Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2021 жылдың 1 қыркүйегінде Қазақстан халқына «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» Жолдауы ұстаздар қауымының шешімін көптен күткен мәселелерінің түйінін ашып көрсетті.
Соңғы жылдары елді жайлаған індеттің білім беру сапасына кері әсерін тигізгені баршаға аян. Қашықтан оқыту үрдісі отандық білім беру саласының кемшін тұстарын айқындап берді: ыңғайланған онлайн-платформаның болмауы, ата-аналардың оқушыларды қашықтан білім алу құрылғыларымен қамтамасыз ету мүмкіндігінің мардымсыздығы, ғаламтор желісінің тұрақсыздығы, сайып келгенде, оқу үдерісінің толыққанды ұйымдастырылуына кедергі келтіріп, білім сапасының төмендеуіне әкеліп соқтырды.
2021-2022 оқу жылы Нұр-Сұлтан қаласының кәсіптік-техникалық білім беру мекемелерінде білім алудың қалыптасқан дәстүрлі тәсіліне қайта көшу арқылы басталғаны – студенттер мен оқытушылар, ата-аналар қауымы үшін үлкен қуаныш. Сапалы білім алу үшін әдеттегідей сабаққа тікелей қатысып, оқытушылармен және топтағы басқа студенттермен араласудың маңызы зор екені айтпаса да түсінікті.
Қазіргі таңда кәсіби білім беру жүйесі еңбек нарығында сұранысқа ие білікті мамандар қалыптастыруға бағытталуда. 2021-2022 оқу жылынан бастап барлық кәсіби білім беру жүйесінде орын алып отырған түбегейлі өзгерістердің бірі – оқытудың кредиттік технологиясын оқу процесіне енгізу. Аталған технологияның басты міндеттері – оқу үдерісіне қатысушылардың арасында өзара ынтымақтастық қарым-қатынасының орнауы, әр студенттің өзіндік жұмысын жоғары деңгейге көтеріп, ақпараттандыруды кең пайдаланып, студенттердің шығармашылық деңгейін кеңінен қолдануына жағдай туғызу, қолжетімді әрі сапалы білім беру арқылы болашақ кәсіпкерлердің жаңа буынын қалыптастыруға ұмтылу.
Біз, Қазақстандық Швейцария-Америка колледжінің педагогикалық ұжымы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың өз Жолдауында көрсеткен барлық бастамаларды толық қолдаймыз.
Гүл ЖАНАЕВА,
Қазақстандық Швейцария-Америка колледжінің директоры