725 мыңға жуық халқы бар Маңғыстау облысы тауық етін осы күнге дейін өзге аймақтар мен алыс-жақын шетелдерден тасымалдап келді. Аймақ тұрғындары орташа есеппен жылына 11,5 мың тонна тауық етін тұтынатындықтан облысқа құс етін шығаратын кәсіпорын ашу қажеттігі байқалды. Осылайша, осы жылдың көктемінде Түпқараған ауданында алғаш рет бройлер тауығын өндіретін ірі құс фабрикасы өз жұмысын бастады.
«Ақтау Агро» ЖШС – Маңғыстау облысында құс етін өндіретін ең ірі және бірегей өндіріс ошағы. Онда жылына 5 мың тонна тауық етін шығару жоспарланған. Аталған инвестициялық жоба өңірдің құс етіне деген қажеттілігін 50%-ға жабуға мүмкіндік береді. Бұл импортқа тәуелділікті екі есе азайтады деген сөз.
Жобаның жалпы құны – 5,1 млрд теңге. Бұл соманың 30%-ы отандық инвесторлардың қаражаты есебінен, қалған бөлігін «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ қаржыландырды. Аграрлық несие корпорациясы тарапынан қаржыландырылған сомма 3 млрд 573 млн теңгені құрады.
– Бүгінгі таңда қарыз алушыға айналым қаражатын толтыру үшін «Агробизнес» бағдарламасы бойынша 700 млн теңге сомасына кредиттік желі ашылды. Қалған 1 млрд теңге мөлшеріндегі қаражат жобаның барлық нысандары іске қосылғанда берілетін болады. Аграрлық несие корпорациясы әрдайым осындай жобаларды қолдауға және қаржыландыруға дайын екенін айтқым келеді. Мұндай ауқымды жобалар аймақтың экономикасын көтеруге ықпал етеді, – дейді «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Маңғыстау филиалының бас маманы Шахрияр Джафарзаде.
Осы жылдың сәуір айында Маңғыстауға Ресейден 38,5 мыңға жуық инкубациялық жұмыртқа әкелініп, құс фабрикасы жанындағы инкубаторға жұмыртқалардың алғашқы партиясы салынды. Сол мөлшердегі екінші партия инкубаторға 16 күннен кейін тағы салынды. Осылайша, бройлер тұқымының алғашқы балапандары сәуір айының соңында басылып шықты. Өсіп-жетілген құстардың алғашқы партиясы 28 мамырда сою цехына жіберілді. Дайын салқындатылған өнім маусым айының соңында «Каспий құсы» брендімен дүкен сөрелеріне шығарылды.
– Өнімнің орташа салмағы шамамен 1,5-2 килоны құрайды, ал бағасы бір кило үшін 1200 теңге. Салқындатылған еттің басты ерекшелігі – бойындағы пайдалы дәрумендері мен микро және макроэлементтерін жоғалтпайды. Біз тауық етін шығарғаннан бастап, тұтынушыға жеткенге дейін сапасын бақылаймыз. Ал білікті мамандарымыз сақтау мерзімін және температуралық режімін қатаң қадағалап отырады, – дейді кәсіпорын басшысы Д.Тұрғынов.
«Ақтау Агро» кешені инкубатор, 30 мыңнан астам құсқа арналған 16 қора және сағатына 2 мың құс союға қауқарлы цех сынды үш алаңнан тұрады. Бүгінде кәсіпорын бройлерді өсіруге қажетті барлық жабдықтармен қамтылған. Оның ішінде өнімді жіті бақылайтын ветеринарлық зертхана да бар.
Құс фабрикасындағы ең күрделі процестің бірі – цехтың өндірістік жұмысы. Балапандар инкубатордан басылып шыққаннан кейін құс өсіретін орталыққа орналастырылады. Құстар қажетті деңгейге жеткенде сою цехына жібереді.
«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ 2018 жылдың шілде айында «Агроэкспорт» бағдарламасы бойынша жобаны 8% мөлшерлемемен 1 390 млн теңгеге қаржыландыру туралы шешім қабылдады. 2020 жылы жоба қайта қаралып, қосымша құс қораларын, мал сою цехын және құрама жем зауытын салу туралы шешімге келді.
– Маңғыстау облысында құс фабрикасы сынды ірі инвестициялық жобалардың іске қосылуы өңірдің агроөнеркәсіптік кешеннің жоғары деңгейге көшкендігінің көрінісі. Бұл тек экономикалық өсу емес, әлеуметтік қамтылудың бір көрінісі. Өйткені тауық еті халық арасында үлкен сұранысқа ие. Тағы бір маңызды жайт – бұл отандық әрі жергілікті өнім, – деген «Ақтау Агро» ЖШС директоры Данияр Тұрғыновтың айтуынша, құс шаруашылығы кешенін іске қосу өңірге 90-нан астам тұрақты жұмыс орнын ашып отыр.
Кәсіпорын директорының айтуынша, Маңғыстау облысының атқарушы органдары жобаны жүзеге асыруда үлкен қолдау көрсеткен. Жергілікті бюджет қаржысынан құс фабрикасының инфрақұрылымы салынды. Бұл мақсатқа 1 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді.
Бұдан бөлек «Ақтау Агро» ЖШС Мұнайлы ауданында қуаттылығы сағатына 10 мың тонна жем шығаратын құрама жем зауытының құрылысын жүргізіп жатыр. Бұл өндіріс тек құс фермасының қажеттіліктеріне ғана емес, мал шаруашылығына да жем шығару жоспарланған.
Маңғыстау облысы