• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
23 Қаңтар, 2014

Ұстаз

286 рет
көрсетілді

Қай елдің тарихының қандай кезеңін алып қарасақ та, қоғамның дамуына айтарлықтай ықпал еткен тұлғаларды табуға болады. Қазақ елінде жол білімі мен ғылымының қалыптасуы мен дамуына үлкен үлес қосқан тұлға деп Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, құрметті жолшы, қазақтан шыққан тұңғыш жол профессоры Бақытжан Сатмағамбетұлы Мұртазинді айтуымыз керек.

Қай елдің тарихының қандай кезеңін алып қарасақ та, қоғамның дамуына айтарлықтай ықпал еткен тұлғаларды табуға болады. Қазақ елінде жол білімі мен ғылымының қалыптасуы мен дамуына үлкен үлес қосқан тұлға деп Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, құрметті жолшы, қазақтан шыққан тұңғыш жол профессоры Бақытжан Сатмағамбетұлы Мұртазинді айтуымыз керек.

Бақытжан Сатмағамбетұлы 1938 жылы желтоқсан айының 26 жұлдызында Ресейдің Омбы облысы Москален ауданындағы Елеуіш деп аталатын қазақ ауылында дүниеге келді. 1955 жылы көрші Степкоп елді мекеніндегі орта мектепті үздік бітіріп, Омбы қаласындағы Сібір автомобиль-жол институтының жол-құрылыс факультетіне түсіп, оны 1960 жылы аяқтап шықты.

Б.Мұртазин еңбек жолын «Гипро­автранс» мемлекеттік жобалау инс­титутының Хабаровск бөлім­шесіндегі инженер қызметінен бастап, сол мекеменің іздестіру партиясының басшысы болды. Халық шаруашылығы үшін аса маңызды сол кездегі Еврей автономиялық облысында, Хабаровск, Амур және Сахалин облыстарындағы автомобиль жолдары мен көпірлерді іздестіру және жобалау жұмыстарын үлкен жауапкершілікпен атқарды. Бүгінде үлкен күре жол саналатын «Хабаровск-Владивосток» жолының жобасын дайындауға қатысты. Өн­дірістің қайнаған қазанында жүріп, болашақ үшін мол тәжірибе жинады. Елім деп соққан жұдырықтай жүрегі оны 1962 жылы Алматыға алып келді. Республиканың «Қазжол-құрылыс» тресіне орналасып, инженер, аға инженер қызметтерін атқарды.

1965 жылы оның өмірінде елеулі оқиға болды. Бұл оқиға оның бүкіл ғұмырлық жолының бастауы еді. Ол бала күнінен білімге құштар болды. Сондықтан да Мәскеу автомобиль-жол институтына аспирантураға түсуге тілек білдіріп, құжаттарын тапсырды. Салғаннан жолы болып, түсіп кетеді. Аты әлемге әйгілі профессор В.Ф. Бабков ғылыми жетекші болып, тау жолдарын жобалауға арналған диссертациясын 1970 жылы сәтті қорғап, техника ғылымдарының кандидаты атанды. Ғылыми-зерттеулері нәтижелерінің құндылығы сол – 1971 жылы Прага қала­сында өткен Бүкіләлемдік 14 жол кон­гресіне КСРО-дан профессор В.Ф. Баб­ковтың жетекшілігімен дайындалған ғы­лыми баяндамаға еніп, басылып шықты.

Бүгінге дейін, яғни 44 жыл уақыт өтсе де профессор Б.Мұртазиннен кейін­ тек 2011 жылы Мехико қаласын­да өт­кен 24-ші Бүкіләлемдік жол кон­гре­сінде ғана Қазақстан ғалымда­ры­ның ғылыми еңбегі жарық көрді!

Аспирантурадан кейін Өскемен қаласындағы құрылыс-жол институтына педагогикалық жұмысқа жіберілді. Алғашында аға оқытушы, доцент қызметтерінде болып, кейін факультет деканы, кафедра меңгерушілігіне тағайындалып, өзіне сеніп тапсы­рыл­ған жауапты қызметтерді абырой­мен атқарды. Осы білім ордасында жүріп ғылыми-әдістемелік жұмыстар бойынша үлкен тәжірибе жинады. Кеңес Одағы Жоғары және орта арнайы білім министрлігінің Оқу-әдістемелік бірлестігінің мүшесі болып тағайындалып, «Автомобиль жол­дары» мамандығы бойынша оқу жоспарлары мен кәсіби пәндер бағ­дар­ламаларын жасауға белсене араласты.

Б.Мұртазин 1978 жылы Өскемен жол-құрылыс институтының Алматы қаласындағы жалпытехникалық факультетіне доцент қызметіне арнайы ауыстырылды. Ондағы басты мақсат – «Автомобиль жолдары» мамандығы бойынша оқитын студенттерге кәсіби пәндерден білім беруді ұйымдастыру болатын. Жалпы­техникалық факультетке келгенде ол кәсіби пәндерді оқытатын жалғыз ғана оқытушы болды. Аз ғана уақыт ішінде ол «Автомобиль жолдары» кафедрасын ұйымдастырып, оны ғылыми атақтары және дәрежелері бар білікті оқытушылармен толықтырды. Бұл – елімізде «Автомобиль жолдары» мамандығы бойынша құрылған тұңғыш кафедра еді. Отыз алты жыл бұрын Б.Мұртазин ұйымдастырған осы кафедрадан бүгінге дейін 4 мыңнан астам жоғары білімді жол инженерлері қанаттанып шықты. Олар ел игілігі үшін түрлі салалар мен мекемелерде қызмет атқаруда. Атап айтсақ, олар бүгін жол саласын, ірі ғылым және өндіріс ұйымдарын басқарады, автомобиль көлігі, жол және коммуналдық шаруашылықтарында, жол полициясы саласындағы әртүрлі мекемелерде жауап­ты қызметтерде істейді.

Профессор Бақытжан Мұртазиннің Отаны үшін 40 жылдан аса аянбай жасаған еңбегінің жемісі бұл! Осын­дайда тілге ғұлама Абайдың «ақы­рын жүріп, анық бас-еңбегің кет­пес далаға...» деген нақыл сөзі оралады.

Б.Мұртазин білікті маман ретінде 1978 жылы Жоғары және орта арнаулы білім министрлігінің орталық аппаратына қызметке шақырылып, Жоғары білім басқармасының жетекшісі, министрліктің алқа мүшесі болып тағайындалды. Бір жылдан кейін Министрлер Кеңесіне жоғары лауазымды қызметке ұсынылып, Білім, мәдениет және денсаулық сақтау бөлімін басқарды.

Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің қаулысымен 1990 жылдың желтоқ­сан айында Өскемен құрылыс-жол инс­титутының Алматыдағы филиалының негізінде Алматы автомобиль-жол институты құрылып, оның ректоры болып білім беру үдерісін оқытушылықтан мем­­­­­лекет деңгейінде басқаруға дейін тәжі­ри­бесі бар Б.Мұртазин таға­йындалды.

Профессор Б.Мұртазин Қазақстанда тұңғыш рет құрылған дербес авто­мобиль-жол институтының ректоры қызметінде жүріп, еліміздің жол білімі мен ғылымының қалыптасып, дамуына, ана тіліміздің техника саласында орнықты қолданысқа түсуіне айрықша көңіл бөлді.

1989 жылдың қыркүйек айында Қазақстанда тұңғыш «Тілдер туралы» заң қабылданды. Бұл заң ана тіліміз – қазақ тілінің мәртебесін көтеріп, қолдану аясын кеңейтуге негіз болды. Осы уақытқа дейін ресми құжаттардың, іс басқарудың – бәрі де тек орыс тілінде жүргізілді. Қазақ тілі қазақтардың ғана тұрмыстағы өзара қатынас құралы ғана деп бағаланып келді. Оның өзі де көбіне ауылды жерлерде ғана... Қазақ тілінде оқу құралдарын, оқулықтар жазып, тех­никалық мамандықтар бойынша студенттерді қазақ тілінде оқыту керек деген пікірге сол кездері ашық қарсы шыққандар аз емес еді. Өзге ұлт өкілдерін былай қойғанда, өзіміздің қазақтардың ішінен де «техникалық мамандықтар бойынша кітапхана қоры түгелге дерлік орыс тілінде», «терминдер мен түсініктер қалыптаспаған», «оқытушылар қазақ тілінде дәріс беріп, сабақ жүргізе алмайды», «сту­денттерді аудиторияда шала-пұла қазақша оқытып, ал дайындалғанда орыс тіліндегі техникалық әдебиетті пайдаландырып, балалардың миын ашытып, не анда жоқ, не мұнда жоқ ... дүбәра болып шығады» деген сияқты қазақ тілінде техникалық мамандарды даярлауға қарсы айтылған пікірлер, қойылған тосқауылдар көп болды. Осындай кезеңде жүрегі елім деп соққан, бойында суырылып көш бастай алатын, дүйім топты жұмылдыру мақсатымен мағыналы сөз бастай алатын қабілеті бар, қайратты мінезі бар басшылар керек болып тұрды. Жол саласының бағы жанды. Ондай адам табылды. Ол Бақытжан Мұртазин болды.

Сол 1989 жылдың, есімде жоқ, не қараша, не желтоқсан айы болатын. Мен Өскемен құрылыс-жол институтының Алматы қаласындағы жалпытехникалық факультетінде 4 курс студентімін. Ұстаздарымның бірі – техника ғылымдарының кандидаты, доцент Бақыт Бірмағамбетұлы Атымтаев: «Бағдат, екеуімізді Бақыт­жан Мұртазин шақырып жатыр», деді. Бәкең бізді жылы қарсы алып: «Біз мамандарды қазақ тілінде дайындау үшін ең алдымен техникалық терминдер мен түсініктер сөздігін жасауымыз қажет. Онсыз оқу құралдары да, оқулық та – бәрі де дұрыс болмайды. Бұл ең маңызды, алғашқы қадам. Осы жауапты істі, қарсы болмасаңыздар, үшеуміз бірігіп қолға алсақ? Бақыт Бірмағамбетұлы, сіз көп жыл жол мамандығы бойынша «инженерлік геодезия» пәнінен сабақ беріп келесіз, қазақ тілінде оқу-әдістемелік еңбектер жаздыңыз. Бағдат, сен әлі студент болсаң да, талабыңды, оқу үлгеріміңді ескеріп сенім артып отырмын», деді... Бұл еңбекте техни­калық терминдердің қазақ тіліне бала­ма аудармаларын берумен ғана шек­телмей, олардың әрқайсысына қазақ тілінде түсіндірме жазылды. Жол саласында жиі қолданылып жүрген 2 мыңға жуық терминдер мен түсініктер қамтылды. Кітап Қазақстан Ғылым академиясының академигі, Тіл институтының сол кездегі директоры Әбдуали Қайдаровтың жетекшілігімен Мемлекеттік терминологиялық комиссияда кәсіби сараптамадан өтті.

Оның мазмұны мен маңыздылығы ескеріліп, Білім министрлігі жоғары және арнайы орта білім беретін оқу орындарында жол мамандығы бойынша оқитын студенттер мен оқушыларға оқу құралы ретінде бекітті. Жан-жақты талқылау мен сараптамадан өткен, профессор Бақытжан Мұртазиннің басшылығымен ана тілімізде жоғары білікті мамандар даярлау мақсатымен жазылған алғашқы еңбегіміз «Жол шаруашылығы терминдерінің орысша-қазақша түсіндірме сөздігі» деген атпен мемлекеттік «Ана тілі» баспасынан 1992 жылы 4 мың дана таралыммен басылып шықты. Бұл түсіндірме сөздік бүгінге дейін 20 жыл­дан астам уақыт жол қауымының қаже­тіне жарап келеді. Осы еңбектегі тер­мин­дердің басым бөлігі Елбасымыз Нұр­­сұл­тан Назарбаевтың тапсырмасымен жазылып, 2000 жылы «Рауан» бас­пасынан жарық көрген, Қазақстан Рес­пуб­ли­касының Мемлекеттік сыйлы­ғына ие болған 32 томдық сөздік­тер жина­ғының «Көлік және қаты­нас жолдары» деп аталған 8-ші томы­на енді.

Ел болашағын ойлаған Б.Мұртазин өзіне берілген тарихи мүмкіндікті ұтымды пайдалана білді. Ол 1991 жылы, ол кезде Алматы автомобиль-жол институтының ректоры болатын, тәуекелге бел буып, жауапкершілікті өз мойнына алып, республикамызда алғашқылардың бірі болып институтта ресми түрде қазақ бөлімін ашты. Ана тілімізде оқу-әдістемелік еңбектер мен оқу құралдарын әзірлеуді мықтап қолға алды. Сол жылы институтты жақсы біті­ріп шыққан 4 жас маманды қазақ бөлі­міне оқытушы қызметіне қалдырып, жан-жақты қолдау көрсетті. Бірнеше жыл­дың ішінде бірінші курстан бастап дип­лом жобасын жасап, қорғауға дейін оқу үдерісі ана тілімізде жүргізілетін болды.

Б.Мұртазин жол ғылымының дамуына да үлкен үлесін қосты. Әсіресе, оны қазақ ұлт өкілдерінің жол ғылымында болмауы қатты толғандырды. Осы үлкен олқылықтың орнын толтыру мақсатымен шәкірттерінің қабілетті дегендерін алдымен институтқа қалдырып, бір-екі жыл тәжірибе жинақтағаннан кейін, өзі аспирантурада оқыған Мәскеу автомобиль-жол институтындағы ұстаздары мен жолдастарымен келісіп, сонда жіберіп отырды. Олардың алғашқылары – бүгін­гі «Қазақавтожол» республикалық мем­лекеттік мекеменің бас директоры Се­рік Ақтанов пен «Рейдер» телебағ­­­дар­­­ла­­­масының директоры Алмас Ұзақов болды.

Бір басылым медицина саласындағы белгілі ғалым Зигмунд Фрейд туралы: «Менімше, оның ғылымға қосқан үлесінің үлкені – Нобель сыйлығына тұрарлық ғылыми еңбектер жаза алғандығында емес, миды зерттеу саласында өзіне дейін қалыптасып келген көзқарасты өзгертуге ықпал етуінде» деп жазған еді. Біз профессор Бақытжан Мұртазинді – өзінің білімімен, саналы іс-әрекетімен, ел мүддесіне бағытталған қалтқысыз қызметімен бүгін әлемде ойып өз орнын алған өскелең Қазақстанның күре тамыры – жол саласының дамуына айтарлықтай ықпал еткен, үлкен үлес қосқан тұлға деп білеміз.

Бағдат ТЕЛТАЕВ,

«Қазақстан жол ғылыми-зерттеу

институты» акционерлік қоғамының президенті,

техника ғылымдарының докторы, профессор,

Қазақстан Ұлттық инженерлік академиясының академигі.

Соңғы жаңалықтар