Қазақстан Ұлттық Банкі номиналы 500 теңгелік күміс және номиналы 100 теңгелік нейзильбер қоспасынан «SEMEI IADROLYQ POLIGONYNYŃ JABYLǴANYNA 30 JYL» коллекциялық монеталарын айналымға шығарады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Коллекциялық монеталарды шығару Семей ядролық полигонының жабылған күнінен бастап 30 жыл толуына орайластырылған. Монеталарды сату күні туралы ақпарат ҚҰБ сайтында қосымша жарияланатын болады.
Монета дизайнының тұжырымдамасы ядролық сынақтардың тарихын суреттейді. «Саңырауқұлақ» түріндегі ядролық жарылыстың стильдендірілген бейнесі екі бөліктен тұрады. Сол жақ бөлігі ядролық сынақтардың тарихын бейнелейді және құрбан болған адам өмірі мен шырғалаңға түскен тағдырын бейнелейтін сынық кескіндер түрінде берілген. Оң жақ бөлігі зардап шеккен табиғаттың символы ретінде құрғақ ағаштың стильдендірілген бейнесінде жасалған. Кеуіп кеткен ағаш бұтағындағы жасыл жапырақтың бейнесі – қайта өрлеу мен қылаң берген үміт белгісі.
Күмістен жасалған монеталар кәдесыйлық орамда шығарылып, ҚР Ұлттық Банкінің мемлекеттік тілдегі, орыс және ағылшын тілдеріндегі нөмірлік сапа сертификатымен жабдықталған.
Номиналы 500 және 100 теңгелік коллекциялық монеталар төлемнің барлық түрі бойынша Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында олардың белгіленген құнымен қабылдануға, сондай-ақ банк шоттарына есепке алынуға және аударылуға міндетті. Сонымен бірге Қазақстан Республикасының барлық банкінде шектеусіз ұсақталады және айырбасталады.