• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
01 Мамыр, 2010

АТАМДЫ АРДАҚ ТҰТАМЫН

653 рет
көрсетілді

Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдарын басынан кешірген халық үшін Жеңіс мерекесінің орны айрықша екенін айтып жатудың өзі артық секілді. Ұлы Жеңісті әперген ардагерлеріміз мәңгі біздің жадымызда. Осындай ерлік пен өрліктің символына айналған адамдардың бірі менің атам – Бимәли Есмаханов. Б.Есмаханов Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданының Қарақұм ауылында дүниеге келген. Мен Бимә­ли атам мен Бибатпа әжем­нің отыз бір немересінің үлкені­мін. Балалық шағым сол кісілер­дің көз алдында өтті. Атамның өмір жолы мен Отанға, анаға, жарға және балаға деген сүйіс­пеншілігі сияқты адами қасиеттері мені әрдайым игілікті істерге жігерлендіріп отырды. Қазіргі таңда жастарға айтып жүрген патриотизм, ел мен жерді сүю, үлкенді құрметтеп, кішіге қам­қорлық көрсету секілді қасиет­тердің барлығы Бимәли атамның өмір жолынан кездеседі. Мен де ес кіргелі осындай қасиеттерді бойыма сіңіруге тырысып бақтым. Бастан өткерген қиындықтарын естігенде сол уақыттағы бүкіл қазақ халқының қиын-қыстау тіршілігі көз алдыңызға елестейді. Атам екі соғысқа да қатысқан кісі. Әскерге шақырылысымен-ақ атақты Фин ұрысына қатысады. Одан елге қайтам ба деп жүр­генінде Ұлы Отан соғысы баста­лып кете барады. Қолына қару ұстаған қалпы майданның алғы шебіне аттанған. Көптеген ауыр шайқастарға қатысып, қарулас достарына ерліктің үлгісін көр­сетеді. Қазақ баласы деген сөзге кір келтірмепті. Мұз жас­танып, қар жамылған жылдары жөнінде атам әңгіме айтқанда тебіреніп кететін. Миллиондаған адамның қаза болғандығы жанына бататын. Соғыстың аты соғыс, Бугульме қаласы маңындағы сұрапыл шай­қас кезінде атам ауыр жарала­нып, артынша әскерден босатылады. ІІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденіне, бірнеше медаль­дарға ие болған. Бимәли атам елге оралған соң да Отанына пайдасын келтіруге кірісті. Мектепте әскери дайын­дық пәнінен дәріс оқып, оқушы­ларды қасиетті Отанды сүюге, оны қорғай білуге тәрбиеледі. Бірақ, жан алысып, жан берісіп жатқан ауыр кезеңде атам мұндай жұмыс­­ты өзіне қол көрмей, соғыс май­данына жарамасам, онда еңбек майданына барамын деп Бершүгір стансасының маңындағы көмір шахтасына жұмысқа келеді. Со­ғыс­тың қиын жылдары. Қорға­ныс өнеркәсібіне көмірдің аса қажет­тілігін атам жан-тәнімен түсіне білген екен. Онда да еңбек етудің үлгісін көрсетіп, азғантай уақыт­тың ішінде қатардағы кен қазу­шы­дан кеніштің бас инженері дәрежесіне дейін көтерілген. Осы еңбек атамды биіктерге көтерді. Бақыт пен қуаныш сыйлады. Кеніште жүріп менің әжем Бибатпамен танысып, екеуі шаңырақ көтереді. Берекелі үлкен отбасыға айналады. Арыстан, Балапан, Асан, Әсем, Үсен, Хасен, Есен, Есенгелді, Айтбек есімді балалары дүниеге келді. Қызметі ауысып ішкі істер органына келген атам мұнда да құрмет-беделсіз бол­ма­ды. Атам жөнінде ақтөбелік Лесбек Ізбанов секілді әріп­тестері әрдайым жылы сөзбен еске алады. Өсіп-өнген отбасы деп айтып жатады. Осылайша адал еңбектің арқасында атам­ның ұрпақтары ел сыйлайтын бір қауым елге айналды. Бала-шағалары әртүрлі қызмет­терде абыройлы еңбек етуде. Ұлы Жеңісті жақындатып, ұрпақтары үшін қан төккен аталарымыздың қатары күн санап сиреп келеді. Ардақты атам 1997 жылдың 27 қаң­тарында 78-ге қараған шағында мәңгілікке көз жұмды. Ұлы Жеңістің 65 жылдығы қар­саңын­да менің атам Бимәли Есмаханов секілді Жеңіс күнін жақындатуға үлес қосқан бар­лық ардагерлерге шын көңілден бас иіп құттықтағым келеді. Арамызда аман-сау жүре берің­дерші, ардагерлер! Гүлжан ЕСМАХАНОВА. АСТАНА.