Адамға бір-ақ ауыз сөзбен баға бере салған біздің жұрттан басқа қандай халық бар екен?! Ешқандай пафоссыз айтып отырмыз. «Е, пенде ғой» деген анықтаманың мағынасын бұрын аса ұқпадық па, әлде немкетті қарадық па, маңызына бойламаппыз. Сөйтсек, осы бір теңеудің артына адами заттың бойындағы бар жаман қасиетті жиып-теріп сыйғыза салған екен ғой.
Адамға бір-ақ ауыз сөзбен баға бере салған біздің жұрттан басқа қандай халық бар екен?! Ешқандай пафоссыз айтып отырмыз. «Е, пенде ғой» деген анықтаманың мағынасын бұрын аса ұқпадық па, әлде немкетті қарадық па, маңызына бойламаппыз. Сөйтсек, осы бір теңеудің артына адами заттың бойындағы бар жаман қасиетті жиып-теріп сыйғыза салған екен ғой.
Күнделікті өмірде пенделікпен бетпе-бет келесіз. Бірақ аса елей қоймайсыз. Өйткені, етіңіз өліп кеткен. Бүгінде бас пайдасынан артық ештеңені ойламайтын, ретіне қарай сені де өзінің мақсатына пайдаланып қалғысы келіп тұратындардың қарасы мол болғандықтан шығар, бұл. Сол себепті, «пенделік қой», деп қойып жүре бересіз. Ал кейде... күйіп кетесіз.
Ұлттың сөзін сөйлеген болып, ұйқысы бұзылып, ұйықтан шығарар жол іздеп әуре-сарсаңға түскендей кейіпте көрінгенмен тура мағынасында халқы үшін қолын қимылдатпайтын, былайғы кезде «бұ қазақ адам болмайды» деп отыратын көкелерді кездестіргенде еріксіз ашынасың. Себебі, ол бергі жағымен жұрттың құлағына жағымды сөз айтып, ел алдында ұпайын түгендеп тұрғанымен, шын мәнінде Алашың адыра қалса да бәрібір...
Энциклопедиялық білімі зор, білмейтіні жердің астында бір ағам бар. Маман ретінде ғажап! Өз саласының майталманы нағыз. Қолына алған ісін құлпыртып-ақ жібереді. Арғы-бергі тарихтан әңгіме бастағанда ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермейді. Нақты фактілерді тізбелеп алдыңа қойғанда оған қарсы уәж айтудың өзі артық екенін санаңда азғантай ғана түйсік болса, бірден түсінесің. Ал жайшылықта тіпті танымайсыз. Боқтық аралас сөзден аузы босамайды. Реті келсе, қарамағындағыларға жұдырық ала жүгіруден қашпайды. Ең қиыны, бес уақыт сәждеге жығылып жүрсе де, анда-мұнда ащы судан татып алады. Сылқия тойғанын да көргенбіз...
Тағы бір кісіні танимын. Егде адам. Есті ағам. Бұ кісінің баспасөзде қазақ қыздары туралы жазған мақалаларын оқысаңыз, жылайсыз. Қазақ тарихында өткен аналарымыз туралы талай қалам тербеп, бүгінгі сұлуларды сондай болуға шақырды, насихат қылды. Жақында елге келген. Далада жатқан ақ қардай басы бар. Қонақүйдің алдынан шыға бергенбіз. Үріп ауызға салғандай бойжеткен өте берді алдымыздан. Екі көзі бағжаң ете қалып, кәрі бұғағы бүлк етіп әлгі қыздың соңынан ілесе кетті. Ұзақ әңгімелесті. Сосын қайта оралды. Телефон нөмірін алып қалыпты. Бірер күннен соң әуежайға шығарып салайын деп тағы бардым. Мен кіргенде, өткендегі бойжеткен әлгі кісінің бөлмесінен шығып келе жатыр екен. Жол бойы қазақ қыздарының қадір-қасиеті, қоғамдағы, ер азаматтың өміріндегі рөлі туралы айтты. Сөйтті де, «баяғы аналарымыздың барлығы арлы болған ғой. Бүгінгі қыздар бұзылып кеткен» деп бір-ақ қайырды. «Ал сонда оларды бұзып жүрген кім?» деген сауал менің көкейімде қалып қойды...
Және бір жарықтық бар. Тәуелсіздік алғаннан бері тіл туралы талмай жазып, айтып келеді. Реті келген жердің барлығында қазақ тілінің мүшкіл халін жыр етеді. Тілді дамытуды, көтеруді, жалпыұлттық сипат алғанын армандайды. Жақында білдім. Осы кісінің немересі орыс мектебінде оқиды екен. Жарайды, баласы Кеңес өкіметі тұсында туды, өсті, тәрбиеленді. Қазақ мектебі болмады. Болған күннің өзінде, саясат жөнді емес еді. Ал енді азат Қазақстанда өмірге келген немересін неге қазақ мектебіне бермейді? Сонда оның туған тіліміз үшін шырылдағанынан не пайда?..
Бүгінде әнші пір болған заман. Газет-журналды ашып қалсаң, теледидарды қосып қалсаң, радионы басып қалсаң әнші отырады. Ақыл айтады. Өнер туралы толғайды. Өмір жайында сыр шертеді. Тәрбие мен тәлім үйретеді. Қысқасы, қазіргі әнші әмбебап. Дей тұрғанмен, сіз солардың сахна сыртындағы өмірін көрдіңіз бе? Көрмей-ақ қойыңыз. Шын айтам...
Осы бір жерде мына бір екі оқиға ойға оралып отыр. Өткенде біздің аймақта тәп-тәуір қызметте отырған, елге билігін өткізіп, сөзін жүргізетін бір кісі хабарласты. Аз-кем амандық-саулықтан соң әңгіменің ауаны әлдеқайда бұрылып кетті. Көктемде көк қуған қойдай болған сөзі әр тұстан бір шығады. Төркінін ұқсақ та, түбі қалай болар екен деп күтіп отырмыз. Содан жарты сағаттан соң негізгі мәселеге келіп тірелдік қой. Сөйтсек, біздің басылымға мақаласын шығару керек екен. Бағанадан бері бипаздап отырғаны осы болып шықты. Қиылып сұраған соң, көңілін қалдырмайық дедік-ау. Басшылықтың разылығын алдық. Сонан соң барып қана іске кірістік. Ана адамға мақаланың көлемді болмайтынын, газет бетінде орынның аз екенін түсіндіргенбіз. Ертесі сала құлаш мақала поштамызда жатыр екен. Көз майымызды тауысып, артық жерін алып, кем-кетігін қосып, Астанаға сауырынан сипап жібердік. Осыдан кейін телефонға күнде тыным жоқ. Жағдайымызды білген болып, мақаласының жайын сұрайды. Одан көмекшілері арқылы хабарласады. Қысқасы, бірнеше күн бойына біздің өмірімізден молынан мағлұмат алып тұрды ғой. Мақаласы шығар күні әдеттегідей жағдайды білді. Сонан соң бір шетін әңгіменің ұшын шығарды. – Мен мақаламды қайта қарап шықтым,– дейді өте бір зиялы дауыспен. – Өзі біздің жұмысымыздың айғағындай болған, халыққа пайдалы ақпаратты жеткізерліктей мақала болып шығыпты. Енді осыны газетке тұтастай бассаң қайтеді? Біз мақаланың дайындалып Астанаға кеткенін, енді қайта қарамайтынымызды, әрі-беріден соң көлемі артық екенін айтып жатырмыз. Түсінбейді. Олай айттық, бұлай айттық. Ұқтыра алмай қойдық. Сосын қатты кетуге тура келді. Ауыр сөзден соң барып қана екпінін басты. Міне, сізге пенделіктің үлкен көрінісі. Өлердегі сөзін айтып, қандай көлемде болмасын мақаласын шығарып беруді өтінді ме? Өтінді. Біз мойнымызға алдық па? Алдық. Уақытында жасап отырмыз ба? Отырмыз. Енді не керек? Ал ол алдындағы келісімді ұмытып, мақұл деген сайын ақылы тасып, болмашы дүниесінің бәрін көлдей етіп газетке бергісі келеді. Пенделік емей немене? Барға – қанағат, жоққа – салауат деген ұғымнан пенделігінің асып кетіп тұрғанын көрсетпей ме осы көрініс? Біз осылай түсінеміз.
Байқап қараңызшы, адамдар бетперде киіп алып өмір сүріп жүр. Әр пенденің өз пердесі бар. Пенденің бергі беті керемет. Ал перденің арғы жағы тым күңгірт. Жә-жә, қолыңызды бетіме қарай жүгіртпеңіз! Менің де өз бетпердем бар...
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан».
Қызылорда облысы.