Нұр-Сұлтан қаласындағы «Атырау» көпірі жобасы халықаралық байқаудың финалисі атанды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Жуырда архитектура туралы ArchDaily сайты мен Strelka институты бірігіп ArchDaily&Strelka Award 2021 аталымына дауыс беру басталғанын хабарлады. Байқаудың үш финалисі белгілі болды. Олардың ішінде астанада салынған «Атырау» көпірі де бар.
Байқауға салынғанына мерзімі 5 жылдан аспаған жобалар қатысты. Бірінші тур нәтижесі бойынша 15 жоба байқаудың шорт-парақшасына ілінген болатын. Қазақстан атынан қатысқан жобаның авторы – «Урбанистика орталығының» жетекшісі, урбанист, сәулетші - Асхат Сәдуов.
Атап өтейік, астананың 20 жылдық мерейтойына Атырау облысы елорданың оң және сол жағалауларын жалғайтын көпір салып берді. BI Group компаниясы оның құрылысын 181 күнде аяқтады. Нысанның жалпы ұзындығы – 313,5 метр, ені – 10,5 метр.