Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев білім беру реформасы – Қазақстанның бәсекеге нақтылы қабілеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін аса маңызды құралдардың бірі екенін айтқан болатын. Бұл ретте мектепке дейінгі білім беру жүйесінде жаңа тәсілдерді талап ететін терең әлеуметтік-экономикалық өзгерістер орын алып жатыр.
Білім мазмұнының жаңаруы, жаңа инновациялық технологиялардың дамуы, ғылым мен білімнің интеграциялық сабақтасуы, педагогикалық теорияның қарқынды өсуі, білім үрдісінің әлем кеңістігіне бағытталуы саладағы өзгерістердің негізі болмақ. Еліміздің білім беру үдерісіне енген жаңартылған білім беру бағдарламасы – заман талабына сай келешек ұрпақтың сұранысын қанағаттандыратын тың бағдарлама. Оқытудың парадигмасы өзгерді. Білім берудің мазмұны жаңарып, жаңаша көзқарас пайда болды.
Мектепке дейінгі білім беру – бұл жалпы мәдени, ұлттық құндылықтар негізінде балалардың үйлесімді дамуы, баланы жалпы орта білім берудің бастауыш сатысына дайындау, қоғамдық өмірге белсенді қатысу үшін қажетті жағдайлар жасау, олардың қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында құрылатын білім беру ұйымы. Балабақша – балаларды қоғамда өмір сүруге үйрететін алғашқы әлеуметтік институт. Дәл осы жерде баланың қоршаған адамдармен дербес байланысы жүзеге асады, ол қарым-қатынас жасауды және өзара әрекеттесуді үйренеді.
Қазіргі уақытта ғылыми зерттеулер саласында, білім беру жүйесінде болып жатқан өзгерістер мектепке дейінгі ұйымдардың алдында бала тұлғасын жан-жақты дамыту, баланы жоғары сапалы деңгейде тәрбиелеу міндеттерін қояды. Бұл міндеттерді шешу жаңартылған білім мазмұны арқылы жүзеге аспақ. Білім мазмұнын жаңарту – білім беру бағдарламасының құрылымы мен мазмұнын, оқыту мен тәрбиелеудің әдістері мен тәсілдерін қайта қарастыру. Сондықтан мектепке дейінгі білім беру үрдісінің мазмұны жаңа әдістер мен педагогикалық технологияларды қолданумен ерекшеленеді.
Балабақшада педагогикалық процесті ұйымдастыруда ұлттық құндылықтар және баланың тұлғалық құзыреттілігін дамыту мәселесі негізге алынады. «Денсаулық», «Коммуникация», «Таным», «Шығармашылық», «Әлеумет» атты білім беру бағыттарында инновациялық технологиялар мен ұлттық тәрбие үлгілері кіріктіріліп, заманауи талаптарға сай пайдаланылады. Заманауи тенологиялар мен әдістерді пайдалану балалардың қызығушылығын оятады. Мысалы, «Шығармашылық» білім беру бағыты бойынша балалардың шығармашылық әрекетін ұйымдастыру барысында белсенді әдістерді қолдануға болады. Атап айтсақ, миға шaбуыл, диaлoг, тoптық шығармашылық жұмыс, пaзл, cинквeйн және т.б.
Мектепке дейінгі білім берудің педагогикалық үрдісінде жиі қолданылатын әдістердің бірі – ойын. Ойын – мектепке дейінгі жастағы бала қызметінің жетекші түрі, тиімді әдісі және балалардың сөйлеу белсенділігін ынталандыратын оқыту мен тәрбиелеудің бір түрі. Тілді дамыту отбасында, балабақшада және мектепте әртүрлі пәндердің интеграциялық байланысы негізінде жүзеге асады. Сөйлеу тілі мен сөздік қоры молая бастаған сайын бала айналадағы адамдармен, құрдастарымен белсенді түрде сөздік қатынас жасайды. Баланың тілін дамытуда ойынның маңызы ерекше. Баланың қоршаған ортаны тануы, еңбекке қатынасы, психологиялық ерекшеліктері ойын үстінде қалыптасады. Дидактикалық ойындар арқылы балалар қоршаған ортадағы заттармен танысып, қасиеті мен сапасын ажыратуға, әртүрлі құбылыстардың ерекшеліктерін білуге талпыныс жасайды, өзіне қажетті көптеген мәлімет жинайды және олардың сөздік қоры кеңейеді. Л.Выготскийдің айтуынша, ойын – адамның өмір танымының алғашқы қадамы.
Балабақшада лего-конструктор мектепке дейінгі мекемелер жұмысында жаңа бағыт болып табылады. Бұл – тек қана құрастыру ғана емес, сонымен қатар мектепке дейінгі жастағы балалардың техникалық дағдыларын, ұжымда жұмыс істей алу іскерлігін дамыту құралы. Құрастыру кезінде ұсақ моторикасымен бірге баланың ойлау қабілеті дамиды. Лего арқылы оқыту ойын түрінде жүзеге асады. Құрастырмалар жеңіл болғандықтан оларды кез келген кеңістікте пайдалануға болады. Мәселен, үстел үстінде, кілемшенің үстінде. Бала өзін еркін сезіне отырып, құрастырмаларын жалғыз немесе топпен де, жұппен де құрай алады. Конструкторлар баланың үйлесімді және жан-жақты дамуына көмектеседі. Конструктілеу мен робототехника – жаңа заманауи бағыт. Бұл әрекеттің түрі баланың шығармашылық қабілеттерін дамытады. Конструктордың көмегімен балалар қиялын іске асыра алады, өзінің қайталанбас әлемін құрады, күрделі физикалық және геометриялық заңдарды меңгереді, моториканы, қимылдарды үйлестіруді, көз өлшегіштерді дамыта алады.
Сонымен қатар заманауи әдістердің бірі – aрт-терапия әдісі. Арт-терапия жаттығулары балаға өзінің шығармашылық қабілетін ашуға мүмкіндік береді. Арт-терапия бейнелеу, мүсіндеу, музыка өнерінің элементтерін қолдану арқылы ұйымдастырылады.
Баланың қоршаған ортадағы шынайылықты суреттеуі, мүсіндеуі, құрастыруы бейнелеу өнері арқылы жүзеге асады. Баланың шығармашылық қабілетін дамыту құралы ретінде сурет салуды қарастырып көрейік. Суреттердің тақырыбы әртүрлі болуы мүмкін. Балалар өздері қызыққан суреттерді салады. Педагогикалық процесте балаларды сурет салуға үйретудің әртүрлі әдістері қалыптасқан. Олар былай топтастырылады: құммен сурет салу, бастырма, бір бастырма, нүкте арқылы сурет салу, әртүрлі заттарды пайдалану арқылы далаппен сурет салу, сия тамшысымен сурет салу, жіппен сурет салу және т.б. Мысалы, сәбилер тобында балалар алақанмен, бастырмамен, саусақпен сурет салуды үйренсе, ересек топтарда қағазды екіге бүктеу арқылы, түтікшемен үрлеу, шашырату әдісімен, далаппен салуды және жіпті, жапырақтарды қолданып сурет салуды үйренеді.
Қызықты әдістердің бірі – құммен сурет салу. Бұл – бүгінгі білім беру жүйесінің инновациялық әдістерінің бірі. Құмды алақанымен ұстаған кезде бала белгілі бір шексіздікті сезінеді. Р.Паранюшкиннің айтуынша, құм адам бойындағы жағымсыз энергияны тазартады, адамға позитивті психологиялық ахуал сыйлайды.
Сын тұрғысынан ойлау технологиясы қызығушылықты ояту, мағынаны тану, ой-толғаныс кезеңдерiнен түзiледi. Осы технологияны тәрбиешілер әр сабақтың ерекшелiгiне қарай қолдануына болады: бес жолды өлең, Венн диаграммасы, еркiн жазу, миға шабуыл және т.б. Монтессори әдістемесі балабақшаның педагогикалық процесінің маңызды бөлігіне айналды.
Қорыта айтқанда, мектепке дейінгі кезеңде білім берудің мазмұнын жаңарту – бұл ең алдымен «құзыретті тұлға» ұғымының басты мағынасын ашу, білім беру үдерістерін дұрыс талдау, білім беру сапасын арттыруға мүмкіндік беретін жаңа инновациялық технологияларды қолдана білу.
Ділдайым ҚАЛЫҚҰЛОВА,
«Қарлығаш» балабақшасының жоғары санатты тәрбиешісі
Түркістан облысы,
Түлкібас ауданы,
Састөбе ауылы