Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінде вегетациялық кезеңнің қорытындылары шығарылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Биылғы жыл еліміздің оңтүстік өңірлері үшін суы аз цикл жағдайында өтті. Алайда, уақытылы қабылданған шаралар мен су шаруашылығы мамандарының кәсіби жұмысының арқасында отандық фермерлерді суармалы сумен қамтамасыз етуге және егіннің жоғалуына жол бермеуге мүмкіндік туды», деп атап өтті министр Мағзұм Мырзағалиев.
Түркістан, Қызылорда, Жамбыл және Алматы облыстарының фермерлері суармалы судың 97%-ын тұтынады.
Болжанып отырған су аздығын ескере отырып, жыл басынан бастап ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп өңірлерге сапар жүргізілді, олардың барысында жергілікті атқарушы органдар мен фермерлер әлеуетті тәуекелдер және күрделі вегетациялық кезеңге дайындық қажеттілігі туралы алдын ала хабардар етілді.
Мәселен, Түркістан облысында мақта алқабы 17,9 мың гектарға, Қызылорда облысында күріш – 7,1 мың гектарға, Алматы облысында күріш - 2,4 мың гектарға қысқартылды.
Бұдан басқа, вегетация басталар алдында «Тоқтоғұл» (Қырғызстан) су қоймасының толымдылығы нормадан 52% ғана құрағанына қарамастан, Сырдария өзенінің жоғарғы елдерімен (Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан) келіссөздер нәтижесінде Түркістан және Қызылорда облыстарының фермерлері «Тоқтоғұл» және «Бахри Точик» су қоймаларынан қосымша 700 миллион текше метр су алды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 24%-ға артық.
«Ағымдағы жылдың тәжірибесі қабылданған шаралардың тиімділігін көрсетті. Алайда, бізге суды ұтымды пайдалануға көшу, сумен жабдықтауды цифрландыру, қазіргі заманғы су үнемдеу технологияларын пайдалану және қолданыстағы арналарды реконструкциялау жөніндегі жұмыстарды жеделдету қажет», деп атап өтті ЭГТРМ басшысы.