• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Оқиға 05 Қыркүйек, 2021

«Маңғыстау-Ақтөбе» пойызындағы өрт: Теміржолшыға үкім шықты

523 рет
көрсетілді

Маңғыстау облысы Бейнеу ауданының соты жүк вагонында өрттің шығуына кінәлі теміржолшыға қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Egemen.kz. 

Mangystaumedia.kz сайтында жарияланған мәліметте Бейнеу аудандық сотында ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабының 2-бөлігімен,156-бабының 2-бөлігімен қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін жүк вагонының бастығы У-ға қатысты қылмыстық іс қаралғаны жайлы жазылған.

Сотталушы У. әріптестерімен бірге 13 желтоқсан 2020 жылы Маңғыстау станциясынан «Маңғыстау-Ақтөбе» бағытындағы жолаушылар пойызына жалғанған цифрлық пошталық жүк вагонымен іс-сапарға шыққан. Пошталық жүк вагонының ішіне өзі жауапты бола тұра, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау нұсқаулықтарын сақтамаған. Атап айтқанда, вагон ішіне өздері ас пісіруге арналған шағын 5 литрлік газ балоны мен шағын газ пешін қолданып, нұсқаулық талаптарын өрескел бұзып, өз кезекшіліктерінде ас әзірлеген. Нәтижесінде, газ балоны жарылып, өрттің салдарынан пошта вагоны ішіндегі барлық адамдар дене жарақатын алып, Бейнеу аудандық орталық ауруханасына орналастырылған. Ал, жолсерік М. Бейнеу аудандық ауруханасының жансақтау бөлімінде өрттен алған дене жарақаты салдарынан қайтыс болған, делінген Бейнеу аудандық сотының баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Басты сот талқылауында сотталушы У. өзіне тағылған айыпты толықтай мойындап, жәбірленушілерден кешірім сұрап, бас бостандығынан айырмайтын жеңіл жаза тағайындауды сұрады.

Сот үкімімен У. ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабының 2-бөлігімен, ҚК-нің 156-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 2 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы және темір жол саласы мен пошта қызметімен айналысу құқығынан екі жыл мерзімге айырумен бірге, 100 сағатқа қоғамдық жұмыстарға тарту жазасы тағайындалды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, 14 желтоқсанда «Маңғышлақ-Ақтөбе» жолаушылар пойызының жүк тасымалдау вагонынан өрт шыққан.