Ұлы Жеңістің 65 жылдығына орай Астанадағы Ұлы Отан соғысы мүгедектерінің клиникалық ауруханасында соғыс ардагерлеріне құрмет көрсетілді.
Соғыс ардагерлері емделетін ауруханаға жиналған көпшілік алдында сөз сөйлеген ҚР Ардагерлер кеңесінің төрағасы Қайырбек Сүлейменов Ұлы Жеңістің мән-мағынасына тоқтала келіп, арамызда жүрген ардагерлерге тағзым ете, оларға “Ұлы Отан соғысы жеңісіне 65 жыл” медалін табыс етсе, Халық Қаһарманы, генерал лейтенант Бақытжан Ертаев соғыс ардагерлерін ұлы мерекемен құттықтап, ауруханаға Абылайхан, Бөгенбай, Қабанбай сияқты ұлы тұлғалар бейнеленген суретті сыйға тартты.
Бұдан кейін жұртшылық “Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран” атты майдангер қаламгерлер шығармалары мен соғыс тақырыбына жазылған туындыларға арналған көрмені тамашалады. Ал Астана мемлекеттік мұрағатынан әкелінген “Ері елге сенген, елі ерге сенген” атты көрмеге соғыс жылдары жарық көрген газет-журналдар мен сол кездердегі әскери өмірден сыр шертер іс-қағаздар қойылыпты. Сондай-ақ мерекелік басқосуда Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттері салған – соғыс кезеңі, батыр тұлғалары бейнеленген суреттер көрмесінің тұсаукесері болып, осында әкелінген үздік 65 жұмыс Ұлы Жеңістің 65 жылдығы құрметіне ауруханаға сыйға тартылды.
Берік САДЫР.