Біздің өңірде тарихи орындары мен айтулы тұлғалары өте көп танылған екі аудан бар. Оның бірі – Қожаберген жырау, Сегіз Сері, Есеней сұлтан, Ұлпан ана, Тоқсан би, бертін қазақ әдебиетінің заңғар жазушылары Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Сафуан Шаймерденов қазақстандық атақты орыс жазушысы Иван Шуховты және осыларды туғызған «Гүлтөбе-Маманай», «Елтінжал» сияқты қасиетті тарихи жерлері бар Жамбыл ауданы.
Ал екіншісі Ақан Сері, Үкілі Ыбырай, Шыңғыс төре мен оның баласы – қазақтың еуропалық үлгідегі тұңғыш ғалымы Шоқан Уәлихановтың кіндік қаны тамған, Айғаным қонысы, «Қарасай мен Ағынтай» батырлардың кесенесі, «Ботай мәдениетінің» ошақтары орналасқан Айыртау ауданы. Алайда екеуінің арасы бір-бірінен шалғай, облыстың екі жақ шетінде жатыр. Сондықтан экспедицияны ұйымдастырушы «Егемен» және «Казправда» газеттерінің меншікті тілшілері көп ойланып, Айыртау ауданына сапарға шығуды жөн деп таптық. Өйткені мұндағы «Ботай мәдениеті» мен «Имантау-Шалқар» курортты-демалыс аймағын қосқанда өңірдің туристік әлеуеті жоғары. Біздің бір мақсатымыз еліміздің туризм саласының дамуын насихаттау болғандықтан осы бағыттың бәсі арта берді. Сонымен құрамында осы жолдардың авторынан басқа «Казахстанская правда» газетінің меншікті тілшісі Әлия Иқанбаева, облыстық «Солтүстік Қазақстан газеті» бас редакторының орынбасары Сағындық Мауғазин, «Северный Казахстан» газетінің қызметкері Марина Глазьева, фотограф Вадим Мударисов, облыстық музейдің ғылыми қызметкері Ғалия Бердіғұлова болған экспедиция таңғы сағат жетіде жолға шықтық.
«Ауылым қонған Сырымбет саласына...»
Айыртау ауданының орталығы – Саумалкөл ауылы Қызылжардан 250 шақырым жерде. Жолда Үкілі Ыбырайдың, Ақан Серінің ауылдарынан өттік. Құнары мол, құйқасы қалың бұл аймаққа сырттан көшіп келушілер ежелден көп болған. Сондықтан елді мекендердің көбінің атаулары Антоновка, Лавровка, Кутузовка болып орысша жалғаса береді. Саумалкөлдің бұрынғы атауы да 1997 жылға дейін Володаровка болған. Ол төңкеріс белсендісі, қызыл комиссарлардың бірі Иван Володарскийдің құрметіне қойылған. Тек еліміз Тәуелсіздігін алған соң ғана онамастиканың талабы ескеріліп, ауылға ежелгі «Саумалкөл» деген қазақы атауы берілген. Қазір бұл қоныс облыстағы ауылдардың арасындағы үлкендерінің бірі. Ондағы тұрғындар саны он мың адамға жуық.
Ауыл шетінде бізді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Анар Шалабаева қарсы алып, әкімдікке қарай бастады. Бізді ауданның жаңадан тағайындалған әкімі Ерболат Бекшенев қабылдады. Қабылдаудан соң біз келісілген жоспарымыз бойынша Шоқан Уәлихановтың туып-өскен мекені Сырымбет ауылына сапар шектік.
Сырымбет тауы ежелден ел аузына ілінген атақты мекен. Қазақтың заңғар жазушысы Сәбит Мұқанов өзінің «Өмір мектебі» кітабында Сырымбет тауын бабасы Қосайға Абылай хан бір ерлігі үшін сыйға бергенін айтады. Өзіне бұл әңгімені айтып отырған Жабай қартқа Сәбит аталарының неге көшіп кеткенін сұрағанда ақсақал: «Абылай өлген соң орнына үлкен баласы Уәлі хан болды ғой. Уәлі сол Сырымбет тауына қызығады да сенің аталарыңды күшпен қуып жіберіп, өзі сонда мекендейді...», дейді. (С.Мұқанов., «Өмір мектебі», ТШ, 10 том, А-ты., 1976 ж., 150 б.).
Сырымбет ауылы мен одан үш шақырым жердегі Айғаным қонысы қазақ тарихы үшін ұлы жазушы Л.Толстойдың «Ясная полянасынан» кем емес. Өйткені онда қазақтың 30 жыл ғана өмір сүрсе де өз есімін айдай әлемге танытқан ұлы ғалымы, ұлттық мақтанышы – Шоқан Уәлиханов дүниеге келген. Шетелдік туристерге мақтанышпен көрсетуге лайық, құндылығы аса жоғары нысандардың бірі де осы. Алайда...
Алайда оған жеткізетін 30 шақырымдық жолдың сапасы – жердің киесі болғанымен иесі жоқ екенін көрсеткендей. Әбден ойылып, шұңқыр-шұңқыр болып қалған жолдар көліктің де, адамның да зықысын шығарады. Көптен жөндеу көрмеген оны «мынау біздің ұлы тұлғамызға апаратын жол» деп біреуге көрсету ұят-ақ...
Сырымбет тауының етегіндегі Құмдыкөл, Жетікөл, Сұлукөл, Ақбас деген төрт көлдің ортасына түскен бұл ауылдың табиғаты айрықша әсем. Ауылдағы ең көрнекті орын – Ш.Уәлихановтың тарихи-этнографиялық музейі екен. Музейді бізге оның директоры Уәлихан Құлбаев бастаған қызметкерлер таныстырды. Бұл кісінің өзі де Шоқанның Құлбай деген інісінің тікелей ұрпағы екен. Жетісуда, Тезек төренің ауылында өмірден өткен Шоқанның артында қалған жесірі Айсараны марқұмның хатқа жазған өсиеті бойынша елге әкеліп, әмеңгерлік жолмен үйленген інісі Жақып төре екенін де сол айтты.
1929 жылы салынған ағаш ғимарат әлі де саңғырлап тұр. Оның материалдарын кезінде қызыл белсенділер қазіргі «Айғаным қонысы» деп аталған төре ауылынан алып, Сырымбетке мектеп ретінде салған екен. Музейдің 6 залындағы экспозициясында 6 530 экспонат бар көрінеді. Бәрі де ұлы ғалымның өмірі мен еңбектерінен, замандастары мен аса көрнекті орыс, неміс ғалымдары, саяхатшылары, тарихшыларымен қатынасынан және туған-туыстарының өмірінен сыр шертеді. Ғимараттың қас бетінде Шоқанның ертеректе құйылған ескерткіші орын алыпты.
Музейден кейін Сырымбет ауылынан үш шақырым жердегі Айғаным қонысына сапар шектік. «Бұл ауылдың ең бір шұрайлы жердің иесі екенін манадан көріп келеміз. Қалың қара қыртысты, ат шашасынан келетін қалың бозды жер байлықты айтып бусанып жатыр. Алыстан орағытқан қайыңды ормандар осы жердің күннен, желден қорғайтын қорғаны сияқты. Құм-қайраң күміс көлдер кемерін кере, кең толқып, толып жатқан әңгіме шертетіндей сезіледі», деп суреттелетін Ғабит Мүсіреповтің атақты «Этнографиялық әңгімесіндегі» төре ауылына қатты ұқсайды екен. Бәлки, жазушы да Бурабай орман шаруашылығы техникумында директор болып жүргенде Айғаным ауылына барған шығар-ау... Бірақ мұнда қалың бозды тау етегі айтылмапты. Ал осынау тамаша жерді Айғаным өзі таңдап, алғаш қыстау салдырған екен.
Айғаным Сарғалдаққызы (1783-1853 жж.) XIX ғасырдағы қазақ әйелдерінен шыққан қоғам қайраткері. Абылай ханның келіні, Уәли ханның кіші әйелі, Шоқан Уәлихановтың әжесі. Ханның ставкасы болған Бурабайдағы бәйбішелердің қасында болмай осы қонысқа көшіп келген. Шежіреге қарағанда жеті ұл туған. Өзі араб, парсы, шағатай, орыс тілдерін меңгерген. Кейін осы жерге патшаның бұйрығымен орыс дворяндарының усадьбасы тектес қылып ағаштан үйлер салынады. Оған 12 бөлмелі тұрғын үй, мешіт, монша, кеңсе, шаруашылық үйі, жел диірмен енген. Осы мекенде, Айғанымның үлкен ұлы Шыңғыстың отбасында 1835 жылы Шоқан өмірге келген. Бала Шоқанның қалыптасуы мен ой-санасының жетілуіне әжесінің тәрбиесі көп әсер еткен. Үйіне Сегіз Сері (шын есімі Мұхамед-Қанапия) қонақ болып жатқан күні өмірге келген баласына Шыңғыс сұлтан оның атын берген екен, алайда әжесі Айғаным шоқиып, үй алдындағы биік төбеде көп отыратынына қарап, оның есімін «Шоқан» деп бұрып жібереді.
Айғаным күйеуі Уәли хан өмірден озғаннан кейін ел тізгінін ұстап, Шыңғыс жетілгенше ханның міндетін атқарған. Осы кездерде ол Сыртқы істер министрлігінің азиялық департаментімен және Петербургтегі Сібір комитетімен хат жазысып, байланыста болған. Академик Әлкей Марғұлан Айғаным жазбаларының саны 100-ден асатынын ашқан. 1828 жылы Айғаным Батыс Сібірді риквизициялауға Қызылжар қаласына келген сенат өкілдерімен кездесіп, жергілікті халықтың талап-тілектері жазылған хатты олар арқылы патшаға жіберген.
Отызыншы жылдардың ойранында қызылдар Айғанымның қонысын түк қалдырмай бұзып, жоғарыда айтқанымыздай, құрылыс материалдарын «Казгородок» деп аталған қазіргі Сырымбет ауылына тасып алып, мектеп, интернат, атқора және т.б. құрылыстар салған.
Айғаным қонысындағы үйлерді қалпына келтіруге 1988 жылғы қазба жұмыстарында табылған іргетастар айғақ болады. Сонымен бірге Шоқанның өзінің салған суреттері және қайтыс болғаннан кейін көңіл айтуға келген орыс офицерінің усадьбаны суреттеп жазған дерегі негіз болады. 1993 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен «Айғаным қонысы» толығымен қалпына келтіріліп, оның ашылу салтанатына Қазақстан Президенті Н.Назарбаевпен бірге Өзбекстан мен Қырғызстанның сол кездегі Президенттері И.Каримов пен А.Ақаев қатысқан.
Осы қоныстың алдында «Атамекен» экспедициясына қатысушыларды Сырымбеттің мәдениет үйіндегі «Әжелер ансамблі» мен «Ажар» ән-би ансамблінің мүшелері бауырсағы, құрт-майын ұсынып қарсы алды.
Айғаным қонысының сырты ғана емес, ішіндегі дүниелері де таңғаларлық. Онда осы өңірдегі ХІХ ғасырға тән тұрмыстық, салттық, киім-кешек бұйымдарымен қатар ұстанған құрал-жабдықтар мен қару-жарақтар да көп жиналыпты. Біз сырттан Шоқанның шоқиып, ауылға қарап көп отыратын төбесін де іздедік. Оны да тарихшылар мен өлкетанушылар жобалап тапқан екен. Ұлы адамның отырған жеріне біз де тәу еттік. Сөйтіп, Сырымбет, Шоқан музейі, Айғаным қонысы алабын артқа тастап, Қарасай мен Ағынтай батырлардың кесенесіне жол тарттық.
Қарасай-Ағынтай кесенесі
Қазақ халқының біртұтас болып, ортақ жауға бірігіп шапқанының символындай болған Шапырашты Қарасай мен Арғын Ағынтай батырлардың достығын айғақтаған бұл мемориалдық кешен ұлтымыздың берік ұстынын айғақтап тұрған ерекше ескерткіш. Оның барлық нышандық мәнін кешеннің директоры, кесененің шырақшысы Сәмеддин Омаров жалғыз кірпішіне дейін қалдырмай, ұзақ әңгімелеп берді. Қызыл кірпішпен өрілген кесененің биіктігі 16 метр. Екі батырдың қабірлері екі күмбездің астында, екі бөлек. Бірақ күмбездер ішінен қосылып, жалғасып тұр. Ішкі интерьерді әрлеуге керамикалық кірпіш, Күрті және Қордай граниті қолданылған. Кесененің кіреберісі мен апаратын жолдың бәрі өрнек тастармен тегістелген.
Қарасай мен Ағынтай Орбұлақ шайқасында Салқам Жәңгірдің атақты 600 сарбазының ішінде болған қандыкөйлек достар. Ақыры екеуінің бұл жалғандағы соңғы мекендері де бір жерден болған. Қарасай батыр досын сағынып, іздеп келгенде осы жақта дүниеден өтіп, өзін осында жерлеуді өсиеттеген. Қазір екеуінің басына келіп медет сұрайтын жандар да бар екен. Шырақшының айтуына қарағанда, олардың талайына Алла жәрдем беріп, тілектерін қабыл етіпті.
Кешен биік жерде болғанымен, ойпаң жер арқылы келетін жолды қыс кезінде қалың қар басып қалады екен. «Әттең, бізде бір трактор болмай тұр, қалың қарда көліктерімізді айдалаға тастап кетуге мәжбүр боламыз. Осы мәселені шешіп берсе, қалғанын өзіміз-ақ істер едік», дейді ол.
Ботай қонысы...
Осыдан кейінгі біздің сапарымыз атақты «Ботай қонысына» жалғасты. Шу дегеннен протоқазақтардың (5,5 мың жыл бұрынғы) осы жерде дүние жүзі бойынша алғаш рет асау, жабайы жылқыларды құрықтап, өздерінің пайдасына үйретуі, көлік қылып мініп, етін жеп, қымызын ішуді бастағаны адамға көп ой салады. Оны алғаш рет қазақстандық археолог Виктор Зайберт 1983 жылы ашып, қазір бүкіл әлем мойындады. 1995 жылы осы жерде әлемнің 16 елінен 80-нен артық ғалым қатысқан «Еуразияның жылқыны тұңғыш пайдаланушылары» атты симпозиум өткізілген.
Қазір қазба жұмыстары басқа қырға шыққан. Енді осы Ботай қонысындағы адамдардың тұрағы, өмір сүру салтын қалпына келтіру жұмыстары қолға алынған екен. Дронмен түсірілген фотосуреттерге қарағанда жай жердің шөбі жұқалтаң өседі, ал протоқазақтардың мекен-қоныстары тұрған жердің бозы қалың, айналасы дөңгелек болып келеді. Бұл – арғы бабаларымыз тұрақ салған жердің топырағы борпылдақ, жұмсақ, оған су көбірек сіңгендіктен құнарлы екендігін білдіреді. Шынымен, осындай жерлерді қазғанда бұрынғы тұрақтар, артефактар көп табылған. Ботай қонысынан осындай 800-ге жуық тұрақ табылған. Мәдениет және спорт министрлігі археологтердің алдына осындай тұрақтарды қалпына келтіру жобасын іске асыруды міндеттеп отыр. Қазір В.Зайберт бастаған археологиялық экспедиция сондай жұмыстарды іске асыруда. Жобаның ғылыми қызметкері Ернар Естемесовтің айтуына қарағанда әзірге бір тұрақ қалпына келтіріліпті. Ағаштан кертелеп қиюластырылған шошала секілді бұл тұрақтың жартысы жерге кіріп тұр. Еден орнына жылқының қылы араластырылған лай сәкі төселген. Бір қызығы, іргелерге құйылған лайға да жылқының сүйегі араластырылған. Біз артефактарды тазалап, зертханаға жіберетін базаларын аралап көрдік. Қазба жұмыстарына жергілікті тұрғындардан 11 адам тартылыпты.
Ботайға деген қызығушылық жыл сайын артуда. Оған алыс және жақын шетелдерден туристер көп келеді. Туризмді дамыту мақсатында «Ботай» табиғи-археологиялық ескерткіш-кешенінің бас жоспары әзірленген. Оның құрамына қонақ үй ғимараттарын салу, тилинг макеттері, көрмелер, протоқазақтардың тұрақтары мен шаруашылықтары, атпен сейілдеу және т.б. ұйымдастырулары енгізілген.
Курорт аймағы
Ауданның туристік әлеуетін арттыруда «Имантау-Шалқардың» атқаратын рөлі зор. Қатар жатқан бұл көлдердің әрқайсысы – адамға жайлы демалыс орындары. Әсіресе, биылғы ыстықта оларға келушілер саны еселеп артқан. Соның ішінде Ресейден келгендер айлап жатып, қайың мен қарағай қатар өскен қалың ормандардан жеміс-жидек пен саңырауқұлақты да керегінше теріп алып, аттанады екен...
Шалқардың суы тұзды, емдік қасиеттері де жоғары. Жалпы, аумағы 35 шаршы шақырым болатын оның жағасында 20 демалыс орны орналасқан. Ал Имантау көлінің көлемі 49 шаршы шақырым. Оның жағасында 11 демалыс орны бар.
«Атамекен» экспедициясының қатысушылары көлдің жағасын қызықтап, оның болашақтағы туристік мүмкіндігі зор екендігіне көздерін жеткізді. Сонымен Солтүстік Қазақстан облысындағы «Атамекен» экспедициясының сапары аяқталды.