен әлі күнге ажырай алмай жүрмін, деп бастады ол өзінің сөзін. Бұл – біздің өміріміздің барлық саласын қамтыған, стратегиялық жағынан мазмұнды, нақты құжат. Онда еліміздің барлық: экономикалық, саяси, әлеуметтік және мәдени өмірлері көрініс тапқан. Сонымен бірге, онда істейтін жұмыстарымыздың басым бағыттар айқын белгіленген.
Мен Елбасы Жолдауы негізінен экономикалық мәселелерді қамтығанымен, қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттыруды көздегенін атап айтқым келеді. Соның ішінде білім беру, денсаулық сақтау салаларына айрықша көңіл бөлінген. Бұл факторлар еліміздің бәсекелестікке қабілеттігін арттыратын дүниелер болғандықтан да Елбасының оларға айрықша назар аударғаны анық. Сондықтан Президент бұл салаларды әлемнің ең жоғары стандарттарына теңестіру жөнінде Үкіметтің алдына міндеттер қойып отыр.
Одан әрі шешен Елбасының «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясы туралы өзінің ойын сабақтады. Онда барлық қазақстандықтарды біріктіретін құндылықтар айтылған. Бұл біздің ортақ мақсатқа негізделген ортақ тағдырымыз, деді ол.
Жолдаудың ауқымдылығы, тереңділігі сол, оның өне бойынан Қазақстанның алыс болашақты көздеген стратегиялық бағдарларымен қатар, оларға қол жеткізетін тактикалық мүмкіндіктер де көрсетілген. Оларға жеті бесжылдықтың аясында қандай кезеңдерден өту арқылы жету жолдары айқын белгіленген. Сөйтіп, жоғары дамыған 30 елдің қатарына ену перспективасы айдан анық көрсетіліп тұр. Міне, сондықтан да барлық қазақстандықтар қолдарына қарындаш ала отырып, Жолдауды барынша тиянақты оқып, ондағы ойлар мен пікірлердің, ұсыныстар мен талаптардың мазмұнына терең бойлауы қажет деп санаймын. Өйткені, олар Парламентке де, барлық министрліктер мен ведомстволарға да, қоғамдық-саяси институттарға да, әрбір азаматқа да тікелей қатысты, деді С.Дьяченко.
Одан әрі шешен: Жолдауды іске асыру үшін барлық Қазақстан қоғамы біртұтас болып бірігіп істер атқаруы керек. Әрине, елімізді барынша дамыған 30 елдің қатарына енгізу туралы міндет қою – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерік-жігері мен қажыр-қайраты барынша мол, стратегиялық ақыл-ойы терең, аса кең құлашты көшбасшы екендігін көрсетеді. Елбасы алдымыздағы 15-17 жылды елдің қарышты дамуының кезеңі деп отыр. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін ІЖӨ-нің жыл сайынғы өсімі 4 пайыздан төмендемеуі және салынатын инвестиция көлемі ІЖӨ-нің 30 пайызына жетуі қажеттігі айтылды. Сонымен бірге, қазақстандық экспорттағы шикізаттық емес үлестің көлемін 70 пайызға жеткізу, ғылымды қаржыландыру көлемін ІЖӨ-нің 3 пайызынан кем қылмау, энергия шығынының көлемін екі есе азайту, ал еңбек өнімділігін бес есе арттыру көзделген, деді. Вице-спикер осындай биіктерді бағындыру үшін, әрине, барлық қазақстандықтарға жатпай-тұрмай еңбектену керектігін жеткізді. Сондықтан Елбасы ешкімге де жеңілдік жасалмай, жұмыс нәтижесі барлық лауазым иелерінен қатаң сұралатынын атап көрсетті, деді ол.
Сөзінің біраз бөлігін Парламент спикерінің орынбасары төменгі палатаның заң шығару жұмыстарына қатысты талаптарға арнады. Қаңтардың 17-сінде, яғни Жолдау жарияланған күні-ақ Мәжіліс Төрағасы Н.Нығматулиннің төрағалығымен палатаның бюро отырысы болғанын, онда парламентарийлердің міндеттері айқындалғанын жеткізді. Онда біз Жолдауды іске асыруға байланысты заңнамалық жұмыстардың басымдықтарын талқылап, жаңа жоспардың нобайын жасадық. Соның ішінде елді индустрияландыру, халықты әлеуметтік қорғау, агрокешен, білім беру мен ғылым, денсаулық сақтау салаларын жетілдіруге байланысты заң жобаларын әзірлеу жоспарға енгізілмек, деді ол.
Сөзінің соңында С.Дьяченко журналистердің сұрақтарына жауап берді.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан».