Қазақстан Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі ұйымдастырған брифингке Парламент Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» демократиялық партиясы фракциясының жетекшісі Азат Перуашев қатысып, Елбасы Жолдауына қатысты ойымен бөлісіп, ұсыныстарын жеткізді.
Қазақстан Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі ұйымдастырған брифингке Парламент Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» демократиялық партиясы фракциясының жетекшісі Азат Перуашев қатысып, Елбасы Жолдауына қатысты ойымен бөлісіп, ұсыныстарын жеткізді.
Мәжіліс депутаты Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясымен астасып жатқанына тоқтала келе, бұл бағдарламалық құжаттың қоғам тарапынан қолдауға ие болғанын атап өтті. «Бұл орайда, Жұбан Молдағалиевтің «Мен қазақпын, мың өліп, мың тірілген» деген өлең жолдары ойға оралады. Қазақ халқының тарихы біздің мемлекетіміз бен қазақстандықтардың ортақ тарихына айналуы тиіс. Бұл идея басымызды біріктіретін ортақ тағдырымыз, сондай-ақ, біздің бірлігіміздің болашақтағы кепілі. Сол себепті, «Мәңгілік Ел» ұғымы мен үшін уақыттың кез келген қиындығына төтеп беретін халық», деді А. Перуашев. Ол, сонымен қатар, бүгінгі таңда Қазақстан экономикасының әлемдік экономикаға интеграциялануы жаңа сапалық деңгейге көтерілуі қажеттігін, бұл орайда Мемлекет басшысының нақты тапсырмалар жүктегенін жеткізді.
«Ақ жол» партиясының жетекшісі Жолдауда айтылған шағын және орта бизнес мәселесін де айналып өтпеді. «Мемлекет басшысы шағын және орта бизнесті «индустриялық және әлеуметтік жаңарудың маңызды құралы» деп тегін айтқан жоқ. Себебі, шағын және орта кәсіпорындар өздерінің «табиғаты» жағынан ағымдағы кез келген қиындыққа жауап қата алады. Дүниежүзінде шағын және орта бизнес инновацияны әртараптандырудың локомотиві саналады. Ол экономиканың жаңа секторларын ашып қана қоймай, жаңа өнімдердің шығуына жол ашады. Бұл орайда, Президенттің «бизнестің дамуына кедергі келтіретін барлық құқықтық нормалардың күшін жою» деген сөзі жай емес, басшылыққа алатын сөз. Осыған байланысты «Ақ жол» партиясының депутаттары заңдық бастамалар құқығын пайдалана отырып, Үкіметтің қарауына өздері әзірлеген «Шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдау туралы» заң жобасын ұсынды», деді А.Перуашев. Осылай деген ол бұл заң жобасында кәсіпкерлерге қолдау көрсететін әртүрлі іс-шаралар көрініс тапқанын тілге тиек етті.
Брифинг барысында сын да айтылмай қалмады. А.Перуашев «Үкімет депутаттық сауалдарға үстірт қарайды», дей келе, бұл мәселеге назар аудару қажеттігін атап көрсетті.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».