Биылғы қыркүйек айының аяғында Германияда федералды сайлау өтеді. Саяси додаға санаулы күндер қалғанда жүргізілген сауалдама Германиядағы саяси бағыттың өзгеріп бара жатқанын көрсетті.
Бұл сайлау ел үшін маңызды болып тұр. Өйткені сайлауға Ангела Меркель қатыспайды. Оның орнына кім канцлер атанатыны немістерге ғана емес, бүкіл әлем үшін қызық.
Сауалдамаға сүйенсек, қазіргі таңда халық арасында Социалистік-демократиялық партияның (SPD) беделі биік. Оны қолдайтындар саны 25 пайызға жеткен екен. Осы көрсеткішпен SPD қазір топ бастап тұр. Алда-жалда сайлау дәл бүгін өте қалса, жеңімпаз осы партия атанатыны сөзсіз.
Сондықтан шығар, қазіргі канцлер Ангела Меркель халықты өз партиясы Христиан-демократиялық партиясына дауыс беруге шақырды. Сонда ғана партияның жетекшісі Армин Лашетті жаңа бундесбасшы ретінде тағайындауға жол ашылмақ.
«Дауыс берушілер алдында үлкен таңдау тұр. SPD мен Жасылдардан құралған үкімет. Олар Солшылдардың қолдауын иеленбек немесе оларды мақұлдайды. Немесе канцлер Армин Лашет бастаған CDU және CSU партияларының үкіметі. Бұл біздің елді жарқын келешекке бастайды», деп мәлімдеді А.Меркель.
Канцлердің солшылдарды тілге тиек етуі бекер емес. Өйткені олар қазіргі биліктегі көпшілік дауысқа ие Христиан-демократиялық партиясының оппозициясы саналады.
Кейінгі уақытта CDU-дің басынан бақ тая бастады. Партияның жетекшісі әрі Меркельдің ізбасары болып Армин Лашет сайланған еді. Алайда оның ел ішіндегі беделі жоғары емес. Коронавирус індеті жаппай тарағанға дейін ол туралы ел ішінде жылы пікір қалыптасқан-тұғын. Бірақ пандемия бәрін өзгертіп кетті. Мәселен, Лашет басшылық еткен Солтүстік Рин-Вестфалия өңірі вирустан қатты зардап шекті. Аймақта дертке шалдыққандар саны күн санап артып жатқан кезде Лашет локдаун енгізуге асыққан жоқ.
Оның үстіне, алғашқылардың бірі болып карантиндік шектеу шараларын жеңілдетуге кірісті. Осылайша, әп-сәтте тұрғындардың наразылығына ұшырады. Биылғы шілдеде Еуропада су тасқыны болып, біраз ел зардап шегіп, мыңдаған адам қайтыс болғаны белгілі. Германияда шамамен 177 адам қаза тапты. Осы оқиғадан кейін президент Франк-Вальтер Штайнмайер бастаған билік өкілдері су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге барған-ды.
Көңіл күйі жоқ президент журналистерге сұхбат беріп жатқанда, артқы жағында Лашеттің әріптесімен әзілдесіп, күліп тұрғаны бейнежазбаға түсіп қалды. Содан кейін немістер оны сынға алып, ел қайғырып жатқанда күлгенін айыптады. Көп ұзамай-ақ Лашет кешірім сұрады. Бірақ қайғыдан қабырғасы қайысқан халыққа бұл әсер ете қойған жоқ.
Жығылғанға жұдырық демекші, бұған дейінгі сауалдамаларда Жасылдар партиясы озық шығып, саяси элитаны бір дүр сілкінткен еді. Енді Социалистік-демократиялық партия алдағы сайлауда жеңістен дәмелі.
Оның үстіне, SPD атынан саяси додаға түсіп жатқан Олаф Шольцтің халық арасында беделі жоғары. Қазіргі таңда ол Германияның вице-канцлері, қаржы министрі қызметін атқарады. Егер Меркельдің сөзі немістердің пікірін өзгерте алмаса, онда Социалистік-демократиялық партияның жеңісі уақыт еншісіндегі шаруа.
Алда-жалда SPD жеңіске жете қалса, партияның алдында екі жол бар. Жасылдар мен Еркін демократтар (FDP) партияларымен коалиция құру. Немесе Жасылдар мен Солшылдармен тізе қосу. Екі жағдайда да Социалистік-демократиялық партия бүгінге дейін Парламентте көпшілік орынға ие болып келген CDU-дан ауылын алыс қондырады.
Қазіргі таңда Бундестагты CDU мен SPD коалициясы басқарып келгені белгілі. Ендеше, алдағы сайлау Ангела Меркельдің кетуімен ғана емес, билеуші коалицияның өзгеруімен де есте қалмақ.