Атырау облысында 3 жасар қыз бен 6 жасар бала суға батып кетті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Облыстық төтенше жағдай департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқыс оқиға 5 қыркүйекте Құрманғазы ауданында болған. Күндізгі сағат 13:28-де Құрманғазы ауданындағы №7 өрт сөндіру бөліміне Шарон өзеніне 3 жасар қыз бен 6 жасар бала батып кеткені туралы хабар түскен.
Құтқарушылар оқиға орнына жеткен кезде балалардың үлкендердің қарауынсыз су айдынына келгенін анықтады.
«Жергілікті тұрғындар сағат 13:40-та 3 жасар қыздың денесін судан шығарды. Ал, сағат 16:07-де суға батып кеткен баланы іздестіруге жедел-құтқару жасағының сүңгуірлерімен бірге 25 полицей мен жергілікті 70 тұрғын жұмылдырылды», деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Сол күні сағат 19:23-те 6 жасар баланың денесі табылды.