• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Білім 26 Тамыз, 2021

Постковидтік кезең: Интерактивті технологиялар – дәстүрлі білімнің келешегі

678 рет
көрсетілді

Республиканың барлық өңірлерінде дәстүрлі білім беру режіміне көшу барысына қызу дайындық жүріп жатыр. Оңтүстік астанадағы білім беру мекемелері де өз алдына әзірлік барысына кіріскен. «Алматы мектептері постковидтік кезеңде: Білім сапасы, балалардың денсаулығы және отбасының рөлі» онлайн-форумында ұстаздар мен сарапшылар пандемия кезінде туындаған қиындықтар мен алдағы уақытта білім сапасын арттыруда жаңа технологияларды пайдаланудың ерекшеліктері жайындағы зерттеулері және ұсыныстарымен бөлісті.

Форум бірнеше сессияда жалғасты. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев жаңа оқу жылында қаланың 287 мектебінде 300 мыңға жуық оқушының білім алатынын жеткізді. Бірінші сыныпқа баратын балалардың саны 30 мыңнан асады.

Мектепке барып білім алу оқушы­лар үшін де, мұғалімдер мен ата-ана­лар да асыға күткен ерекше күн бол­мақ. Форум барысында қала әкімі дәс­түрлі оқу форматында жалғасатын оқу жылында мұғалімдерді қолдау, әсіресе олар­дың кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған шараларды жүзеге асыру мәселесіне тоқталды. Осы орайда жаңа оқу жылына дайындық барысын­да мұға­лімдер 20-дан астам пәндік сек­ция­лар жұмысына қатысқан.

Пандемияға қарамастан алға жылжу қажеттігін алға тартқан Б.Сағын­таев­тың айтуынша, қашықтан білім алу мен дәстүрлі оқуға дейінгі үзілісте оқу­шылардың да, ата-аналар мен мұ­ға­лімдердің де білімге қатысты көз­қа­расы өзгерді. «Қашықтан оқыту бары­сында көптеген қиындықтармен бетпе-бет келдік. Ол кезеңде Алматы облысы елді мекендерін қашықтан оқу үрдісіне тарту мәселесі өзекті бол­ды. Интернет дұрыс істемеді. Қа­шық­тықта отырған оқушыларды бі­лім­мен, ақпаратпен қамтамасыз ету үшін білім беру платформаларының жылдам жұмыс істеуін, теледидарды іске қосу қажеттілігі туды. Мұның барлығы біздің жұмысымызды жаңа бағытқа бұрды. Бүгінде әлем өзгерді. Біз де жаңа технологияларды игере бастадық. Компьютер мұғалім мен оқушының, ата-ана мен мектептің арасындағы байланысты алмастыра алмайтыны анық. Ендігі кезекте әлемдегі, сонымен бірге біздегі де оқу барысы өзгеше болады», деп атап өтті қала басшысы.

Жиын барысында отбасыларды интерактивті оқыту барысына тарту мәселесі жайында сөз қозғаған қала әкімінің айтуынша, пандемия білім саласының осалдығын көрсетті. Осы­ған орай алдағы уақытта білім беру мекемелерін технологиямен жаб­дық­тау мәселесі жалғасын табатын болады. «Дағдарыс ықпал еткен инновациялар мен шығармашылық біздің білімімізді сапалы, инклюзивті және тұрақты ету үшін қолданылуы тиіс. Сондықтан өткен жылдан бастап қаладағы білім сапасының төмендеуіне жол бермеу және өзгермелі ортада оның дамуын қамтамасыз ету үшін біз жетекші қазақстандық және халықаралық сарапшылармен бірге «Алматы мектептері» арнайы үш жылдық бағдарламасын әзірлеуге кірістік. Бағдарлама постковидтік кезеңде білім беру жүйесін «оңалтуға» бағытталған шаралардың бірі және оны іске асыру қажетті оң нәтиже беретініне сенімдіміз», деді қала басшысы. Бағдарламаның мақсаты заманауи тәсілдер, әдістер мен тә­жіри­белер негізінде мұғалімдер мен мектептің басқару құрамын сапалы әрі жаңаша даярлау. Сонымен бірге жаңа оқу жылында ата-аналармен жұмысқа ерекше назар аудару қажет, өйткені олар оқу үдерісінің маңызды қатысушылары. Олардың көпшілігі, мұғалімдер сияқты, пандемия мен қашықтан оқыту кезінде қиындықтарға тап болды. Сондықтан оларға да қолдау қажет.

Әрине виртуалды техникалардың дәстүрлі білім беру үрдісін алмас­тыра алмасы анық. Десек те, пандемия ке­зінде заманауи технологиялар­ды иге­руде балалар ата-анасынан асып түс­кен отбасылар болды. Қа­зіргі кезде әрбір отбасы білімнің ма­ңыздылығына зер салып, озық технологияларды игерудің заман талабы екенін түсінді.

Дәстүрлі оқыту форматында заманауи интерактивті технологияларды пайдалану, балалардың денсаулығы, ата-ананың рөліне қатысты мәселені қозғаған сессия жұмысын «Талап» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рахым Ошақбаев жүргізді. Ол білім саласындағы теңсіздік мәсе­ле­сін қозғап, функционалды сауат­ты­лық жағынан бес-алты жыл артта қалған жалпы білім беретін мектептер бар екенін атап өтті. Сессия жұ­мысын әрі қарай пікірлерімен то­лықтырған шетелдік сарапшылар өз елдерінде, сонымен бірге әлем­дік білім кеңестігінде орын алған қиын­дық­тарға тоқталды.

Сарапшы Андреас Шляхер қиын кезеңде жұмыс істей отырып, білім беру саласында функционалды сауат­ты­лық, педагогтерді қолдау, заманауи технологияларды қолданудың өзектілігіне тоқталып, қолданыстағы технологиялар арқылы білім сапасын жақсартуға қатысты мысалдарды ортаға салды. Сарапшының айтуынша, интерактивті жұмыстардың нәтижесі білім сапасын арттырудағы қосымша көмек құралдары болып саналады. Технологиялар қандай да болмасын қиындықтарды еңсере алады. Пандемия кезінде барлық деңгейдегі мектептерде технологиялар, телеви­дение пайдаланылды, радио да қол­даныста болды. Яғни мұғалімді алмас­ты­ра алмағанымен, технология оқу барысын жақсартуға бағытталған мол мүмкіндік екенін көрсетті. Сарапшы сонымен бірге әлеуметтік жағдайына қарамастан, балалардың білімге тең­дей қолжетімділігі жайында айтып өтті. Сондықтан да инетернет, технологиялар қолжетімсіз аумақта немесе дағдарыс жағдайындағы отбасылар қолдаудан тыс қалмауы керек. Сапалы білім алу қоғамға ортақ мәселе. Пан­демия жағдайында мұғалімнің де, ата-ананың да, оқушының да рөлі өзгерді. Осы білім жобасының қатысушылары ретінде олардың тығыз байланыста болуы қажеттігін пандемия дәлелдеді. Дәл осы байланысты пандемиядан­ ­ке­йін­ де жал­ғастыру керек, деп атап өткен сарапшының айтуынша, жаңа технологиялар оқу барысын жеңілдетіп, сапалы білімге мүмкіндік береді.

Сингапур мұғалімдер одағының бас хатшысы Майк Тируманн пандемия кезінде жинаған тәжірибесімен бөлісті. Сыныпта оқуға үйреніп қал­ған балалардың көп қиындыққа тап болғанына тоқталып, «Сингапур технологиялар саласына жетістікке жеткен ел болғанымен, оны пайдалану, оқушыларды платформа арқылы оқуға қызықтыруда қиындықтар көп болды», деп атап өтті. Оның айтуынша, технология мұғалімді алмас­тыра алмағанымен, тұлғаны да­мы­туға бағытталған қызмет. Бірақ оның мүмкіндігін барлық бала пайдалана алмайды. Мысалы, бір үйде үш бала болса, оның барлығына құралдар қолжетімді болмауы мүм­кін. Ал тех­но­логиялардың барлық мүм­кін­дігін пайдалану уақыт талабы. Сарапшы сонымен бірге пандемия кезінде іске қосылған ата-аналарға арналған ар­найы қосымшаның баланың оқу үлге­рімін, мұғаліммен байланысын қам­тамасыз етуге мол мүмкіндік бер­ге­нін жеткізді. Сонымен бірге пандемия жағдайында жаңа тұрпатты мұ­ға­лім­дер пайда бола бастады. Бұл жаңа технологиялар арқылы білім беру ғана емес, балаларды қызықтырып, оқу үдерісіне толыққанды еліктіріп әке­те­тіндей зор мүмкіндік», деді син­га­пур­лық сарапшы.

Ресей ЭЖМ Білім институтының ғылыми жетекшісі Исаак Фрумин пандемия кезіндегі зерттеулер барысына тоқталды. Өз сөзінде сарапшы сапалы білім берудің, технологияларды тиімді пайдаланудың басқару инстурменттерімен байланыстылығын атап өтті. Көптеген елдерде қашықтан оқыту барысын ата-аналар өте төмен деңгейде бағалады. Бұл көрсеткіш Еуропа елдерінде он бір балдық баған­ның бір пайызын ғана құрады. Бұл мәселені жылдам түсінген Алматы қала­сы мектептерінің директорлары отбасылармен байланысқа шы­ғып, көптеген тиімді қадамдарға бар­ды. Оның айтуынша, пандемия кезіндегі барлық қиындықтар алда­ғы әріптестіктерге еркін жол ашады. Тағы бір атап өтетін мәселе, пан­де­мия­ға дейінгі қолданылған технологиялар қашықтан оқыту кезінде тиімсіз болып қалды. Мысалы, Ресей елінде технологиялардың 80 пайызы мәтіндерді, суреттерді сандық жүйеге ауыстырумен байланысты болса, 20 пайызы ғана интерактивті құралдар болып шыққан. Ал интерактивті технологиялар пандемия кезіндегі ең қажетті құралға айналды. Сарапшы атап өткен тағы бір маңызды мәселе, оқушы қандай да бір себеппен мектепке келе алмаса, оқу үдерісінен тыс қалмауы керек. Сондықтан да баланың өздігінен білім алуына ба­сымдық берген жөн. Ендігі зерттеп, же­тілдіретін мәселе осы, – деді сарапшы.

Ал осы жиында сөз алған Хель­син­ки қаласы (Финляндия) білім бас­қар­ма­сының басшысы Марио Кил­лоненн білім беру үрдісінде мұғалім рөлінің маңыздылығы жайындағы ойларымен бөлісті. Ал дәстүрлі білім беруге пандемия кезіндегі қиындықтар оң ық­пал етуі тиіс екендігін алға тарта отырып, осы елдің білім берудегі тә­жірибелеріне тоқталды.