Күн өткен сайын Сочи Олимпиадасы мәреден шығатын шақ жақындап келеді. Ол жақындаған сайын Кавказ тауының терістік-батысындағы осы қалаға әлем жанарының қадалуы жиілей бастады. Ал қадалған сайын сол аламандағы ахуал жайы сөз болмай қалмайды. Біздің Sports.kz агенттігіндегі әріптестеріміз сондықтан Қазақстанның қысқы спорт түрлері бойынша арғы-бергі тарихындағы ең атағы мол саңлағы, бұрынғы белгілі шаңғышы Владимир Смирновқа хабарласыпты.
ДҮНИЕ ДОДАСЫНЫҢ ДҮБІРІ
ХХІІ Қысқы Олимпиаданың басталуына 13 күн қалды
Күн өткен сайын Сочи Олимпиадасы мәреден шығатын шақ жақындап келеді. Ол жақындаған сайын Кавказ тауының терістік-батысындағы осы қалаға әлем жанарының қадалуы жиілей бастады. Ал қадалған сайын сол аламандағы ахуал жайы сөз болмай қалмайды. Біздің Sports.kz агенттігіндегі әріптестеріміз сондықтан Қазақстанның қысқы спорт түрлері бойынша арғы-бергі тарихындағы ең атағы мол саңлағы, бұрынғы белгілі шаңғышы Владимир Смирновқа хабарласыпты.
– Владимир Михайлович, жағдайыңыз қалай?
Тілшілердің сонау Швецияға соғылған қоңырауы таңертең жұмысына кеткелі жатқан Лиллехаммер Олимпиадасының чемпионын үйінде ұстапты.
– Бәрі де жақсы. Қазір ТМД елдері бойынша жұмыс жасайтын «Скания» фирмасы өкілдігіндемін. Бұдан бірер күн бұрын Астанадан оралдым. Әлемнің жасөспірімдер арасындағы 2015 жылғы чемпионатын Алматыда өткізу мәселесі шешілді. Енді ерлер арасындағы 2019 жылғы әлем чемпионатын да Қазақстанда өткізу құқығын жеңіп алуға күш салып жатырмыз...
– Қазақстандықтардың Сочи Олимпиадасындағы мүмкіндіктерін қалай бағалайсыз?
– Менің өзім де барша қазақстандықтар сияқты Олимпиада басталар сәтті айрықша бір толқу үстінде күтіп жүрмін. Және бұл жай күту ғана емес. Жасыратыны жоқ, өз спортшыларымыздан ерлікке пара-пар жарқ ете қалатын қимылдар шығар деген үміттемін. Мұнда мен, ең алдымен, кімді ойыма алып тұрмын? Бәрін де. Олимпиадаға қатысатын кез келген атлеттен ерекше ерлік күтемін. Қалай дегенде де, солай болуы үшін жан-тәніммен жанкүйерлік етемін. Қаттырақ көңіл бөлетіндерім – коньки, шаңғы, фристайл, шорт-трек, мәнерлеп сырғанау... Мұндайда табысты алдын ала жоспарлап қоюға болмайды. Сонда да болса, үмітсіз емеспіз. Егер менің нақты кімдерге көбірек көз қадайтынымды білгілеріңіз келсе, айтайын, олар өздеріңізге де аян болса керек: конькиші Денис Кузинге сенемін, шаңғышы Алексей Полторанинге үміт артамын. Олардың «алтын» алатындарына да сенгім келеді. Себебі, бұл қырандардың соңғы кездергі нәтижелері көңілімізді қопаңдатып қойды.
– Алексей Михайлович, ел Президенті 2022 жылғы Қысқы Олимпия- лық ойындарды өзімізде өткізу жолындағы күресімізге қолдау көрсетіп отыр. Қазақстанда Қысқы Олимпиаданы өткізу жөніндегі идеяны ерекше жақтаушы ретінде сіз бұл бастамаға не қоса алар едіңіз?
– Мен жеке тұлға ретінде Қазақстанның Олимпиаданы өткізу жөніндегі тапсырыс процесіне әлі қосылған жоқпын. Бірақ барынша үлкен жауапкершілікпен баяндай аламын, осынау құрметті атаққа қол жеткізу жолындағы күреске қолымнан келетін барлық көмегімді қосамын. Әзірге бұл мәселенің ұңғыл-шұңғылын қарау қолға алынған жоқ. Дегенмен, әлемнің басты аламанын алуға барлық мүмкіндік бар. Шынында, біздің мүмкіндігіміз өте жоғары. Себебі, бұл кезге дейін Қазақстан әлемдік деңгейде жарыстар өткізуде айтарлықтай тәжірибе жинап үлгерді. Оның сыртында еліміздің халықаралық ауқымдағы беделі де біршама биік. Бұл ақиқатында да айрықша маңызды тарихи шақ. Оны енді өзіміздің пайдамызға бұра білуіміз керек. Демек, таразы басын аударып жіберетіндей жақсы тұжырымдама керек. Ең бастысы, күллі қазақстандықтардың Олимпиялық ойындарды өз елдерінде өткізуге деген ынтасы мен ықыласы болуы тиіс.
– Сочиде Қазақстанның Олимпиялық ойындарды өткізуге деген шынайы пейілін көрсетуіне мүмкіндік бола ма?
– Олимпиялық Сочидегі Қазақстан үйі келушілер мен спорт функционерлеріне біздің ел туралы әңгіме айтып, сыр шертіп тұрудың бірден-бір лайықты арнасы болмақ. Осында еліміздің әр саладағы табыстары, әлем институттарының біз жөнінде берген бағалары, жақын келешектегі мақсаттарымыз бен міндеттеріміз туралы әңгімені жалғастыра білуіміз керек. Ойындар кезінде белгілі спорт тұлғаларымен жеке кездесудің де көп нәрсеге мұрындық болып кететіні бар. Бір сөзбен айтқанда, Сочиді 2022 жылы Қазақстанда да сондай Ойындар өткізуге мүмкіндік бар екенін білдіруге пайдаланып қалуымыз керек. Ал ең үлкен серпінді, әрине, спортшыларымыздың сондағы нақтылы табыстары береді.
Дамир ҚОЖАМҚҰЛ.