Бүгінде Тараз қаласында коронавирус індетінен қорғану мақсатында 14 екпе егу пункті жұмыс істейді. Сондай-ақ осы уақытқа дейін көне шаһар тұрғындарының 61,1 пайызы қауіпті індетке қарсы вакцина алған.
Ал ұжымдық иммунитет қана қауіпті індетпен күресуде көмектесетінін ескерсек, қазіргі кезде вакцина алу аса маңызды болып отыр. Бұл үшін облыс орталығындағы барлық емханада тегін вакциналау ұйымдастырылуда. Алдағы уақытта да қала тұрғындарына аталған мәселе бойынша түсіндіру жұмыстары жалғасатын болады.
Осы орайда, Тараз қаласында этномәдени бірлестіктердің басшылары қала тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында карантин талаптарын қатаң сақтау мен вакцина қабылдаудың адам өмірі үшін маңыздылығы туралы әңгіме өрбіді. Ақпараттық түсіндіру жұмыстары барысында орыс, дүнген, украин, өзбек, ұйғыр және тәжік этномәдени бірлестіктерінің өңірдегі жетекшілері де вакцина алудың адам мен қоғам үшін маңыздылығына тоқталды.
Түсіндіру жұмыстарының соңында «Тараз қаласының өзбек орталығы» қоғамдық бірлестігінің басшысы Абдурахман Зайнутдинов және өзбек диаспорасының өкілдері вакцина алды. «Бүгінде екпені қаладағы кез келген емханада алуға болады. Сондай-ақ қала бойынша ірі вакциналау орталықтары да ашылған. Біздің екпені еш кедергісіз алуымызға барлық жағдай жасалуда. Сондықтан осындай мүмкіндікті кеңінен пайдалануымыз керек», дейді ол.
Жамбыл облысы