Жол құрылысында ақау жоқ. Бұл сұраққа «Маңғыстауда жолдар сапалы салынуда» деп жауап береді Ұлттық жол сапасы орталығының Ақтаудағы өңірлік филиалының басшысы Елтай Таялиев.
Оның айтуынша, облыс аумағындағы республикалық маңызға ие трассаларға жыл басынан бері жүргізілген тексерулер нәтижесі бар-жоғы үш ақауды көрсетті. Сол жол учаскелеріне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге жауапты мердігер мекемелерге, оларға тапсырыс берген жергілікті әкімдіктерге қызметтік хат жазылған соң кемшіліктер тез арада түзетілген.
«Маңғыстау өңірінде көлік жолдарын салу және жөндеумен шұғылданатын компаниялардың өз ісіне мұқияттылық таныта бастағаны қуантады. Өйткені бұл трассаларды қолданатын халықтың қауіпсіздігі біз үшін әрқашан бірінші орында тұр. Мысалға айтар болсам, ағымдағы жылдың қаңтар-шілде айлары облыс бойынша көлік жолдарына 234 рет бақылау рейді жасалды. 42 нысан бойынша тексеру жүргізілді. Бас-аяғы 1 072 сынама алдық. Соның жүзге жуығынан әртүрлі ақау анықталды. Қызметтік хатымызда барлығын да көрсетіп бердік. Сәйкесінше, тез арада түзетілді. Жалпы, өткен жылдармен салыстырғанда қазіргі көрсеткіш әлдеқайда жақсы», деді ол.
Осы тектес рейдтік бақылау шаралары жыл басынан бері облыстық маңыздағы жолдарда 42 рет, қалалық маңызға ие трассаларда 33 рет, аудандық жолдарға 3 мәрте жүргізілді.
Соңғысынан ешқандай ақау табылмағанын айтады ұлттық орталық мамандары.
Жол сапасы – қауіпсіздік кепілі. Жол жайы біраз жылдарға дейін жыр болған Маңғыстауда жол сапасының артуы – жағымды жаңалық.