Сингапур менеджментті дамыту институтының қабырғасында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай фото көрме ұйымдастырылды, деп хабарлайды Egemen.kz ҚР Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.
Көрмеде еліміздің ғылыми-техникалық жетістіктері және түрлі этностық топтардың сан қырлы мәдениеті туралы фото және бейнематериалдар ұсынылды.
Іс-шара барысында Қазақстан Елшісі Аркен Арыстанов еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы негізгі жетістіктері туралы айтып, өзекті саяси және экономикалық реформаларға тоқталды.
Сингапурдың Қазақстандағы Елшісі Зулкифли Бахарудин қатысушыларды айтулы күнмен құттықтай отырып, Орталық Азия өңіріндегі көшбасшы ел ретінде Қазақстанның жарқын болашағының кең перспективаларын алға тартты.
«MDIS» президенті Эрик Куан Қазақстанның жетістіктеріне таңданысын білдірді.
Көрме соңында елдің ғылыми-технологиялық дамуын қолдау жөніндегі шаралар талқыланды.