БҰҰ Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісінің кеңсесі мен ҚР Сыртқы істер министрлігі «Семей ядролық полигонының жабылғанына 30 жыл: жаһандық дамуға, бейбітшілік пен қауіпсіздікке әсер» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Іс-шараға Қазақстанның саяси және қоғам қайраткерлері, Қазақстанда аккредиттелген дипломатиялық корпус пен халықаралық ұйымдардың өкілдері, сарапшылар мен жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.
Сынақ полигоны жабылуының мерейтойымен қатар, іс-шара Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ туралы шартқа (ОАЯҚААШ) қол қойылуының 15 жылдығына арналды.
БҰҰ Тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори өзінің сөзінде Қазақстанның ядролық қарусыздану мен таратпау саласындағы маңызды рөлін атап өтіп, Семей полигонының жабылуы жаһандық антиядролық қозғалыстың дамуының маңызды кезеңі және Қазақстан ядролық қаруды таратпауда көпшілікке үлгі болғанын атап өтті.
ҚР Сыртқы істер министрлігі Халықаралық қауіпсіздік департаментінің директоры Қайрат Саржанов тәуелсіздіктің таңында Семей полигоны жабылуының үлкен саяси маңыздылығын атап өтті және еліміздің аймақтық және жаһандық ауқымда бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар бастамаларына тоқталды.
«БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясында сөйлеген сөзінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу Қазақстан үшін басты басымдық болып қала берді және ядролық қаруды жою жолындағы жаһандық қозғалыстың алдыңғы шебінде болуға моральдық құқық бере отырып, қазақ халқының жалпыұлттық біртектігінің ажырамас бөлігіне айналды», деді дипломат.
Бұрынғы Сыртқы істер министрі Ақмарал Арыстанбекова өз сөзінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен Семей ядролық полигонын жапқан Қазақстанның тарихи үлесі, кейін ЯҚТШ-ға ядролық емес мемлекет ретінде қосылуы және ядролық қарудан өз еркімен бас тартуы туралы айтып, Қазақстанның БҰҰ-дағы тұңғыш Тұрақты өкілі ретінде ол жылдар бойы әлем қауымдастығының жаңа тәуелсіз мемлекетімізге көрсетілген лайықты құрмет пен сеніміне куәгер болғанын мәлімделі.
Мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат Олжас Сүлейменовтің әлемдегі бірінші ядролық қаруға қарсы «Невада-Семей» қозғалысының құрылу тарихы туралы сөздері жиынға қатысушылардың үлкен қызығушылығын тудырды.
Дөңгелек үстел аясында қатысушыларға Семей полигонындағы ядролық сынақтардың зардаптарына арналған тақырыптық бейнеролик көрсетілді.