• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 01 Қыркүйек, 2021

Медицина кадрларын оқытуға 120 грант бөлінді

395 рет
көрсетілді

Алматыда әкім Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша тапшы медицина кадрларын оқытуға 120 грант бөлінді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматы қаласы әкімдігінің қаражаты есебінен клиника және эпидемиология мамандарын даярлау үшін Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-де және Қазақстан-Ресей медициналық университетіне 120 грант бөлінді. Оның 110-ы резидентура, 10-ы магистратура үшін қарастырылған. 

Бүгінде Алматыда 300-ден астам дәрігер жетіспейді. Мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында клиникалық мамандықтар бойынша резидентурада оқуға республикалық бюджет есебінен 38 грант бөлінеді. Әкімдіктен берілген 120 грант кадр тапшылығын алдағы 2-3 жылда жабады деп жоспарланып отыр.

Айта кетейік, комиссия үміткері аз мамандықтар бойынша гранттарды қайта бөлу, сұранысы жоғары, сонымен қатар «кардиохирургия», «неонатология» мамандықтары бойынша гранттар санын көбейту туралы шешім қабылдады. Сонымен қатар, COVID-пен емделетін ауруханада істейтін мамандардың да қажет екені ескерілді. Атап айтқанда, анестезиология және реанимацияға - 35 грант, жұқпалы аурулар - 18, терапия - 10, пульмонология - 6, кардиология - 2, педиатрия - 9, неонатология - 3, неврология - 3, отоларингология - 6, клиникалық фармакология - 2, гастроэнтерология - 6, офтальмология - 3, эндокринология - 3, балалар хирургиясы - 2, травматология және ортопедия - 2, жедел медициналық көмек - 3, физикалық медицина және оңалту - 5, нейрохирургияға - 2 грант бөлінді.

Грант иегерлері 2-3 жылдық оқу аяқталғаннан кейін Алматы қаласының мемлекеттік медициналық ұйымдарында және қаланың қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына бағынышты ұйымдарда бес жыл жұмыс істеуі керек.