Ресейде «Ваш весь Фёдор Достоевский» атты кинотуынды түсіріле бастады. Қазақтың ағартушы ғалымы Шоқан Уәлихановтың жазушы досы туралы бұл фильмде Қарағандыдағы К.Станиславский атындағы орыс драма театрының жетекшісі Дунай Еспаев пен актриса Галина Турчина ойнады.
Федор Достоевскийдің 200 жылдығына арналған бұл туындыда Дунай Еспаев Шоқан Уәлихановтың рөлін сомдады.
– Менің түрім Шоқан Уәлихановқа ұқсамайды. Рөлді гримсіз және офицер киімінсіз ойнадым. Режиссердің шешімі осындай болды. Ең басты мақсат – кейіпкерімнің жарқын болашаққа ұмтылысын, оның патриотизмін, өз идеяларын қалай қорғай алғанын көрсете білу керек болды, – дейді Дунай Еспаев.
Ал Галина Турчина болса, әйгілі жазушының әйелі Мария Исаеваның рөлін ойнады.
– Достоевскийдің бірінші әйелін ойнау мен үшін үлкен мәртебе болды. Фильмде менің кейіпкерім сөйлемейді, сол себепті оның образын шығару өте қиын болды. Фёдор Михайлович – менің сүйікті жазушым. Оның еңбектері мен өмірбаянын жақсы білемін. Кейде уақыт машинасына отырып, өткенге оралған сияқты күй кештім. Өте қызықты тәжірибе болды, – деп ағынан жарылды актриса.
Еске салар болсақ, жазушы болашақ жары Мария Исаевамен Семейде кездескен болатын. Сондай-ақ ол бұл қалада Шоқан Уәлиханов, Петр Семенов-Тян-Шанский және Александр Врангель сынды өз заманының белгілі адамдарымен танысып, араласқан.
Семейде тұрған кезінде Федор Достоевский «Дядюшкин сон» және «Село Степанчиково и его обитатели» хикаяларын жазды, «Записки из Мёртвого дома» туындысын бастаған.
Аталған фильм Ресейдің бірнеше қаласында түсірілген. Қазақстанда түсіру алаңы ретінде әйгілі жазушының Семейдегі әдеби-мемориалдық мұражайы таңдалды.
ҚАРАҒАНДЫ