• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 26 Тамыз, 2021

«Қазақстан шетелдік БАҚ көзімен»: байқау жеңімпаздары анықталды

215 рет
көрсетілді

ҚР Сыртқы істер министрлігінде ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Қазақстан шетелдік БАҚ көзімен» VI халықаралық байқау жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті, деп жазады Egemen.kz.

ҚР Сыртқы істер министрлігінде ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Қазақстан шетелдік БАҚ көзімен» VI халықаралық байқау жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.

Байқауды ҚР СІМ және Қазақстан бас редакторлар клубы ұйымдастырды. Шара осымен алтыншы рет өткізіліп отыр. Биылғы конкурс ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналды.  

Байқау аясында қазылар алқасы әлемнің 40-қа жуық елінің 60 журналисінің жұмысын қарады. Материалдар Қазақстанға қатысты экономика, саясат, халықаралық қатынастар, тарих, мәдениет, туризм, денсаулық сақтау, спорт, ядролық қарусыздану, жаңартылмалы энергия көздері сияқты ауқымды тақырыптарға, сондай-ақ қазақ халқының көрнекті тұлғалары – Абай Құнанбайұлы мен Әбу Насыр әл-Фарабидің мұрасына арналды. Байқауға қатысушылардың материалы шетелдік газеттерде, журналдарда, интернет-басылымдарда және танымал интернет платформаларында жарияланды.

Қазылар алқасының шешімімен 6 шетелдік журналист жеңімпаз атанды. Олар – «Республика», «Литвалық курьер» апталық басылымдардың және «Эхо Литва» газетінің бас редакторы Н.Жуков (Литва), «Finančné Noviny» басылымының бас редакторы В.Бачишин (Словакия), Пәкістанның жаһандық және стратегиялық зерттеулер орталығының аймақтық сарапшысы, доктор М.ул-Хасан Хан (Пәкістан), Канаданың эмиграция және мультикультурализм мәселелері жөніндегі бұрынғы министрі Т.Рупрехт (Канада), «BCI Медиа» компаниясының коммерциялық продюсері И.Черней-Келнер (Канада), және «MNB» телеарнасының тілшісі Ц.Бат-Эрдэнэ (Монғолия).

Марапаттау рәсіміне ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ерлан Әлімбаев, Қазақстан бас редакторлары клубының президенті Бибігүл Жексенбай, Нұр-Сұлтан қаласында аккредиттелген шетелдік дипломатиялық корпустың және жетекші қазақстандық БАҚ өкілдері қатысты.

Сыртқы істер министрінің орынбасары Ерлан Әлімбаев жеңімпаздарды құттықтай отырып, байқаудың қатысушыларына алғыс білдірді. Олардың саны жылдан жылға артып келе жатқанын, өтінімдер географиясының кеңейгенін, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары тарапынан Қазақстанға деген қызығушылықтың артқанын атап өтті. Е.Әлімбаев Сыртқы істер министрлігінің коронавирус пандемиясына байланысты шектеулерді сақтай отырып, мазмұнды бағдарлама ұйымдастырғанын, оның аясында байқау жеңімпаздары Қазақстан, оның қазіргі дамуы мен 30 жыл ішінде қол жеткізген жетістіктері туралы толығырақ білуге, халқымыздың қонақжайлылығын сезінуге ​​мүмкіндік алатынын айтты.

Өз кезегінде, шетелдік журналистер байқауды ұйымдастырушыларға алғыс айтып, Қазақстаннан алған әсерлерімен бөлісті.

Байқау жеңімпаздары Қазақстанға саяхат турына қатысуға, оның ішінде Нұр-Сұлтан, Түркістан және Алматы қалаларына, сондай-ақ Бурабай демалыс аймағына баруға мүмкіндік алды.