Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияға қоршаған ортаға трансшекаралық тұрғыдан жасалатын әсерді бағалау жөніндегі хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды, деп жазады Egemen.kz.
«Бұл құжат еліміз үшін өте маңызды. Осы су бассейініндегі экологиялық әрі биологиялық ресурстарын сақтау мәселесі өзекті. Себебі Каспий теңізінде көмірсутегі шикізатының ірі қоры бар. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында Қазақстан Негіздемелік конвенцияға қатысты бірқатар хаттамаларға қол қойды. Солардың бірі – Каспий маңы мемлекеттері 2018 жылғы 20 шілдедегі Мәскеуде қол қойған қоршаған ортаға әсерді бағалау жөніндегі хаттама», деді Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев.
Аталған құжатты Әзербайжан, Иран, Қазақстан, Ресей және Түрікменстан елдері қабылдаған.
Министрдің айтуынша, хаттаманы реттеуге жататын қызмет түрлеріне: мұнай өңдеу зауыттары, жылу қуаты 300 мегаватт немесе одан жоғары жылу электр станциялары мен басқа да жағу қондырғылары, атом электр станциялары, автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау және кеңейту жатады.
Сонымен қатар конвенция ережелерін іске асыру үшін жаңа Экология кодексінде трансшекаралық экологиялық әсерді реттеу, оларды жүзеге асыру тәртібі, құқықтары мен міндеттері қарастырылған.
Министрдің мәлімдеуінше, қоғамдық тыңдауларда көтерілген мәселелер бойынша түпкілікті шешімді қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган қабылдайды.
«Хаттаманы ратификациялау теріс әлеуметтік-экономикалық, құқықтық, экологиялық салдарға әкеп соқтырмайды. Республикалық бюджеттен қосымша қаржылық шығындарды қажет етпейді», деді ведомство басшысы.