Алматы облысында жыл басынан бері «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында 2 895 жұмыссыз жас «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқыған екен. Ал былтыр мен биылды қосқанда осы курс тыңдаушыларының 1 050 бизнес-жобасына тиісті грант бөлініп, жеңімпаздар жеңілдетілген несие алған.
Жалпы, Алматы облысының тұрғындары шағын және орта бизнестің дамуына өзіндік үлестерін қосып келеді. Басым көпшілігі мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың нәтижесінде өзінің хоббиін жеке кәсібіне айналдырып үлгерді. Солардың қатарында Қарасай ауданының тұрғыны Ғалия Қожамбергенова да бар. Мамандығы бойынша инженер-құрылысшы болса да тігін ісіне қызығушылық танытып, сүйікті ісіне айналдырды. Мемлекеттік бағдарлама аясында қайтарымсыз несие алып, өзінің тігін цехын ашты. Облыста «Еңбек» бағдарламасы бойынша мыңнан аса бизнес жоба қайтарымсыз грант немесе жеңілдетілген несие иегері атанған.
– Мен 21 күн онлайн түрде кәсіп ашып, дөңгелетуді оқып-үйрендім. Содан кейін өзімнің бизнес жобамды ұсынып, сертификат ұтып алдым. Аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы оқуға қатысып, жобамды қорғап, «Еңбек» бағдарламасы аясында 583 мың теңге көлемінде қайтарымсыз несие алдым. Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың нәтижесінде жеке цех аштым. Қазіргі уақытта толыққанды жұмыс істеп тұр. Біздің цех арнайы киімдерді тігуге бағытталған. Алматы, Семей, Өскемен қалаларынан түскен тапсырыстарды орындап, жөнелттік, – дейді кәсіпкер Ғалия Қожамбергенова.
Кәсіпкердің айтуынша, грант бойынша берілген қаражатқа мамандандырылған тігін машинасы және қажетті құрал-жабдықтар, маталар сатып алынды. Қаскелең қаласындағы бизнес орталықтардың бірінде цех ашуға жарайтын ғимарат жалдаған. Бүгінгі күні үш адамды жұмыспен қамтып отыр. Тапсырыстар жергілікті тұрғындардан ғана емес, басқа да қалалардан түсуде.
Облыстық кәсіпкерлер палатасы Қарасай аудандық филиалының директоры Орынбай Жанәділдің айтуынша, биыл ауданда «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 484 ынталы тұрғын оқып, оның ішінен 70 бизнес-жоба қаржыландырылған.
Сондай-ақ «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында Еңбекшіқазақ ауданы Есік қаласының тұрғыны, жас кәсіпкер Алпамыс Жақұпов та несие алып, автөкөліктерге техникалық қызмет көрсететін орталық ашқан. 29 жастағы Алпамыс Жақұпов «Бастау Бизнес» жобасы аясында оқып, былтыр 550 мың теңге көлемінде грант ұтып алған болатын. Бүгінгі таңда Алпамыс ашқан орталық автокөлікке арналған техникалық байқаудың барлық түрінде қызмет етеді. Мысалы көлік жуу, қиындығына байланысты жөндеу жұмыстары, диагностика және тағы басқасы. Жас кәсіпкер халықтың темір тұлпарына жоғары дәрежедегі техникалық бақылау жасап қана қоймай, ауданның жұмыссыз жастарын жұмыспен қамтып отыр.
Аудандық кәсіпкерлік бөлімінің мәліметінше, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша биыл 350 адам оқуға ниет еткен. Оның ішінде 280 тыңдаушы кәсіпкерліктің қыр-сырын үйренуді бастап та кетті. Шағын несиені 80 тұрғынға беру жоспарланса, оның 60-ы 235,8 млн теңге несиені алып та үлгерген. Тағы 115 тұрғын мемлекеттік грант иесі атанады. Оның 85-і ұсынған жобасын қорғап, оларға 50 млн теңге көлемінде қаражат бөлініп отыр.
Айтпақшы, Алматы облысында Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының арнайы конкурсы шеңберінде берілген гранттар да тиімді игеріліп отыр. Жақында осы қордың қаржысына жүн өңдейтін және ұлттық көрпелер шығаратын этно шеберхана іске қосылды. Шеберхана Ақсу ауданында, «Тамшыбұлақ» қорының жетекшісі Жанат Есімбековтің бастамасымен Қапал ауылында ашылды. Ауылдағы кәсіпкерлікті дамытып, жастарды кәсіпке үйретуге бағытталған әлеуметтік маңызы бар жоба «Азаматтық бастамаларды» қолдау орталығының арнайы конкурсы шеңберінде берілген грант есебінен жүзеге асты.
– Қазіргі уақытта өз кәсібіңді ашып, еңбек ету керек. Сондықтан біз уақыт ағымына қарай өз кәсібімізді бастауға бел будық. Бағдарлама жеңімпазы атанып, қайтарымсыз несиеге қол жеткіздік. Ендігі кезекте ұлттық өнердің қайта жаңғырып, дамуына өз үлесімізді қосқымыз келеді, – дейді Жанат Есімбеков.
Жобаның жалпы құны 500 мың теңге екен. Бүгінгі күні 2 жұмыс орны құрылып, 10 адам ұлттық өнердің қыр-сырын оқып-меңгеруде. Басты мақсат – ұлттық өнерді әдемі көрпелерге кестелей отырып дәстүрді қайта жаңғырту. Алғашқы кезеңде этношеберхана ауыл халқын өніммен қамтамасыз етуге бағыттайды.
Сондай-ақ Қапшағай қаласында көпбалалы ана Жанат Медетқызы да құрақ бұйымдарын жасаудың ескі технологиясын ойдағыдай дамытуда. 15 жылдан астам тәжірибесі бар қолөнер майталманы қапшағайлық бойжеткендерге өз білгенін үйретуде. Сондай-ақ тапсырысты Қазақстанның барлық қалаларына жеткізеді. Жанат Медетқызының айтуынша, бір күнде цех тігіншілері 40-50 қалыңдыққа арналған жасау жүктерін тіге алады. Әрбір өнімге тігіншілер білек сыбана кірісіп, тапсырыстың сапалы шығуына барын салады. Тігіншінің ойынша, құрақ тігісі көп уақытты қажет етсе де, көркемдік талғамды қажет ететін өте қызықты іс. Өйткені түстер мен пішіндерді бір-бірімен үйлестіріп, үйлесімді үлгіге айналуы үшін таңдау керек. Құрақ жастықтар, көрпелер, жапқыш өзінің қанық түсті, сан түрлі оюларымен көптің таңдайын қақтырады. Цехта барлығы 20-дан астам өнім түрлері шығарылады.
– Әрбір өнер, әрбір пішіннің өзіндік мағынасы бар. Сондықтан әр жағдайға байланысты тиісті пішіндер бар. Көп жағдайда біз жастық, көрпе, төсек жапқышты ұлттық оюмен көркемдейміз. Ата-бабамыз қолданған оюмен өрнектейміз. Кей өнімге заман ағымына сәйкес өзгеріс те енгіземіз. Жас жұбайлар жинағын аққу, қос ғашықтың суретін салып не болмаса ізгі тілектер мен есімдерін жазып көркемдейміз. Қолымыз тиген әрбір өнімге жанымыздың бір бөлшегін сала кірісеміз, – дейді шебер.
Жалпы, Жетісудағы ежелгі өнердің барлық шеберлерін тек өз ойын жүзеге асыру, өз ісін ашу, өз бизнесін дамыту ғана емес, ең алдымен өскелең ұрпаққа ата-бабаларының мол шығармашылық мұрасын, баға жетпес дәстүрлерін, тарихы мен мәдениетін сақтау және беру ниеті біріктіріп отыр.
Бұдан бөлек, облыста кәсіпкерлікті дамытудың басқа да тетіктері іске қосылып, нәтижесін беріп отыр. Облыстық кәсіпкерлер палатасының жобаларды сүйемелдеу бөлімінің басшысы Дана Жамболатованың айтуынша, қазір бау-бақша мен ландшафт орталығын дамытуды қолдау бойынша ақпараттық-консалтингтік көмек көрсетілу жолға қойылыпты. Бұл бағыттағы бастамаларды мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде қаржыландыру да шешімін таба бастаған екен. Мәселен, талдықорғандық кәсіпкерлер Олеся Ильченко мен Яна Беленко қалада тұңғыш рет бау-бақша мен ландшафт орталығын ұйымдастырыпты. Осыған дейін олар табиғи өнімдер сататын «Сельпо» дүкенін ашқан болатын. Аталған орталық осы жобаның жалғасы екен. Екі жобаны да жүзеге асыруға Алматы облыстық кәсіпкерлер палатасы белсенді қолдау көрсеткен.
– Біз сатып алушыға сапасы жоғары тауарларды ұсынуға дайынбыз. Сондықтан біз жеке тұлғалармен жұмыс істемейміз, тек тәлімбақтармен ғана жұмыс жүргіземіз. Мысалы, көшеттердің сапасы жақсы деңгейде болып, бейімделуден өтуі керек. Орталықта сатып алушыларға кеңестер беріліп, тауарға қатысты барлық ілеспе құжаттар ұсынылады. Бұл жұмыс біз үшін аса маңызды, – дейді кәсіпкер Олеся Ильченко.