Қазақ әдебиеті мен өнері үлкен қазаға ұшырады. Бүгін, 23 қаңтар күні қазақтың көрнекті ақыны, журналист, Халық жазушысы, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Фариза Оңғарсынова жасы 75-ке қараған шағында дүниеден өтті.
Фариза Оңғарсынова 1939 жылғы 5 желтоқсанда Гурьев (қазіргі Атырау) облысы Новобогат ауданына қарасты Манаш ауылында туған.
Еңбек жолын 1961 жылы Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтының тіл-әдебиет факультетін бітіріп, Балықшы ауданының Еркінқала, Октябрьдің 40 жылдығы атындағы қазақ мектептерінде ұстаздық етуден бастады. 1966-1968 жылдары облыстық «Коммунистік еңбек» газетінде әдеби қызметкер болып істеді. Ақынның қалың жұртшылыққа кеңінен танылуы оның 1968-1970 жылдары республикалық «Лениншіл жас» газетінің батыс облыстардағы меншікті тілшісі болған кезінде қалыптасты. Сондықтан ол 1970 жылы бірден республикалық «Қазақстан пионері» газетіне бас редактор болып келді. 1978 жылы жаңадан ашылған «Пионер» журналының іргесін басшы ретінде өз қолымен көтерді. Кейін тап осылай «Ақ желкен» журналын өмірге келтірді.
Фариза Оңғарсынова тәуелсіз еліміздің қоғамдық өміріне де белсене араласты. Ол 1996-2004 жылдары Парламент Мәжілісінің депутаты болып сайланды.
Ақынның алғашқы өлеңдері баспасөз беттерінде 1958 жылдан бастап жарыққа шыға бастады. Оның әр жылдары 20-дан астам өлеңдер жинақтары, очерктері, таңдамалы шығармалары, «Біздің Камшат» атты повесі, аудармалары «Жазушы», «Жалын», «Молодая гвардия» баспаларынан жарық көрді. Орыс, туысқан республикалар ақындарының, Чили ақыны П. Неруданың жырларын, кейбір драмалық шығармаларды қазақ тіліне аударды. Ал 1984 жылы «Үйім - менің Отаным», «Маңғыстау монологтары», «Революция және мен» атты өлеңдер топтамалары үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды.
Өмірден қазақ ақын қыздары көшбасыларының бірі болған аса талантты ақын кетіп барады. Оқырман қауымның оның шығармашылығынан күтері әлі де көп еді. Бірақ тағдырдың ісі осылай болды.
Сондықтан ендігі айтарымыз: жатқан жеріңіз жайлы, топырағыңыз торқа болсын, қазақтың айбынды ақын қызы!
«Егемен Қазақстан».